Жұма, 12 сәуiр, 20:21

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордада бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешені салынуда

06.03.2024

176

0

Қызылордада бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешені салынуда

Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр самалы» деп аталатын бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешенінің ресми таныстырылымы өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жобаның құны – 9,7 млрд теңге, «Altyn land» ЖШС құрылысты былтыр бастаған, 2025 жылы аяқтайды деп жоспарлануда. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы – 27 мың шаршы метр, оның ішінде коммерциялық ауданы – 5 мың шаршы метр, жерасты тұрағында көлікке арналған 112 орын қарастырылған.

Аймақ басшысы құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға тоқталып, жаңа кешен тұрғындарға жайлы баспана болатынына сенім білдірді.

«Халықты баспанамен қамту – еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Жарасымды істің жалғасы ретінде жақын күндері салтанаты мен сәні келіскен тағы бірнеше нысанның құрылысы басталмақ. «Сыр самалы» тұрғын үй кешені қаламызға ерекше көрік беретін ғимараттардың бірі болары сөзсіз. Жобаларыңызға сәттілік тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кету керек, биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады. Қызылорда қаласында 1544, аудандарда 346 пәтер, оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады.

Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-інің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды.

Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталады.

Кәсіпкер және меценат Болат Өтемұратовтың қоры есебінен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып, жақын күндері ел игілігіне айналады деп күтілуде.

Осы кезге дейін қалада бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.

Өткен жылы «Отбасы орталығы» өз қызметін бастаса, жуырда 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Оған қоса сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Инвесторлар қолдауымен 37 млрд 600 млн теңгенің жобалары іске асуда.

«Сыр самалы» тұрғын үй кешенін ресми таныстыру рәсімі мерекелік концертпен аяқталды. Отандық эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова мен Серік Ибрагимов жиналғандарға ән шашуын арнады.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: