Жұма, 19 сәуiр, 20:33

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Партия жанынан отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталығы ашылды

20.11.2023

172

0

kitap_amanat

Қызылордада «КІТАП – AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды. Орталық жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапаққызы қатысты.

Партияның қалалық филиалы ғимаратында орналасқан орталықта әлемдік және отандық әдебиет, балаларға арналған шығармалар мен мәдени бағыттағы кітаптарды арзан алуға және осы жерде оқуға мүмкіндік бар. Оқырман мен жазушыны тікелей байланыстыратын жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.

«Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар шығару, кітапханалар ашу ісіне ерекше мән беріп келеді. Осы орайда «AMANAT» партиясы Президент бастамасын іске асыруға дәнекер болатын «Кітап-AMANAT» жобасын қолға алып, барлық өңірлерде отандық әдебиет пен баспагерлерді қолдауға бағытталған кітап орталықтарын ашуда. Жоба ел азаматтарының отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді»,- деді салатанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі Үнзила Шапаққызы.

«Кітап — АMANAT» жобаның  мақсат-міндетін кеңінен таныстырып өткен партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова бұл орталықта кітаптар сатылып қана қоймай, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері мен талқылаулары ұйымдастырылатынын атап өтті.

«Жобаның негізгі мақсаты партия жанында оқырман мәдениетінің құндылығын қалыптастыратын зияткерлік эко — қауымдастығын жасау. Мұнда «Автордан оқырманға» қағидаты бойынша қазақстандық авторлардың сапалы кітаптары мен мемлекеттік тілге аударылған дүниежүзілік бестселлер қолжетімді бағада ұсынылады. Сонымен бірге бұл жерде оқырман кештері ұйымдастырып, жаңа кітаптарды талқылай отырып кездесулер, презентациялар, қазақстандық жазушылардың, баспагерлердің қатысуымен партияның іс-шараларын өткізетін боламыз. Жоба аясын кеңейту мақсатында келесі жылы барлық аудандарда ашылатын «Руханият орталықтарында» кітап бұрыштарын ашуды жоспарлап отырмыз»,-дейді партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Жасыратыны жоқ елімізде біраз жыл автор, баспа, кітапхана, кітап дүкені арасындағы байланыс үзіліп қалған болатын. Осы орайда партияның отандық жазушыларды қолдауы біздерді қуантып отыр. Бұл орталық байланысты қайта жаңғыртуға ықпалы зор деп есептеймін.  Сонымен бірге барлық аудандарда салынатын «Руханият орталықтарында» партияның қолдауымен осындай кітап бұрыштарының ашылатыны да оқырман үшін де үлкен мүмкіндік. Себебі ол жерде ардагерлерден бастап барлық Үкіметтік емес ұйымдар және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тәрбие орталықтары бірігіп, жұмыс жасайтын болғандықтан, жобаның ауқымы кеңейетін болады»,-дейді Қазақстан жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова.

Ал өз кезегінде сөз алған партияның облыстық филиалы жанандыға  «MIRAS» аймақтық кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев кітап оқудың рухани құндылықты байытудағы маңыздылығына тоқталса, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас орталықтың халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей  қызмет ететініне сенім білдірді.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз: