Жексенбі, 21 сәуiр, 07:26

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аймақ басшысы Өмірбек Шәменовті мерейтойымен құттықтады

09.03.2023

197

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел дамуына елеулі еңбек сіңірген «Құрмет» орденінің иегері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Өмірбек Шәменовті 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты жиында аймақ басшысы сырбойылықтардың еңбектің парқын білетінін, қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайтынын  атап өтті.

«Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, кіндігі байланған еліне адал қызмет етіп, абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасында Өмірбек Мөрәліұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы ерекше. Сындарлы сәтте ел мүддесі үшін аянбай қызмет атқарғаныңызды ел бағалайды. Құрметті Өмірбек Мөрәліұлы, қажырлы еңбектің зейнетін көрген бүгінгі мерейтойыңызда деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, сарқылмас күш-қайрат, құт-береке тілеймін!  Атқарған істеріңіз ұрпақтарыңыз бен ізбасарларыңыздың, барша жерлестеріңіз бен дүйім халқымыздың игілігіне жарасын! Сізді ақ пейілді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз», – деді облыс әкімі.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан  Өмірбек Мөрәліұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.

Мерейтой иесін Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Садық Әлиев, қоғам қайраткері, Жалағаш және Қармақшы аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шахизат Төребаев және қоғам қайраткері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Биғали Қаюпов құттықтады.

Анықтама үшін: Өмірбек Шәменов 1953 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы Жалағаш аудандық су жүйелері басқармасында техник болып бастаған. 1972-1974 жылдары «ПМК-9» мекемесінде экономист, инженер, мастер, учаске бастығы, 1981-1993 жылдар аралығында «ПМК-17» мекемесінде бас инженер, аудандық құрылыс жөндеу мекемесінің бастығы, аудандық жүк тасымалдау- автотранспорт кәсіпорынның басшысы, «Коммунизм» совхозының директоры қызметін атқарды. 1993-2007 жылдар аралығында Мөрәлі Шәменов атындағы өндірістік кооперативтің, кейін жауапкершігі шектеулі серіктестіктің төрағасы қызметінде болды. 1999-2003 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 

2007-2011 жылдар аралығында Жалағаш ауданының әкімі, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Аудан әкімі қызметін атқарған кезде Жалағашта әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңадан инженерлік инфрақұрылымдар, көптеген ауылда ауыз су жүйелеріне қайта жаңғырту жүргізілді. Жол саласын басқарған тұста да облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар жолдардың жағдайын  жақсартуға белсене атсалысты.

Тағы да оқыңыз: