Жексенбі, 24 қараша, 02:52

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Отау» бағдарламасымен баспаналы болу мүмкін бе?

21.03.2024

301

0

«Отау» бағдарламасымен баспаналы болу мүмкін бе?
Фото: syrboyi.kz

Биыл баспанамен қамту ісінде ілгерілеу бар. Мұны «Дипломмен – ауылға!» жобасына бөлінген қаржы көлемі мен жеңілдетілген ипотекалық жобаның жүзеге асуынан-ақ байқауға болады. Оның үстіне аймақтағы тұрғын үй құрылысындағы көрсеткіш те саладағы өзгерістің жай-жапсарынан хабар береді. Осы орайда баспаналы болудың бүгінгі мүмкіндігі мен мемлекеттік бағдарламалардағы жаңалыққа шолу жасап көрелік.

Лайық ереже, қолайлы  талап

Жуырда «Отау» бағдарламасы іске қосылды. Ел арасында тағы бір атауы – «9-20-19», яғни ипотеканы 9 процентпен 19 жылға дейін рәсімдеуге болады. Бірақ 20 проценттік алғашқы жарнаны салу қажет. Жаңа бағдарламаға жыл сайын 150 млрд теңге бөлінеді. Осылайша 7 жылдың ішінде 50 мың адам баспаналы болады деген жоспар бар. Қазірдің өзінде талап-ережесі қолайлы жоба сұранысқа ие болып, бағдарлама шеңберінде үй алуға үміткер саны артқан.

– Аталған бағдарлама – баспана сатып алудың қосымша құралы. Әсіресе, қазақстандықтар арасында үнемдеу мәдениетін арттыруға арналған. Себебі ең үнемшіл салымшының ғана төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша заем алуына жол ашық. Сондай-ақ салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы, бағдарлама аясында жұмыс істейтін жастарға және жас отбасыларға басымдық беріледі. Ипотеканың көп бөлігін 35 жасқа дейінгі азаматтарға бөлу жоспарлануда, – дейді «Отбасы банк» АҚ-ның облыстық филиал директоры Әділжан Сәулебаев.

Әрине, «Жобағы кімдер қатыса алады?» деген заңды сауал туындайтыны орынды. Филиал директорының сөзінше, «Отау» бағдарламасына үй кезегінде тұрған банк салымшылары қатыса алады. Сондай-ақ үміткердің жинақ шотының ашылғанына кемі 18 ай әрі өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Бұған қоса бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек деген талап тағы бар.

Ереже мұнымен шектелмейді. Ескере кететін жайт, үйді екінші деңгейлі нарықтан алуға мүмкіндік жоқ, қолданыстағы пәтерді де рәсімдей алмайсыз. Ережеге сәйкес, қала тұрғындары «Отау» арқылы тек жаңадан салынған үйден баспана алуына болады. Бұл – Астана мен Алматы және облыс орталықтарына қатысты талап. Ал өзге елді мекеннен үй алуға ниетті азаматтар болса, қолданыстағы баспананы еншілеуіне мүмкіндік қарастырылған.

Оған қоса ипотеканың шекті сомасын да ескеруге тура келеді. Бұл меже Астана мен Алматыда 30 млн теңге болса, ал басқа аймақтарда 18 млн теңге шамасында. Сәйкесінше, қызылордалықтар да 18 млн теңгеден артық қаржыға үміт арта алмайды деген сөз.

Баспана бағасы өзгере ме?

Осы орайда сәл шегініс жасап, жобаның нарықтағы үй бағасына әсерін талдау маңызды. Олай дейтініміз, көпшілікте жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар нарықтағы баспана құнына әсер ете ме деген күдік бар. БАҚ бетінде аталған мәселеге байланысты банк өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар толымды пікір білдірген. Мәселен, Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне берген мәліметінде мұндай олқылық болмайтынын жеткізген. Оның сөзінше, жобаға бөлінген қаржы көлемі нарыққа әсер ететіндей ауқымды емес.

– Бұл бағдарлама нарықтағы белсенділікті күшейтеді, бірақ баспана бағасына әсер етпейді. Қазіргі кезде үйдің бағасы керісінше төмендеп жатыр. Біздің болжамымыз бойынша осы үрдіс сақталады. Ал «9-20-19» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін баспананы сатып алу-сату мәмілелері көбейеді. Бірақ айтарлықтай өзгеріс болмайды. Себебі осы бағдарламаға бөлінген қаржының көлемі шектеулі, жыл сайын берілетін ипотекалық қарыздардың саны да көп емес, – дейді Е.Мүсірепов.

Алайда бұл тұжырыммен келіспейтін тарап та кездеседі. Әсіресе, жаңадан салынған үйден баспана іздеп жүрген азаматтар жыл сайын үйдің шаршы метрінің бағасы аспандағанын байқауда. Мысалы, 3-4 жыл бұрын облыс орталығындағы үйлердің шаршы метрі 140 мың болса, қазір кемі 180 мыңнан басталады. Мұны «Отбасы банк» өкілдері де растап отыр.

– Нарықтағы үйлердің шаршы метрінің құны баспананың орналасқан жері, ауданы, жағдайына қарай құбылады. Ал мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін үйдің шаршы метрі 180 мың теңге. Дегенмен бұл – өткен жылғы баға. Қазір де осы бағамен сатып жатырғаны рас, десе де Қызылорда қаласының сол жағалауындағы үйлердің бағасы қымбаттайтыны анық. Дәл қазір келіссөз басталған жоқ, бірақ биыл көрсеткіш 220 мыңнан кем болмайды, – дейді филиал директоры.

Заңсыздық болмас үшін…

«Отбасы банк» те жаңа бағдарлама аясында сатып алынатын баспананың бағасын ұстап тұратынын мәлімдеді. Қаржы ұйымы цифрландыру жүйесін пайдаланып, заңсыздыққа жол бермеуге күш салмақ. Осы мақсатта ипотека алатын азамат пәтерді «Баспана» маркет порталынан ғана сатып ала алады. Өзге платформа арқылы жобаны жүзеге асыру мүмкін емес.

– Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуына орай тұрғын үй бағасын жасанды өсіруге жол бермеуге арналған. Әрбір нысан аталған платформаға орналастырылмастан бұрын тұрғын үйдің қазіргі нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

«Отау» бағдарламасы наурыз айынан бастап іске қосылды. Қазақстандықтар 30 сәуірге дейін «Баспана» маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтініш беру уақыты маңызды емес. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді, – дейді Әділжан Рахымжанұлы.

Белгілі болғандай, ипотека алатын адамдардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады. Сол жерде өтінімді іріктеу және ұпай нәтижесімен танысуға мүмкіндік болады.

Реті келгенде банктің облыстық филиал басшысына «Азаматтардың ұпайы қалай есептеледі?» деген сауал қойған болатынбыз. Маманның сөзінше, салым бойынша сыйақы мөлшерінің әр 1000 теңгесіне 5 балл, салымның әр жылы үшін 5 балл беріледі. Ал тіркелген неке үшін 10 балл, отбасында баласы болса, 50 балл қарастырылған.

– Егер үміткерлердің ұпайы бірдей болса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушы 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек, – дейді Әділжан Сәулебаев.

Айта кетейік, аймақ тұрғындары өткен жылы «Отбасы банк» арқылы 1664 несие рәсімдеген. Жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асып жығылады. Оның ішінде «Тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі концепциясы» (бұрынғы атауы «Нұрлы жер») арқылы алынған баспана да бар.

11 тұрғын үй салынады

Үй алуға мүмкіндік көзі жалғыз «Отау» емес. Биыл тұрғын үй құрылысын жүргізуге 16 млрд теңгеге бөлінген. Нәтижесінде 11 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Аталған ақпарды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Мәди Әліптен білдік.

– 2024 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 701,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бюджеттен бөлінген қаржыға 754 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде Байқоңыр қаласындағы 5 тұрғын үй мен Қызылорда қаласындағы жеті қабатты 6 тұрғын үй бар, – дейді Мәди Раманқұлұлы.

Мұнан өзге биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 296, облыс орталығындағы үйі апатты деп танылған азаматтар үшін 135 пәтер сатып алынады.

Жалпы мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болудың жолы көп. Әсіресе, арнайы бағдарламаны тиімді пайдаланғандар қатары артуда. Мысалы, өткен жылы әскери бағдарлама бойынша 38 адам, «Ұмай» әйелдер ипотекасы арқылы 9 адам несие алған. Осы жылы «Отбасы банк» арқылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан 10 тұрғын үйді сату, «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасы аясында 100 жас отбасын баспанамен қамту көзделген.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика