Жексенбі, 03 қараша, 18:36

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп ашылды

11.01.2024

489

0

Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп ашылды
Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің ашылу рәсімінде тұрғындарды құттықтады. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.

Аймақ басшысы өскелең ұрпақтың жайлы мектептерде білім алуы, қосымша білім беру ұйымдарында қабілетін шыңдауы үшін алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілетініне тоқталды.

«Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы 11 мектептің іргетасы қаланады. Оның бірі Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылында бой көтерсе, жақын күндері Әйтеке би кентінде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Қызылорда қаласында құны 7 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аптада Жаңақорған кентінде 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңақорған және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері бой көтереді. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады.

Топырағына ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған Қазалы ауданының өңір тарихындағы орны ерекше. Есімдері алты Алашқа белгілі Жанқожа батыр, күллі Шығыс жастарына жетекшілік еткен Ғани Мұратбаев, жезтаңдай әншілер Роза Бағланова және Мәдина Ералиевадай даңқты дарындардан кенде емес. Алдағы уақытта осы білім ошағынан жерлес аға-әпкелеріндей білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол», – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов қазалылықтарды жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, сала ардагері Серік Қуанышбай бата берді.

Ашылу рәсімінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары марапатталды.

Іс-шара соңында қонақтар мектеп ғимаратындағы асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана жұмысымен танысып, математика, тарих кабинеттерін аралап көрді.

418485073_673899451597969_7407141939629611143_n.jpg
418544626_673899584931289_3317588502604171426_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика