Сенбі, 15 маусым, 03:43

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Құрбан айт – ең ұлық мереке

11.06.2024

96

0

Құрбан айт – ең ұлық мереке

Исі мұсылман жұртының екі ұлық мерекесі болса, соның бірі – қасиетті Құрбан мейрамы. Асыл дінімізде бұл мерекенің шоқтығы биік тұрады. Құрбан айт – мейірім мерекесі һәм ізет пен құрметтің көрінісі. Халқымыз ежелден «құрбан айт құтты болсын» деп ерекше мән беріп, елдік деңгейде мерекелеген. Құрбандықтың тарихы тым тереңде жатыр. Бұл өткен күнді еске салатын жай ғана тарих емес, сонымен бірге ұлы ғибадат болып саналады.

Күллі мұсылман қауымын бірлікке, ынтымаққа ұйыстыратын құрбан айт мейрамы ең әуелі мешіттерде айт намазын оқудан бастау алады. Құранда: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал», – деп бұйырады («Кәусар» сүресі, 2-аят). Осы күнгі ең алғаш орындайтын амалымыз – көпшілікпен айт намазын оқу, мұнан соң құрбандық малымызды шын ықыласпен шалу арқылы жалғасады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені» – деп  айт намазын орындаумен ғана құрбандық шалу басталарын жеткізген. Таң азанмен Аллаға мінәжат еткен мұсылман қауым, бір-біріне құшағын ашып, ыстық ықыласын көрсетіп, айт мерекесімен құттықтасады. Бір-бірін кешірісіп, шын бауырмалдығын танытады. Жағдайы жеткен, Алланың разылығын үміт еткен жандар құрбандығын шалып жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға қарайласып, жәрдем қолын созады.

Шариғаттағы үкіміне келсек, көнеден келе жатқан ханафи мәзһабы бойынша Құрбан айтта шамасы жеткен адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет) амал. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деп қатаң бұйырған. Аталған хадис шамасы жеткен әрбір мұсылманға сараңдық жасамай, ешқандай сылтау етпестен, айт күндері құрбан шалудың міндетті амал екенін ескертуде.

«Құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Шариғи мағынасына келсек, Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбан шалудың артықшылығы мен сауапты іс екендігі жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деп айтқан. Құрбан шалу – айт күндеріндегі Аллаға жақындататын сүйікті амал.

Құрбандық шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан ұлы ғибадат. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Алла Тағалаға берген сертінде тұрып, бауыр еті баласы Исмаилды (ғ.с.) жаратқанның жолында пида ете алатындығын білдірген сәті. Алладан келген сынақты көтере білген Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар сыннан да сүрінбей өте білді. Құрбандық шалу ғибадаты сол бір ғибратты оқиғаның жарқын көрінісіне бірден-бір дәлел. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Алла разылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылында сауап бар екенін және бұл амал Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған сүннет амал екенін жеткізген. Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті», – деді. «Одан бізге қандай сауап бар?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар» деп жауап берген екен. Құрбандық – сауабы мол құлшылық.

Құрбан шалу кімге міндет? Мұны да білген жөн. Құрбан шалу міндет (уәжіп) болу үшін мынадай шарттар болу керек: Мұсылман болу, Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

Құрбан шалудың өзіне тән уақыты бар. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

Құрбандыққа кез келген мал сойыла бермейді. Шариғат бойынша қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Бірнеше адам ортақтасып бір малды құрбандыққа шалуға бола ма? Бұл – ел көкейінде жүрген сұрақтың бірі. Біріншіден біз мынаны білгеніміз жөн. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қара малды бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына немесе жеті кісі бірігіп ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ғана ортақтасуы керек. Құрбан шалуда, оның қабыл болуында ниет өте маңызды. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбандық болып есептелмейді. Сондықтан бұған аса мән беруіміз керек.

Не нәрсенің де жарамды-жарамсызы болады. Сол секілді құрбандық малына кез келген мал бола береді деген ұғым жоқ. Үйге қадірлі қонақ келсе кәделі жолмен малдың ең жақсысын сойып, бар ықылас құрметімізді көрсетіп, ақ батасын алуға тырысып жатамыз. Ал енді құрбан айт мейрамы бұл Алланың разылығына жеткізетін ұлық ғибадат болғандықтан малдың шариғатқа сай жарамдылығына, ең жақсысына көбірек көңіл аударған дұрыс.

Мынадай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамсыз болып саналады. Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ, басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болса жарамсыз. Осы сынды жағдаят құрбан малының бойында болмау керек. Қаншалықты құрбан малының ең жақсысын, тәуірін таңдасақ, соншалықты мол сауап пен Алланың разылығына кенеле түсеміз.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек және Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін барып шалынады. Құрбандықты ғибадат үшін соятыны секілді, жай ғана етін күнделікті пайдалану үшін соятындар да болады. Сол үшін құрбандықта ниетті дұрыстап, шын ықыласпен орындау қажет. Құран Кәрімде: «Олардың (шалынған малдың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді», («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген, яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады.

Құрбан шалуға ниет еткен кісі құрбандығын мүмкіншілік болса, өзі шалғаны абзал және оның сауабы да мол. Сахаба Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) құрбан шалуды өз қолымен орындайтын» деп айтқан. Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – ұнамсыз іс. Мұны мәкрүһ амал дейді. Ал қинамай сою – сүннет амал.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Тек құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» дейді. Әлгінде айтқанымыздай, сойылатын мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек.

Көп сұралатын сауалдың бірі «Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісін сатуға бола ма?» деп келеді. Құрбан шалған кісі бай немесе  қарапайым күй кешсе де өзінің шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – ең жақсы амалдардан. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Десе де шалынған малға мұқтаждығы болмаса, оны басы бүтін кедей-мұқтаждарға таратып беруге болады. Сол секілді құрбандық шалған кісінің тұрмысы төмен, бала-шағасы көп болса, түгелдей құрбан етін өзінің отбасының қажетіне қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін, басын, терісін, сирақтарын сату – ұнамсыз іс (мәкрүһ). Аталған бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Құрбандықтың сауабы мол құлшылық екеніне тоқталып өттік. Ал енді «айт» сөзіне келсек… Айт арабшадан аударғанда, «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Дініміздегі әрбір мейрам құлшылыққа негізделген. Асыл дінімізде екі айт мейрамы бар. Бірі рамазан айынан кейін келетін – Ораза айт мейрамы, екіншісі – қасиетті Құрбан айт мерекесі. Ардақты сахаба Әнәс (р.ғ.) былай деп жеткізеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Сонда олар: «Жәһилдік (исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты» деп айтты.

Құрбан айт мерекесі де әрбір исі мұсылманның отбасын шат-шадыман етіп, қоғамды қуанышқа жетелей түседі. Бұл күні мұсылман баласы ерте тұрып айт намазына дайындығын жасайды. Бой дәретін жаңартады, жаңа да таза киімдерін киіп, жұпар иіс себініп ең алдымен мешітке барады. Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті жайында уағызын тыңдап, жамағатпен айт намазын оқып, мұнан соң мұсылмандар бір-бірін мерекемен құттықтайды. Осыдан кейін шамасы жеткен кісілер шын ықылас-пейілімен құрбандығын шалуға әрекет етеді.

Еліміз Құрбан айт мерекесіне ерекше ден қойып, аса құрметпен атап өтеді. Қазақ халқының шаңырағында жеті шелпек пен бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады. Құрбан етінен ас әзірленіп, қонақтар бас қосады. Жиналған ағайындар өзара игі тілектерін айтып, үлкендер жағы ел-халыққа деген ақ баталарын жаудырады. Құрбан айт – бірлік пен берекеге үн қосқан ұлық мейрам. Келіп жеткен құрбан айт құтты болсын! Құрбандық қабыл, ниетіміз асыл болғай!

Дастан қажы ЖАНАСҰЛЫ,

Қызылорда облысының бас имамы

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика