Жексенбі, 15 желтоқсан, 01:46

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылордалық студент Польшада мұғалімдерді қолдау қандай деңгейде екенін айтты

31.01.2024

278

0

Қызылордалық студент Польшада мұғалімдерді қолдау қандай деңгейде екенін айтты
Фото: Диана Рысбекованың жеке қорынан

Қызылордалық Диана Рысбекова №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатын тамамдаған. Ұстаз болуды армандаған жас бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универститетінің «физика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша 3 курс студенті. Жан-жақты студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша қазір Польшаның Лодзь университетінде ізденуде. Жақында осы бағдарламаның тиімді тұсын сұхбатқа арқау етті.

— Диана, жастарды қанаттандыратын мүмкіндік жайлы айтып беріңізші…


— Академиялық ұтқырлық бойынша шетелде оқып жүрген қазақ студенттері көп. Осы тұста жергілікті билік те шет қалмай, жастардың өзге елде білім алуына, ел-жер көріп, көкжиегін кеңеюіне қолайлы жағдай жасап отыр дей аламыз. Мысалы, біздің Польшадан бөлек Қытай, Корея, Бельгия елдерінде білім алуға мүмкіндігіміз бар. Алайда бағдарламаның темірдей тәртіп, талабы бар. IELTS сертификатыңыз немесе TOEFL ITP сертификатыңыз болуы қажет. Егер болмаған жағдайда университет қабырғасында тапсыра аласыз. Қалған құжаттар тізбегін жинау өте оңай. Бұған кураторлар, эдвайзерлер бағыт-бағдар береді.


— Сізге талап үдесінен шығып, кезеңдерден сүрінбеуіңізге не нәрсе көмектесті?


— Менің ойымша, ағылшын тілінде еркін сөйлей алуым пайдасын тигізді. Осы орайда «Ыбырай» қоғамдық қорына алғыс білдіргім келеді. Университетте сабақтар қазақ тілінде өткен соң, ағылшын тілі екінші орында тұрды. 1 курстың соңында осы қордың бар екенін біліп, онда ағылшын тілін тегін үйрететіне қуандым. Оның арқасында тегін тіл үйреніп қана қоймай, дамушы орта таптым. Осы ортаға араласуым да академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуыма сеп болды.
— Демек, тіл білген тілегіне жетеді дейсіз ғой. Польша мемлекетінің білімі несімен ерекшеленеді?
— Польшада дәрістер еркін форматта. Салыстырмалы түрде біздің елде дәстүрлі формада. Әр сабақ лекция немесе практика негізінде өтеді. Аптасына 1 күн және 1 сағат 30 минут. Бұл біз үшін таңқаларлық жайт болды. Әр оқытушының баға қою тәсілі де әртүрлі. Көбіне тақырып алып, жоба қорғаймыз. Бұл механизм арқылы студент білімнің тек өзіне ғана керектігін түсінеді деп ойлаймын.


— Мұғалімдерге Польшада жағдай жасалған ба?


— Оқытушыларымыздың айтуынша, қазір мұнда ғылымға қызығатын студент қат. Мұғалім боламын дейтіндер де азайып келеді. Польшаның қалаларында біздегідей мұғалім мәртебесіне мән берілмеген. Қарапайым қалаларда жалақы да мәз емес. Тек Варшавада мұғалімдерге  жалақы жақсы төленеді екен.


— Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай?


— Елге келгеннен кейін университет пен «Ыбырай» қоғамдық қорындағы оқуымды әрі қарай жалғастырамын. Достарыма, жалпы студенттерге шетелдегі тәжірибені тарқатамын. Себебі, болашақ ұстаз ретінде білгеніммен бөлісуім маңызды.


 Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Азамат Абимолда

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика