Сенбі, 18 мамыр, 16:16

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сындарлы сәттегі Сыр халқының қолдауы

04.05.2024

146

0

Сындарлы сәттегі Сыр халқының қолдауы

Қазір елімізде су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдай барша жұртты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат болып саналатын ахуалға орай 10 аймақта төтенше жағдай жарияланып, шұғыл шаралар қолға алынды. Елдік пен бірлік сыналар қиын-қыстау кезеңде бүкіл ел болып ұйысып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қолдан келер көмегін көрсетіп жатыр. Осындай сындарлы сәтте қайырымдылық керуені алғашқылардың бірі болып Сыр елінен аттанды. Аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының демеушілігімен ұйымдастырылған гуманитарлық көмекті әр өңірге өзіміз бастап баруға бел байладық.

«10 жүк көлігін қалай толтырамыз?»

Қарбаласпен басталған сәуір айының алғашқы аптасы болатын. Бұл кезде батыс пен солтүстікте басталған табиғи апат күшейіп, өңірлерде тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріле бастаған кез еді. 5 сәуір күні Астана қаласында іссапарда жүрген «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамының бас директоры, «Amanat» партиясының мүшесі, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілқайыров Қызылордаға шұғыл ұшып келетінін айтты.

Ұшақтан түсе сала, жұмыс кеңсесіне келген бас директор дереу жиналыс жасап, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына көмек көрсету туралы мәлімдеді. Барша әріптестерімізді өңірде бастау алған «Күшіміз – бірлікте!» акциясына атсалысуға шақырды. Ұжым, атап айтқанда, Қызылорда қаласында орналасқан бас кеңседегі қызметкерлер, компанияның келісімшарттық аумағы – «Құмкөл» кен орнындағы және вахтааралық демалыстағы жұмысшылар бірауыздан қабыл алды. Ерекше атап өтерлігі – бұл бастамаға облыс басшылығы қолдау көрсетіп, қажетті ұйымдастыру шараларына жан-жақты көмек көрсетілді.

Сонымен компанияда Дінмұхаммед Құдайбергенов, Құралай Жұманова, Әділ Отар және мені қамтыған бастамашыл топ құрылып, бірден іске кірісіп кеттік. «Әрқайсысы 20 тонналық 10 үлкен жүк көлігін (фура) жібереміз» деген басшымыздың сөзіне басында таңғала да, таңырқай да қарағанымыз жасырын емес. «Он жүк көлігін қалай толтырамыз?» деген сауал тұрды көкейімізде. Бірақ Дәурен Тұрғанбайұлының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көп ұзамай «көз қорқақ, қол батыр» екеніне тағы бір мәрте көз жеткізе түстік.

Осылайша қызу жұмыс басталды. Бесінші сәуір күні түс қайта басталған табиғи апат орын алған өңірлерге бірінші кезекте қажетті резеңке етік, күрек, қайық, қап секілді құрал-жабдықтарды қаладағы базарлардан іздеу жұмыстары келесі күні де таң қылаң бере өз жалғасын тапты. Шындығын айту керек, керекті құрал-саймандар мен жабдықтарды өзіміздің базарлардан көп көлемде (1000-2000 данадан) табу өте қиынға соқты. Табылған күннің өзінде, бағалары тым шарықтап кеткен. Су басқан өңірлерге жібергелі жатқанымызды естіген кейбір сатушылар: «Менде бар, бірақ, әлде де сатпай күте тұрамын. Апат күшейе түскен кезде қымбатқа сатамын» деп ашық айтады. Әрине, бес саусақ – бірдей емес. Қолында барын тиісті бағасына беруге тырысқан жандарды көргенде ерекше мейірімге бөленгеніміз де жасырын емес.

Ақыры іздеген заттарымыз Қызылорда қаласынан керекті мөлшерде табылмасын білген соң, 6 сәуір күні түс әлетінде көршілес Шымкент қаласын бетке алдық. Біздің өңірде қолжетімсіз болған кейбір құрал-жабдықтарды үлкен мегаполистен іздеп табудың өзіне біраз уақыт кетті. Шымқалада екі тәулік аялдауға тура келгенімен, тізімдегі біршама заттарымыз түгелденіп шыға келді.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

9 сәуір. Қаладағы «Тағзым алаңына» 10 үлкен жүк көлігі қойылып, сатып алынған керекті құрал-саймандар мен жабдықтарды көліктерге бөліп, тиеу жұмыстары басталды. Қосымша азық-түлік заттары сатып алынып, әкеліне бастады. Нәтижесінде, өзіміз еңбек ететін «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы аталған 5 облысқа демеушілік көрсетіп, 50 млн теңгеден аса қаржының 120 тонна қайырымдылық көмегін ұйымдастырды. Атап өткеніміздей, 20 тонналық көліктерге ұн, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, пияз, сәбіз, қант, макарон, рожки, күнбағыс майы, шай секілді азық-түлік, газ плиталары, қайық, күрек, қап, арба, резеңке етіктен тұратын құрал-саймандар, төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, киім-кешек, төрт-түлікке арналған жем және т.б. қажетті заттар тиелді.

Осы тұста табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуде қарапайым халық та шет қалмағанын айрықша атап өткеніміз жөн. 9-10 сәуір аралығында екі күн бойы «Тағзым алаңына» келіп, қажетті көмек қолын созсам деген сырбойылықтардың қарасы қалың болды. Гуманитарлық көмек тиеп жатқан жүк көліктерін, олардың сыртындағы «Қызылорда халқынан көмек» деген жазуды көріп, көпшілікке ерекше ықыласта болдық. Біреуі келілеп, енді біреуі қаптап, үшіншісі тонналап, кейбірі қаржылай – қолында барымен бөлісіп жатты. Мәселен, жетпісті алқымдаған ақсақалдың сол күні алған зейнетақысының бәрін көмекке деп әкеліп бергені есімізде ерекше сақталып қалыпты.

Акционерлік қоғамның ұжымы, әсіресе мердігер мекемелер гуманитарлық көмекті сатып алуға біркісідей атсалысты.

Бұдан бөлек, «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева, сондай-ақ қызылордалық еріктілер де осы үлкен істің басы-қасында болды. Партияның қалалық филиалының бөлім меңгерушісі Асылхан Оспанов екі күн бойы аяғынан тік тұрып, 145 еріктіні жұмылдыра білді.

Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Дастан Құрманбаев, имамдар Берік Сүлейменов, Асхат Асқаров, Айтжан Жексенов облыстық «Ақмешіт-Сырдария», қалалық «Нұр», «Айтбай», «Мүсірәлі ата» мешіттерінің жамағаттарын бастап келіп, үлкен көмек көрсетті.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Айтса айтқандай, 10 сәуір күні облыстық мәслихат және «Amanat» партиясы облыстық филиалының сол кездегі төрағасы Наурызбай Байқадамов бастаған көпшілік сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Бес өңірге бет алған жүк көліктерін Қанат Әжімбетов, Асқар Қабдул, Дәурен Қадыр, Данабек Абылай атты әріптестеріміз бастап шықты.

Шағандықтардың ыстық ықыласы

«Тағзым алаңындағы» салтанатты шарадан кейін 10 жүк көлігі сап түзеп, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Бірінен соң бірі тізілген жүк көліктерін, олардың сыртындағы «Су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына Қызылорда халқынан көмек» деген жазуды көрген тұрғындар тұра қалып, қол бұлғайды.

Осылай сезім үстінде отырып Шаған ауылына қалай жеткенімізді білмей де қалдық. Жүк көліктерін алдымыздан шыққан «Шаған» ауылдық округінің әкімі Нұғыман Смайлов бастаған ауыл тұрғындары тоқтатып, біраз аялдауымызды сұрады. Оның өзіндік себебі де бар екен. Батыс пен солтүстікке бағыт алған жүк көліктері туралы естіген шағандықтар бұл сауапты істен шет қалмаймыз деп шешіпті. Мәселен, «Керуен» шаруа қожалығы 2 тонна күріш берсе, ауыл тұрғындары әкелген күріштің өзі 3 тоннаны құрады. Бұдан бөлек, Ербол Бисенов, Қарлыға Алмаханова, Шыңғыс Сейтқазиев, Ербол Әбішев, Ербол Құдалша, Зухра Пірімбетова, Ерлан Ыбырайым секілді ауыл тұрғындары 150 литр күнбағыс майы, картоп, пияз, сәбіз, макарон секілді азық-түліктерін қап-қаппен әкеліп өткізді.

Шағандықтардың ыстық ықыласының соңында сексеннен асқан ауыл ақсақалы, Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлхарнай Тасбергенов ақ батасын беріп, ақ жол тілеп, 5 облыстың халқына тілектестігін жеткізді.

Жол азабын жүрген біледі

Қызылорда облысының аумағынан шыға бере батысқа барар жолдың «қиындығына» тап боласыз. Бұл жолдармен бұрын сапар шегіп жүрсек те, осы жолы бет алған өңірлерге апара жатқан құрал-жабдықтар мен азық-түліктің аман жетуін ойлайды екенсің. Шұрық-тесік, кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдың жайы сын көтермейді. Мұны автокөлік жүргізушілері айта-айта шаршадық дейді. Әсіресе Ақтөбе облысының аумағындағы «М-32» аталып кеткен тас жолдың жағдайын көргенде, Қызылордадағы тіршілікке шын қуанасың.

Осы тұста Дәулет Әбілқайыров сынды ұзақ қашықтыққа қатынайтын үлкен жүк көліктерінің иелері мен жүргізушілерінің ерен еңбегін, қосқан орасан зор үлесін атап өтпеске болмайды. Біріншіден, олар ешқандай ақы сұрамай, аталған өңірлерге тегін жол тартты. Екіншіден, Сыр елінің қолдауын жеткізгенше күні-түні көз ілмей, рөлде отырды. Оған өзіміз куәміз.

Ал қайырымдылық керуені Қызылорда қаласынан шыққаннан бастап, барлық өңірге жеткенше мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері бастап алып жүрді. Бұл да болса жүргізушілер мен біздің жұмысымызды жеңілдетіп, қауіпсіз жетуімізге үлкен көмек болғандығы сөзсіз.

Батыстағы жағдай

Ақтөбенің «Қарабұтақ» ауылынан үш бағытқа жолға түскен қайырымдылық керуенінің бірі 12 сәуірде 2000 шақырымға жуық жолды артқа тастап, Батыс Қазақстан облысының аумағына табан тіредік. «Жымпитыға» жете бергенде, әріптесіміз Қанат Әжімбетовтен жақсы жаңалық жетті. Ол Ақтөбе қаласына аман-есен жетіп, республикалық штабқа гуманитарлық көмекті түсіріп жатыр екен.

Біз де түс уақытында Орал қаласына Сыр елінің аманаты мен сәлемін жеткізіп, өз қолымызбен табыстадық. Бұл ниетімізді Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қуана қарсы алып, алғыстарын білдірді.

Біз одан әрі үйлері су астында қалған қаланың іргесіндегі «Подстепное» ауылына арнайы ат басын бұрдық. Бұл жерде тұрғызылған бөгеттен асып кеткен тасқын судан бірде-бір үй аман қалмаған. Кейбіреулерінің шатыры ғана көрінеді. Осыдан-ақ ахуалдың күрделі екендігін білесіз.

Мұнан соң жолбасшымыз бізді қаланың шетіндегі «Деркөл» ауылында орналасқан Спорт клубындағы эвакуациялық пунктке алып келді. Осындағы тұрғындармен жүздесіп, Қызылорда халқының сәлемі мен қолдауын жеткіздік. Ондағы тұрғындардың жағдайы өте қиын. Айтуларынша, баспаналары мен күнкөріс етіп отырған қорасындағы түлігінен, дүние-мүлкінен, құжаттарынан бір-ақ сәтте айрылып шыға келген. Көкейлерінде сан сауал, «Табиғи апаттан соң не болады?», «Баспана мәселесі қалай шешіледі?», «Несие, қарыздан қалай құтыламыз?» дейді олар. Араларында мүгедек кісілер, созылмалы аурумен ауыратын қарттар бар, кішкентай балалар көп. Бір түнде тентіреп қалған олардың әңгімесін көзіңе жас алмай, жүрегің ауырмай тыңдау мүмкін емес. Барлығы Президентіміздің «Ешкім көмексіз қалмайды» деген сөзін жандарына медет тұтып отырғанын айтады. Ол кісілерді көргенде сабыр мен күш-қуат тілеп, жұбату сөз айтқаннан басқа қолдан келер шара жоқ екеніне налисың. Бірақ өздері үміт пен үрей құшағында отырса да, сындарлы сәтте жанашыр бола білген Сыр еліне алғыстарын жаудырып-ақ жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы табиғи апат – Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан орын алған көрінеді. Осы жағдайдан бірінші кезекте 14 839 саяжай учаскесін су басыпты. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Сол кезде көршілес Ресейдің Орынбор облысы «Иреклі» су қоймасынан келетін судың жылдамдығы сәт сайын артып келеді. Осыған орай, облыста халық жаппай эвакуацияланып жатыр екен.

«Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушысы хатшысы Азамат Сафималиұлының мәліметінше, біз барған күні өңірде 13068 адам эвакуацияланып, оның 1800-ден астамы эвакуациялық пункттерге орналастырылыпты. Облыста жалпы 161 эвакуациялық пункт дайындалған. Бүгінде оның 20-сы жұмыс істеп тұр, 14-і Орал қаласында, қалған алтауы аудандарда. Өңірдегі Жайық өзенінің бойында 94 ауыл орналасқан. Күні бүгін бұл ауылдарда жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын бөгеттер тұрғызылыпты.

Дәл сол күні Қызылорданың көмегі Атырау және Құлсары қаласына да жеткен еді.

Әуежайдағы қарбалас

Батысқа қарағанда, солтүстікті бетке алған әріптестеріміз қатты қиналды. Қостанай қаласына көмек өз уақытында жеткенімен, табиғи апатқа байланысты ондағы әуежай уақытша жұмысын тоқтатыпты. Осыған байланысты Қостанайға жауапты Данабек Абылай әріптесіміз Асқар Қабдулға ілесіп, Петропавл қаласын бетке алады. Бірақ Петропавлдағы жағдай Қостанайдан да қиын болып шығып, екі жүк көлігі әзер жеткен көрінеді. Оған басты себеп – қарғын судың қатері.

Олардың айтуынша, Петропавл қаласына кіреберіс тұстағы көпірге жете бергенде, қатты ағынмен келген тасқын су көпірді шайып кетіпті. Жергілікті мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері амалдың жоқтығынан айналма жолға түсіріп, орман арқылы апаруға бел байлағанымен, балшықтан өте алмаған. Ақыры, Ресейге жақын тұстағы ауыл арқылы су кеше жүріп зорға жеткізіпті. Уақытында үлгерген.

Әріптестеріміз көргендей, төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі әуежайда ығы-жығы халық. Ақтөбе, Атырау, Петропавл және өзім көрген Оралда да басқа қалаға асыққан тұрғындардан ине шаншар орын жоқ. Аяқ алып жүргісіз. Әсіресе, қарттар мен әйелдер, балалардың саны басым. Бір-екі жолаушымен тілдесіп көріп едік, ер адамдардың өздері қалып, қариялар мен бала-шағасын тасқын судан қауіп жоқ қалаларда тұратын туыстарына жіберіп жатыр екен. Ал сәт сайын құбылып жатқан әуе билеттерінің бағасы енді бөлек тақырып.

Сөз соңы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халыққа үндеуінде: «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» деп атап өткен болатын. Шынында, елдік пен бірлік сыналар сәтте алғашқылардың бірі болып қайырымдылық керуенін ұйымдастырған Сыр халқы ынтымақ үлгісін көрсетті.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Қызылорда – Орал – Қызылорда

Тағы да оқыңыз: