Қызылорда облысы аумағында орналасқан Барскелмес қорығы 1929 жылы құрылған. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Арал теңізінің солтүстік-батыс бөлігіндегі бұрынғы Барсакелмес аралында орналасқан, аралдың жалпы көлемі – 16795 гектар.
Сол кезеңде табиғи қорықты Арал теңізі жан-жағынан қоршап жатса, қазіргі уақытта судың тартылуы салдарынан арал құрлықпен шектесіп кетті. Экологиялық апат кіндігінде жатқан Барсакелмес қорығы бүгінде жиһанкездікке жаны жақын көпшіліктің қызығушылығын туғызып келеді.
Барскелмеске байланысты алғашқы географиялық карта 1831 жылы жасалған. Оны орыс ғалымы Алексей Левшин қағаз бетіне түсірді. Ал 1848 жылы Арал теңізі мен сол аумақтағы аралдарды зерттеу ресейлік Алексей Бутаковке жүктелді. Нәтижесінде зерттеушілер Барсакелмес аралы жайында көптеген мәліметтерді жинақтады. Экспедиция мүшелері аралдың пішіні, көлемін есептеп шықты. Сондай-ақ, рельефі, топырағы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне жан-жақты сипаттама жасады. Арада жүз жыл өткенде аралда А.И. Бутаковке арналған ескерткіш бой көтерді.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында аралда ақбөкендер санын арттыруға мән берілді. Бұл мақсатта 1929 жылы «Союзпушнина» аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылды. Ол өз кезегінде Барсакелмес аралындағы жануарлар мен құстар дүниесінің артуына әсер етті. Балпақ, көркем қарақұйрық, ор қоян, сұры құр, қырғауыл жерсіндірілді. 1939 жылғы 10 желтоқсанда мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Осылайша, Барсакелмес аралы ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары аралдың жалпы көлемі 16 795 гектар болды.
Қорықтың басты мақсаты – жалпы табиғат кешенімен қатар саны азайып бара жатқан ақбөкен мен қарақұйрықты қорғау. Барсакелмес қорығының басқа қорықтардан басты артықшылығы – елімізде сирек кездесетін құландардың тіршілік етуі.
Дерек көздерінде Барсакелместе қазақ құланы болғаны айтылады. Алайда, өткен ғасырдың 30-жылдарында оның соңғы тұяғы құрығаны жөнінде деректер бар. Одан беріде Түрікменстанның Бадхыз қорығынан 13 құлан жеткізілген. Мамандардың айтуынша, сексенінші жылдардың басында олардың саны 300-ге дейін жеткен. Экологтер теңіздің табаны құрғаған кезеңнен бастап қорықта тұщы су көздері тапшы болғанын тілге тиек етеді. Осының салдарынан құландар суат іздеп, басқа аймақтарға ауа бастаған. Ғалымдар одан шығудың жолын іздеп, оны еліміздің өзге өңірлеріндегі қорықтарға жерсіндіруге күш салған. Барсакелместе бар-жоғы 50 шақты кәрі-құртаң құлан қалдырылған.
Құландар Барсакелмес қорығының табиғатына жақсы бейімделіп көбейе бастады. 1980 жылдарда құлан саны 300-ге жетті. Алайда, Арал теңізінің тартылуына байланысты негізгі суат көзі болған теңіз суының тұздылығы артты. Осыған сәйкес ғалымдар Барсакелмес құландарын еліміздің басқа өңірлеріне жерсіндіруге ұсыныс жасады.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы туралы биология ғалымдарының докторы Мұса Исмагилов 1973 жылы өзінің «Остров куланов» атты кітабында «Мен оңтүстік Балқаш өңірінде, Мойынқұмда, сазды топырақты Бетпақдалада болдым. Алайда, ерекше тамаша естеліктерім Барсакелмес қорығында, құландар аралында қалды. Солардан кейін, Орталық Қазақстанның кең байтақ боз селеулі жазығында, әсем көріністі Баянауыл тауларында, таяз сулы керемет Зайсаң көлінде де, Тянь-Шаньның биіктерінде болған кезімде де Барсакелмес аралы туралы естелігім ең қымбат болып қала берді. Бұл тамаша жер түкпірі менің есімде мәңгіге сақталған және мені әр кез өзіне тартып тұрады. Себебі, ол менің жастық шағыммен, алғашқы ғылыми зерттеулеріммен және бақылауларыммен байланысты», — деп жазған.
1982 жылдан бастап құландарды басқа өңірлерге, атап айтқанда «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық паркіне және Каспий маңына жерсіндіру жұмыстары басталды. Қазіргі таңдағы Қазақстанның аумағындағы құландар Барсакелмес қорығының құландарының ұрпақтары болып саналады. Теңіз деңгейінің түсуі жалғасып, суы құландардың ішуіне мүлде жарамай қалды. Дегенмен, 1998 жылы Барсакелмес аралының Шығыс бөлігі үлкен материкке жалғасып кетті. Бұл өз кезегінде құландардың Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалаулары мен аралдарына өз бетімен қоныстанып, көбеюіне мүмкіндік тудырды.
«Барсакелместің түп-төркініне терең үңілген ғалымдар кезінде бұл аймақ сұлу табиғатымен талайды таңдай қақтырғанын тілге тиек етеді. Онда суы тұщы көлдер көп болған екен. Өсімдіктер әлемі де өзге жерлерде кездесе қоймағанға ұқсайды. Атап айтқанда, Протов көкпегі, Борщев сарғалдағы, қос жарнақты қызғалдақ сынды өсімдіктер Барсакелместің айбынын асырды. Сондай-ақ, құлан, қарақұйрық, шағыл мысығы сынды жануарлар қорықтың қоршаған ортасына сән береді», — дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров.
Соңғы жылдары теңіздің құрғаған табанына сексеуіл егуге көңіл бөлініп отыр. Әрине, оның құм көшкінін тоқтатуға пайдасы зор. Бұл орайда бірқатар жайлар ескерілмей қалған.
«Осы орайда, ғылыми тұрғыдан зерделеп, ұңғымалардың арақашықтығын шахмат кестесі әдісімен 20-30 шақырымнан тастап, жерасты су көздерін пайдалануға болады. Оның пайдасы орасан. Ең алдымен, ол осы аумақтағы тұзды шаң мен топырақты басады. Тағы бір пайдалы жағы — бұл жерлерде өсімдіктер дүниесі өседі. Осының нәтижесінде, аң мен құстың саны бұрынғыдан арта түседі. Экологиялық тепе-теңдік орнайды. Жақсы жайылымдар мен суаттар іздеген тұяқты жануарлар Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына қоныстанды. Осыған орай, аталған өңірлерді қорыққа қосу қажеттілігі туған болатын», — дейді Оразхан Айдаров.
2005 жылдың 25 қарашасында Үкімет қаулысы бойынша қорыққа 2 негізгі кластерлік участіктер қосылып, 16 795 гектардан 160 826 гектар жерге ұлғайды. Қазіргі таңда Барсакелмес қорығында жоғары сатыдағы 298 өсімдік түрі бар, оның 3 түрі Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енгізілген.
Бүгінгі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстан Республикасының алдынғы қатарлы ерекше қорғалатын аумақтарының бірі болып табылады. Теңіздің жауһары болған қорықты қорғу еліміздің басты міндеті.
Әділжан ҮМБЕТ