Сәрсенбі, 29 мамыр, 14:32

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Сыр бойы» – үздік өңірлік БАҚ

23.09.2023

276

0

Кеше Елордада өткен  баспа, радио, интернет журналистика саласындағы «Urker – 2023 ұлттық сыйлығының «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымына табысталды. Сөйтіп алда келе жатқан 2024 жылы жарық көргеніне 95 жыл толатын аймақтың ата басылымының мерейі үстем болды.

Айта кетейік, үздіктер он екі номинация бойынша анықталды. Биыл медиа саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандары үшін жаңа номинация қосылды. Олар – «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube каналы». Байқауға баспа, радио, интернет журналистика саласында қызмет етіп жүрген журналистерден барлығы 450 өтінім, солардың ішінде ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ» «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түскен екен. Үздік жұмыстарды құрамында беделді журналистер, медиа менеджерлер бар қазылар алқасы анықтаған.

Сонымен кәсіби мамандар үшін шабыт пен мүмкіндіктің қайнар көзіндей болған ұлттық сыйлықтың биылғы иегерлерінің қатарында «Жылдың  үздік сұхбаты» Ләйла Тастанова («Time kz»), «Жылдың үздік репортажы» Рабиға Дүйсенқұлова («Tengrinews.kz»), «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» Амангүл Тілейқызы («El.kz»), «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» (С.Бердіқұлов атындағы арнайы номинация) Анна Величко («Golos-naroda.kz»), «Жылдың үздік аналитикалық материалы» Меруерт Сәрсенова («Kapital.kz»), «Үздік халықаралық БАҚ» «Қазақ елі» журналы (Түркия), «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» Nege.kz, «Радиостанциядағы үздік жоба» Orda FM, «Zhas STAR» бағдарламасы, «Үздік подкаст» «OY DETOX»  Әйнел Әмірхан, «Үздік YouTube каналы» Абай Сейфоллаұлы («Abay Live»), «Қазақ газетінің 110 жылдығына» арнайы тағайындалған жүлде «Ана тілі» газетінің ұжымына берілді.

Осындай үздіктер қатарында «Үздік өңірлік БАҚ» аталымы бойынша «Сыр бойы» басылымының кәсіби ортада жоғары бағалануы  ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, интернет журналистика алға шыққан кезде байсалды да байыпты ұстаныммен ақпаратты сұрыптап, сараптап ұсынып отырған редакция ұжымының еңбегінің жемісі деп санаймыз.

Әріптестер мен қадірлі оқырман қауымын құттықтаймыз. Үркер жұлдызымыз жарқырай берсін!

* * *

Астанадан ақжолтай жаңалық жетісімен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Сыр бойы» газетін «URKER-2023» ұлттық сыйлығын иеленуімен құттықтады. «Сыр бойының» сыйлығы – журналистердің ортақ жеңісі» деп, басылымның  «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын алу Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына  тамаша тарту болғанын атап өтті.   

«Заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік» дегеніндей, сөзі сұңғыла, жанрлық ерекшелігі әрқилы, безендірудің көркемдік деңгейі жоғары басылымның оқырманға берері көп. Келесі жылы «Сыр бойы» газеті өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл сыйлық – мерейтой алдындағы мүмкіндіктің мезіреті. Ал, бүгінгі жеңіс – «Сыр бойы» газеті ұжымының қажырлы еңбегінің жемісі және Сыр өңіріндегі барлық баспасөз өкілдерінің ортақ қуанышы. Құтты болсын, қаламгер-журналистер!» делінген жазбада.

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз: