Жексенбі, 15 желтоқсан, 00:59

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қызылордадағы жаңа нысандарды аралады

25.11.2023

226

0

vice-ministr_qyzylordada

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин  ведомство өкілдері, барлық облыс әкімдерінің құрылыс саласына жауапты орынбасарлары, басқарма басшыларымен бірге облыс орталығындағы құрылыс  алаңдарын аралады.

Алдымен вице-министр сол жағалаудағы жаңа автовокзалға барды. Құрылысына 975 млн теңге бөлінген заманауи үлгідегі автовокзалда жолаушыларға  қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ғимаратта тек жолаушылардың күту залы ғана емес, сонымен қатар ірі сауда және қоғамдық тамақтандыру орындары, автокөлік жөндеу цехтары жұмыс істейді. Пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты ашылады.

Мұнан әрі Тимур Қарағойшин  «Ер-Ару» тұрғын үй кешенін көрді. Қала орталығында орналасқан кешен жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жаңа көпқабатты үйдегі кең әрі жайлы пәтерлер 30 отбасына табысталады.
Әрі қарай Тимур Жиенбайұлы  Абай даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда 4 автотұрақ, 8 демалыс орны, 4 ойын, спорт және футбол алаңы салынған.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының  патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету  бастамасын,  «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуін кәсіпкерлер қолдады. Демеушілер есебінен 37 млрд теңге қаржы тартылды. Бұл қаражатқа әуежайдың жаңа терминалы, бірнеше әлеуметтік нысан, демалыс саябақтары, спорт-ойын алаңдары салынып, көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылды. Оған қоса құрылыс, жол компаниялары және кәсіпкерлердің қолдауымен 3,3 млрд. теңгеге 630 жобаға құжаттама әзірленді.

Министрдің орынбасары жақында ашылған «Анаға тағзым» орталығына аялдады. Бұл нысан да белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынды. Орталықта жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтар дәріптеледі,  әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мүмкіндік беріледі.   
Мұнан әрі вице-министр облыс орталығындағы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйге барды. «Асар» ЖШС салған 80 пәтерлі үй құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ.

Сапар соңында Тимур Қарағойшин Өнер орталығының құрылысымен танысты. Өткен жылдың тамыз айында Қызылорда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық орталықтың құрылысы басталған еді. Онда өнер иелерінің, шығармашылық ұжымдардың ұлттық, академиялық, симфониялық және эстрадалық бағыттағы концерттері, түрлі форматтағы қоғамдық және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіледі. Нысан алдағы желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Іссапар қорытындысымен вице-министр Қызылорда облысының құрылыс және абаттандыру жұмыстарындағы оң тәжірибесін жоғары бағалап, оның басқа өңірлерде қолданылатынын жеткізді.

«Өңірдегі «Қазақстан — халқына» қорының қаражаты есебінен сатып алынған екі пәтерлік тұрғын үйлерді көрдік. Бұл — өте тиімді бағдарлама, өйткені бұрынғыдай құжат әзірлеп, конкурс жариялап, ақша бөлінгенін күтудің қажеті жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер өз қаржысына сапалы баспана салып, мемлекет оны кезекте тұрған азаматтар үшін сатып алады. Айта кету керек, тұрғын үйдің 40 пайызы аудандарға тиесілі. Кеше аралап көрдік, жайлы әрі сапалы екі пәтерлік үйлер салынған, тұрғындар өте риза.  Мемлекет басшысы тапсырма бергендей, ауылдық елді мекендерді дамытып, онда жаңа жұмыс орындары құрылады. Келер жылы бұл бастама барлық өңірлерде жалғасын таппақ. Жергілікті құрылысшылар да қолдау білдіруде», — деді ол.

Еске салсақ, вице-министр жұмыс сапарының алғашқы күні Шиелі ауданында салынған мектеп  пен тұрғын үйлерді аралады. Облыс әкімінің қолдауымен құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты — Қызылорданың құрылыс саласындағы тәжірибесімен танысып, Мемлекет басшысы бастамаларының өңірде іске асырылуын өзге аймақтарға үлгі ретінде көрсету.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика