Жұма, 11 қазан, 16:07

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 23 жоба қолға алынды

20.07.2023

300

0

 Бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қаласы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 100 пайыз қосылған.  Ал облысқа қарасты 230 елді мекеннің 98,1 пайызы тіршілік нәрін толықтай тұтына алады. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсатында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламалары бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жобалардың нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 98,4 пайызы таза ауыз сумен қамтылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Исмалаев мәлімдеді.

– Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында алдағы бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, облыста қолға алынған 23 жобаның 14-і биыл аяқталады деп жоспарлануда. Осының нәтижесінде, 163 шақырым ауыз су, 6 шақырым кәріз желілері, 4 дана су кешені, 12 дана кәріздік насос станциялары жаңартылады және 7 ұңғымаға бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы, Арал ауданы Көктем елді мекенінде, Байқоңыр қаласында, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарына қарасты елді мекендерге ауыз су  желілерін тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Олжас Қаласұлы.

Қазіргі таңда қала тұрғындарына барлығы – 105,8 мың текше метр ауыз су берілуде. Оның ішінде 70 ұңғыма арқылы тәулігіне – 54,0 мың текше метр және «Бас тоған» су станциясы арқылы – 53,8 мың текше метр су алынып жатыр. 

–Бүгінде қаламызда салынып жатқан құрылыс нысандарының көбеюіне байланысты 2019 жылдан бастап тұрғындарға берілетін ауыз су жер үсті және жер асты су алу көздерінен беріліп келеді. Яғни, Сырдария өзенінен былтыр – 4,7 млн текше метр су алынса, ал ауыз су ұңғымаларынан – 14,7 млн текше метр су қажеттілікке өтелді. Тұрғындарға беріліп жатқан ауыз су сапасы зертхана мамандарымен күнделікті тексеріледі сондай-ақ, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен қадағаланады. Өздеріңіз білетіндей, жаз мезгілінде тұрғындардың суға деген қажеттілігі артады. Осының әсерінен көпқабатты тұрғын үйлерде ауыз су қысымы төмендеп, тұрғындар тарапынан шағым көбейеді. Сондықтан суды барынша үнемдеп тұтынуға шақырамыз, – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

Қызылорда су жүйесі мекемесі орталық ауыз су жүйелеріне қосылған 84 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсетеді.

 Мекеме теңгерімінде 908,07 шақырым ауыз су жүйесі, 105 ұңғыма, 10 дана ІІ-ші су көтеру насос станциялары, 67 бірлік кәріз насос станциялары, 453,24 шақырым кәріз су жүйесі қамтылған. Облыс тұрғындарының сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтылуы біздің басты назарымызда, — деді «Қызылорда су жүйесі» КММ директорының міндетін атқарушы Нұрлан Өтепов.

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика