Жұма, 11 қазан, 17:23

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Аманат, парыз – бізге жүк

15.02.2024

299

0

Жарыққа шыққанына 95 жыл толатын «Сыр бойы» газеті мерейтойлық кезеңде «Менің әкем» атты жаңа айдардың тұсауын кесті. Мұнда аймақтың аға басылымында табанды еңбек етіп,  басшылық жасаған  белгілі қаламгерлердің ұрпақтарымен сыр-сұхбат жасалады. Айдардың алғашқы жарияланымында 1968-1985 жылдары газеттің редакторы болған Қалқабай Әбеновтің ұлы Қанат Әбеновтің естелігі ұсынылып отыр. 

Перзент үшін әке тұлғасынан биік тау жоқ. Сондықтан да бала әкенің мінезін, жақсы қасиеттерін сіңіру арқылы бой түзейді. «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөз тура мағынасында айтылған. Алайда, әкесінің өз болашағы жолында махаббатын да, күш-жігерін де сарқып өмір сүретінін біле бермесе керек. «Ата-анаңның қадірін балалы болып білерсің» деген осыдан шыққан шығар.

Біз де әкеміздің елін, жерін сүй­ген, тілін, ділін қастерлеген тұлға екенін жас кезімізде таныдық десек, артық болар.

Жыл өткен сайын сол бір асыл жанға деген сағыныш үдеп, құр­метіміз күшейе бергендей. Сон­дық­тан да қолыма қалам алып осы толғанысымды қағаз бетіне тү­сірдім.

Менің әкем Қалқабай Әбенов 1922 жылы Сырдария ауданының Айдарлы совхозында дүниеге келген.

Өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарындағы қуғын-сүргін, ашар­шылық нәубетінде аталарымыз Ташкент облысының Жаңажол ауданындағы Қауыншы деген жерге көшіп барған. Әкем 1938 жылы сондағы қазақ училищесіне оқуға түсіп, 1941 жылы бітіріп шыққан соң мұғалім болып еңбек жолын бастаған.

1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Свердловск қаласына барған. 1943 жылдың ақпан айында Орта Азия және Қиыр Шығыс өлкелеріндегі  шекара чекистерінен жасақталған құрамаға қосылып, майданға аттанады.  Содан Илецк қаласына түсіп, 2-Беларусь майданына қарайтын 70-армияның 3-дербес полкі сапында байланысшы болған.

Нарев өзенінен өтіп, Варшаваны азат етуге қатысқан. Пренцлау, Атермюнде, Шлохау, Хаммерштайн, Бальденберг, Бубнец, Штральзунд, Мольхин, Варен, Везенбург секілді қалаларды артта қалдырып, өздері айтатындай, «по-пластунси» Берлинге жаяу жеткен. Герман жерінде же­ңіс жалауын желбіретіп, «Отан соғысы» орденін омырауға тағып, «Әскери қызмет еткені үшін», «Гер­мания­дағы жеңісі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алға­ны үшін» медальдарымен марапат­талған.

Елге оралғасын Сырдария ау­данының «Бірлестік», «1-Май» мек­тептерінде мұғалім болып, со­сын оқу ісін басқарады. 1946 жы­лы Қызылорда қаласындағы пед­институтқа түсіп, 1951 жылы сырттай бітірген. 1946-1956 жыл­дар аралығында Қызылорда об­лыс­тық комитетінде нұсқаушы, насихат секторының меңгерушісі болып қызмет еткен. 1956-1962 жылдар аралығында Шиелі ауданындағы «Коммунизм жолы» газетінде редактор болған.

1962 жылы Мәскеу қаласында­ғы СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, 1964 жы­лы бітіріп шығады. Оқудан келген соң облыстық комитетте лектор, лекторлар тобының жетекшісі болады. Одан әрі облыстық партия комитетінің оқу бөлімін басқарып, 1968 жылдың соңында облыстық «Ленин жолы» газетіне редактор болып тағайындалған. Он сегіз жыл осы қызметті атқарды.

Әкем басылымға басшы бол­ған осы жылдары облыстық газет мазмұны жағынан да, таралы­мы жөнінен де өсіп-өркен­деген. Бұл басылым өңір еңбекші­лері­нің шежірешісі ғана емес, шығар­ма­шылық мектебі болған. Дархан Сапаров, Қомшабай Сүйенішов, Айжарық Сәдібеков, Әскербек Рахымбеков, Шәкізат Дәрмағанбетов, Нұрпейіс Байғараев, Жақсылық Рахматулла, Әділхан Бәйменов секілді белгілі қаламы жүйрік жур­налистер осы басылым қабырға­сында жүріп танымал ақын-жа­зушы атақтарына жетті.

1972 жылы газет республика Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, 1979 жылы КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің Жарлығы бойынша «Құр­мет белгісі» орденімен мара­патталған. Осы кездері журналист А.Сәдібеков пен Қ.Ажаров «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын, Мырқы Исаев КСРО Журналистер одағы сый­лығын иеленді. Ал әкемнің өзі бү­кілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, кү­міс медальдарын алды.

«Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.

Әкем газет редакторлығымен бірге он бес жыл бойы Қазақстан Журналистер одағының облыстық бөлімшесіне де басшылық жасады. Сол жылдары журналистердің екі рет бүкілодақтық, бірнеше рет республикалық съездеріне қа­тысты.

1985 жылы тамыз айынан бас­тап одақтық дәрежедегі дербес зей­неткерлікке шығып, өмірінің со­ңына дейін өлкетану музейінің директоры болды.

Ұзақ жылдар бойы Қызылорда облыстық партия комитетінің мү­шесі, бірнеше дүркін облыстық, қа­лалық кеңесіне депутат болып сайланды.

Әкем осындай қызметтер атқа­рып, ел-жұртқа жақсы атымен, игі істерімен танылды. Ал енді адами бейнесіне де бірер сөз айтайын.

Менің атымды атақты «Мың бір түнді» аударған жазушы, біз­дің аталас туысымыз Қалмақан Әбдіқадыров қойған. Менен үлкен Маратқа қанаттас болсын деп, Қанат деген есім берген. Әкем ол кісімен өте қатты сыйласты.  Үлкендердің қатарласа отырып, әңгіме-дүкен құратындары көз алдымда. Қазіргі адамдардың шын­тақтап жатпаса белі ашып, тізесі тызылдайды. Сол кісілер сағаттап тік отыратын. 

Әкем сыртта сырбаз, көңілді. Әзіл әңгімеге шебер. Былайғы жұрт не сұрақ қойса да әбжіл жауап беретін тапқыр.

Бір жылы әкем көлік апаты кесірінен ауруханаға түсіп қалады. Артынан ауруханаға Құрманғали Ажаров пен Нұрғали Оспанов барып, «Қалеке, халіңіз қалай?» – деседі. «Аман-есен ауырып жатырмыз», – депті сонда әкем. Сондай жағдайда әзілдей білудің өзі әркімнің қолынан келмесе керек.

Үйге соға қалған адам болса отанасы мен келінін мақтап, мынаны пәленше, мынаны түгенше пісірді, дәмі тіл үйіреді, мұнан ауыз тимей кету қиянат деп сол адамды ақыры төрге шығарады. Қонақшыл, көп­шіл. Біреуге дәреметім тисе деп тұратын адам.

Ал тәрбиеге қатал. Бала ке­зі­мізде киноның күндізгісіне ба­ра­тынбыз, кешкі сеанстарына жі­бермейді. Сөйте тұра, бала­лық бұ­­зықтығымыз болса таяқ­тап жа­залаған емес. Ақылмен ауыз­дық­тап, ісімен түзетеді. Ол заманда «импорт» деген болатын. Ондай тауарлар дүкендерде ашық сатылмайды, жоқ-жітіктің қолына түспейді, жең ұшынан жалғасып кетеді. Сол «импорт» киімдерді басшылардың балалары киеді. Біздің де әкеміз басшы, сөзі жүреді. Бірақ, біз «импорт» кимейміз. «Жұрттан артық болма» дейді әкеміз. Ол кісінің қалпымызды қазақылыққа салып, қарапайымдылыққа үндеген тәр­биесі біздің бойымызға қонды.

Ешқашан айтқан сөзін, уәдесін бұзбайтын. Бірде досының мерейтойына бармақшы болды. Барамын деп уәде етіп қойған ғой. Бірақ, ол кезде әкемнің денсаулығы нашарлап қалған, аяғымен жүруге әл-дәрмені жоқ. Сонда да барды, тойда бес-он минут отырды да, қайтты.

Мен мұны әкемнің досқа адал­дығы, сөзге беріктігі деп білдім, оның осы қасиетін өз өмірімде де берік ұстануға тырыстым.

Алайда, ешқайсы­мыз­дан қалам­герлік шықпаса да, жо­ғары білім алып, өзімізге тиісті қызметімізді адал атқардық.

Ал жоғарыда айтып өткен әкемнің еңбегін, қаламгерлік жолын осы саладағы бүгінгі жастар­дың жалғауы тиіс. Бұған менің де ықпалым болуы міндетті. Сон­дық­тан мен «Сыр журналистикасы» деп аталатын қоғамдық қор құрған болатынмын. 

Әрине, өңір руханиятына өл­шеусіз үлес қосқан тұлғаның есімін жаңғырту балалары үшін ғана ке­рек деп айту қате. Бұл есімнің Сыр журналистикасына қосқан үле­сі мен үлгілі өмір жолы ең алды­мен жас ұрпақтың жадында болып, солардың тәрбиесіне жарауы қажет.

Менің басты мақсатым да – сол, сонымен бірге жас шығармашылық өкілдеріне материалдық көмектесу. Бұл қадамның болашақ әкем се­кілді ұлтжанды жақсылардың қа­лыптасуына сеп болатынына сене­мін.

2019 жылы «Сыр бойы» га­зетінің 90 жылдығына арналған «Тоқсан жылдың толғауы», 2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналған «Тәуелсіздік тол­ғауы» атты байқаулар жас журналистер арасында ғана өткен еді.

2022 жылы әкемнің туғанына 100 жыл толуына орай, өңір басы­лымдарының басын қосып отырған «Сыр медиа» ЖШС және Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы, Қ.Әбенов атындағы «Сыр журналистикасы» қоғамдық қоры бірлесіп, шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Бұған тек жас журналистер емес, сақа журналис­тер де қатысты. Жеңімпаздарды ба­ғалы сыйлықтармен марапат­та­дық.

Біз мұндай шығармашылық бай­қауларды бірнеше жылдан бері қолға алып келе жатырмыз.

Биылғы жылдың шілде айында облыстық «Сыр бойы» газетінің жарық көре бастағанына 95 жыл толады. Осы мерейлі кезеңде «Сыр журналистикасы» қоры Журналис­тер одағының облыстық филиалымен бірлесіп, шығармашылық байқау жарияламақ. Оған да бар­лық журналистердің қатысуға құқы бар.

Байқау ережесіне сай келген туындыларды арнайы сарапшылар көзімен іріктеп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Осы жұмыстарды ұйымдасты­руды басылым басшылығы қолға алып, қаржылық қолдау мәселесін өзім шешіп отырамын.

Бұл жұмыс әкемнің атын шы­ғару емес, ол кісінің аты да, атағы да ел жадында қалды. Мен әкемнің журналистика саласындағы ізін жоғалтпайтын жас толқынның өсіп толысуын тілеймін.

Әкем маған осы істі аманаттап кеткен секілді сезінемін.

Қанат ӘБЕНОВ,

ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері,

доғарыстағы полковник

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика