Сәрсенбі, 29 мамыр, 13:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қалжан ахун ауылына табиғи газ қосылды

06.11.2023

144

0

kaljan_ahun_gaz

Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қалжан ахун ауылын табиғи газға қосу рәсіміне қатысты.

«Баршаңызды бірлігі бекем, тірлігі берекелі Қалжан ахун ауылының «көгілдір отынға» қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл тұрғындардың көптен бергі арманы еді. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Сырдария ауданының бюджеті 10,3 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда.

Облысты газдандыру жоспарының нәтижесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізу жұмыстары басталды, бұл – 40 мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін көреді деген сөз. Осылайша өңірде газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі. Келесі жылы да бұл жұмыстар жалғасады. Республикалық бюджеттен 12 млрд. теңгеге 12 ауылға «көгілдір отын» кіргізу жобалары қолдау тапты. Алдағы жылы осы ауданның А.Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин ауылдарына газ жүргізетін боламыз.

Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» көптің игілігіне айналып, тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсер етеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Рәсімнен кейін облыс әкімі табиғи газ игілігін көрген үйге кіріп, үй иесіне ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, биыл Сырдария ауданында бірқатар маңызды жоба қолға алынуда. Өңірде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құны 98 млрд теңге болатын 21 мектеп құрылысы жүргізілсе, оның біреуі Сырдария ауданында салынбақ.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Нағи Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Келер жылы 7 ауданда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салынады. Осындай орталықтың алғашқысы Сырдария ауданында бой көтермек. Бұдан бөлек, Бесарық ауылында құны 218 млн. теңге болатын спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Аудандағы автомобиль жолдарын жақсартуға былтыр және биыл 2,3 млрд теңге бөлініп, 60 шақырым жол жөнделді. Амангелді, Жетікөл, Айдарлы және Қоғалыкөл елді мекендерінде 152,4 шақырым электр желісі ауыстырылуда. Оған  Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді.

Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: