Жексенбі, 23 ақпан, 02:05

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жаңақорғандық кәсіпкер: «Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібімізді кеңейтіп жатырмыз»

21.02.2025

27

0

whats app image 2025 02 21 at 16 51 50 62cbc20ec9
Фото: «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы

«Ар-Меди» өнімдері жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Оның тұшпарасы, мантысы мен қатырылған самсасы, жартылай фабрикат өнімдерге қажет қамырлары ауданда жоғары сұранысқа ие.

Кәсіп иелері ерлі зайыпты Қуаныш Абутрапов пен Қаракөз Бектөреева. Қаракөздің негізгі мамандығы медицина саласы, сол салада әлі де жұмыс істейді. Дегенмен, оның жартылай фабрикат өнімдер жасауға деген қызығушылығы отбасылық бизнестің негізін қалауға сеп болады.

«Кәсіпті 10 жыл бұрын бастадық. Алғаш өзім жасаған өнімдерді жақындарым мен таныстарым алып жүрді. Сұраныс арта түсті. Сонымен осыдан 5 жыл бұрын нақты кәсіп ретінде қолға алуға бекіндік. Жолдасым қолдау көрсетті. Мемлекеттің көмегімен берілген 550 мың теңге грантқа қамыр илейтін аппарат алып, кәсібімізді бастап кеттік», — дейді Қаракөз Бектөреева.

Кәсіп иелерінің шығарған сапалы өнімдері аудан тұрғындары арасында тез тарап, іздеп жүріп алатын тауарға айналды. Кәсіп иелері өнімді өткізу аумағын кеңейтуді ойластырып жүргенде былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бюджеттен қаржы бөлінгенін естиді. Пилот жобаны жүзеге асырушы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының талаптарымен танысып, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы керек құжаттарын жинап, өтінім береді.

«Құжат жинау, қаржыландыру кезеңі көп уақытты алған жоқ. Орталық мамандары цехымыздың жұмысымен танысып, әлеуетімізді көргеннен кейін сұратқан 50 млн теңге жеңілдетілген несиені берді. Бұл қаржыға мұздатқыш аппараттар және нан өнімдерінің түр-түрін пісіруге арналған пештер, түрлі тоқаштарды дайындауға, пісіруге арналған құрал-жабдықтар алдық», — дейді кәсіпкер.

Қаракөз Бектөреева жергілікті бюджеттен берілген қаржы кәсібіне жақсы қолдау болғанын жеткізді. Нәтижесінде өнімділік 60 пайызға артып, бүгінде өнімдерін Жаңақорған ауданынан өзге Түркістан, Қызылорда қаласына да жеткізіп жатқанын айтты.

«32 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. 28 түрлі мұздатылған жартылай фабрикат өнімдер, сан түрлі тоқаштар, нан өнімдерін дайындап жатырмыз. Түшпараның өзінен күніне ең кемі 60 кг дайындаймыз. Өзге өнім түрлерінен орта есеппен 20-25 кг-нан әзірленеді. Соңғы кезде жайма мен самсаға арналған қамыр хит өнімге айналды. Той, ас, өзге де шақырыспалардың дастарханына керек ас түрлеріне сұраныс жоғары», — дейді жаңақорғандық кәсіпкер.

Кәсіп иелерінің алдағы жоспары аса көп сұранысқа ие өнімдерін өзге өңірлерге де кең таныстырып, бизнестерінің ауқымын ұлғайту.

Кәсіпкерлерге жұмысында табыс тілей отырып, өзге де бизнесіне қолдау қажет азаматтарды «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына хабарласуға шақырамыз. Тел.: 8 /7242/ 40-03-60, 40-02-37.

WhatsApp Image 2025-02-21 at 16.51.50 (1).jpeg

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика