Жексенбі, 15 желтоқсан, 00:08

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі

Ақпараттық агенттік Қызылорда облысында алдыңғы қатардағы портал ретінде Мемлекет басшысының, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты тақырыптарды тұрақты түрде жариялап отырады. Біз өңірлік және заң шығарушы билік әзірлеп, іске асыратын басымдықтарға,  ұлттық жобаларға, мемлекеттік, өңірлік, салалық, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларға ақпараттық қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береміз.

«Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық, тарихи-танымдық салаларында болып жатқан сүбелі жетістіктерін екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) ақпараттандырып, өз оқырмандарын шынайы жаңалықтармен қамтамасыз етіп келеді.

Ақпарат агенттігінде ешкімде қайталанбайтын өз өнімдері мен фоторепортаждар беру жүйелі түрде жолға қойылған. Сонымен қатар агенттік оқырмандары үшін күніне 5-6 ақпараттық, сараптамалық, мәдени-ағартушылық және авторлық жобалардың аудионұсқасы жарияланады. Сондай-ақ ақпараттық агенттік тілшілері интернетте ақпарат берудің тың және жаңа формасы ретінде қарастырылатын мультимедиялық лонгридті де меңгерген. Оған қоса, видеоконтент жасауға да машықтанған.

Агенттік тілшілері республика, облыс көлемінде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, бел ортасында жүр. Қашанда халық жанынан табылып, кез келген жағдайды боямасыз, бүкпесіз көрсетіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын ел назарына ұсынады. Сыр өңіріне қатысы бар республикалық жаңалықтарды да назардан тыс қалдырған емес. Тұрғындардың мәселесінен туындаған сауалдарға тиісті сала мамандарынан жауап алынып, үнемі сайт бетінде жарияланып келеді. Осы орайда айта кетері, сайттың «Бізге жаңалық жіберіңіз» бөлімінде арнайы «WhatsApp» нөмірі көрсетілген. Осының арқасында оқырмандар тікелей «WhatsApp» нөміріне хат жазып, жаңалық жолдап отырады. Бұл дегеніміз, сайт тілшілерінің тұрғындар мәселесін бей-жай қарамайтындығын білдіреді.

Ел өмірінің барлық салаларынан жан-жақты мәлімет жинақтап, азаматтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының мүдделерін қорғау және қоғамның топтасуы, биліктің барлық деңгейлерінде басқарудың тиімділігін арттыру бойынша мақалалар дайындайды. Бүгінгідей цифрлық технологиялар уақытында бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы ерекше байланыс құралы рөлін атқарады. Бұл байланыс жоғары лауазымды шенеунік немесе белгілі саясаткер үшін де, сондай-ақ ірі қоғам қайраткері немесе Қазақстанның қатардағы азаматы үшін де бірдей маңызды. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарапайым адам өзін танытып қана қоймай, проблемалары туралы айта алады. Сондай-ақ  шенеуніктер мен саясаткерлердің жұмысын бақылауына мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда билік пен бұқара арасындағы алтын көпір рөлін атқара бермек.

«Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан – жаңғыру жолы» Жолдауында ұсынған қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы бойынша жұмыс жасауға дайын. 

Жалпы, ақпараттық агенттік бұған дейін Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуын, халыққа қажетті реформалардың өңірде жүзеге асырылғандығын ақпараттандырып келеді. Алдағы уақытта да әрбір сала бойынша аймақта атқарылған жұмыстарды үздіксіз жариялайды.

Ақпараттық агенттік сайтында жыл бойы білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет және басқа да салалар бойынша мақалалар жарияланады.

Облыс көлемінде денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылған жұмыстар аз емес. Аймақтың даму көрсеткішін анықтайтын бірден-бір сала бұл денсаулық сақтау саласы.

Ақпарат агентігі сайтының «Денсаулық» айдарында облыс медицинасының дамуы, жетістіктері мен дәрігер мамандардың сұхбаттары үнемі жарияланып келеді. Сонымен қатар аталған сала бойынша пайдалы ақпараттар, дәрігерлердің ақыл-кеңестері тұрақты түрде жарық көреді. Оған қоса, аймақта саланы дамыту бағытында салынып жатқан жаңа ғимараттар, ауылдық елді мекендердегі тұрғындарға медицинаның қолжетімділігі, ондағы медициналық бекеттердің ашылуы, олардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жариялануда. 

Аталған айдардан тұрғындар тарапынан дәрігер мамандарға жолданған сауалдар негізінде жауап беріліп, халықты толғандырған мәселелер бойынша ақпараттар табуға болады. Сондай-ақ күн сайын денсаулық сақтау саласына қатысты ақпараттар мен хабарландырулар, коронавирусқа байланысты елде, облыста қалыптасқан эпидахуалға қатысты ақпараттар үздіксіз жарияланып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік мидициналық сақтандыру жүйесі бойынша өзекті тақырыптар да сайтта жарияланады. Бұл тұрғыда мамандар халық көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп, дәрігерлердің сұхбаттарын жариялауда.

Ақпарат агентігі сайтының кезекті айдары – «Білім». Аты айтып тұрғандай бұл айдар бойынша республика және облыс көлемінде білім саласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, ұстаз мәртебесі, мұғалімдер мен оқушылардың зерттеу жұмыстары, халықаралық, республикалық, облысаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, олардың еңбегін қалың көпшілікке насихаттау үздіксіз жарияланып келеді. Сонымен қатар аймақтағы ғалымдардың еңбегін, олардың алыс-жақын шетелдерде біліктілігін арттыруы туралы ақпараттар сайт бетінен жарық көруде.

Облыс көлемінде жаңадан бой көтеріп келе жатқан мектеп, балабақша ғимараттарының құрылысы, қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналған жеке мектептердің көбеюі сынды мақалалар да тілші назарынан тыс емес.

Сондай-ақ мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, білім мен ғылымға баулу мақсатында білім беру ұйымдарында ашылған үйірмелер қызметін ақпараттандыру жүзеге асып келеді. Бұл саладағы жарқын істер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Агенттік тілшілері халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін ашық айтып жүр. Тұрғындардың сауалын тиісті сала мамандарына жеткізе отырып, олардың жауабын сайт бетінде жариялауда. Әрбір мәселе жіті зерттеліп, дер кезінде көтеріледі. Көбіне сайттың әлеуметтік желідегі парақшаларына жәрдемақы, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек тақырыптары бойынша сұрақтар жолданады. Біз әрбір оқырманның сауалын жауапсыз қалдырған емеспіз. Сондықтан ақпарат агенттігінің жұмысы облыс тұрғындарының тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Жалпы, әлеуметтік желіде халықтың электронды базаға, электрондық үкіметке қатысты көтерген мәселесі, сауалдары мен өтініштері де ескерусіз қалмайды. Бұл орайда сайт тілшілері «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ» Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Яғни, халықтың цифрлық сауатын арттыру, «Е-gov» электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін барынша ашып көрсету бағытында жариялап жатқан ақпараттар жетерлік.  

Қазіргі таңда өңірде кәсіппен айналысуға ынталы азаматтар көп. Кәсіпкерлік саласының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар себеп болып отыр. Саланы дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың арқасында Сыр өңіріндегі кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Әсіресе ауыл-аймақ тұрғындары мен жастар қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіп бастап, жұмыссыздар санын азайтуда.  

Жоспарға сәйкес, облыс көлемінде кәсіп бастаған немесе кәсібін кеңейткен жандардың тірлігін кеңінен насихаттап, оларды өзгелерге үлгі ету үшін ақпараттар жариялануда. Ақпараттық агенттік тілшілері сала мамандары тарапынан ұйымдастырылған баспасөз турлары мен өзгеде жиындарды кеңінен ақпараттандырып келеді. Біз үнемі кәсіпкерлердің еңбегін елге насихаттап отырамыз. Әртүрлі айдарлар арқылы облыстағы өнім өндірушілерді қолдап, елге танытамыз. Аймаққа танымал кәсіпкерлердің тәжіребиесін, кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын, жетістік жолын насихаттауды мақсат етеміз. Бұл облыстық сайт тарапынан кәсіпкерлердің ісін дамытуға да өз септігін тигізетіні анық. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.

Осы орайда айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласы бойынша да ақпарат агентігінің сайтында жарияланған ақпараттар баршылық. Ауыл шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтардың нәтижелі жұмыстарын насихаттауды бір сәтке де назардан тыс қалдырған емеспіз. Көктемгі дала жұмыстары, дән себу, ала жаздай диқандардың еңбегі, «Алтын дән» шаралары, шаруашылықтардың жай-күйі, олардың жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі ақпараттандырылып келеді.

Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті болып тұрған баға тұрақтылығы, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен мұндағы мәселелер, тұрақтандыру қорындағы соңғы ақпараттар да «Kyzylorda-news.kz»-тің назарынан тыс қалған емес.

Қазіргі таңда агенттік заман талабына сай бәскелестік ортада жылдам ақпарат тарата алады. Өзінің стилі мен ақпарат берудегі қайталанбас ерекшеліктері қалыптасқан агенттік ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын, еліміздің түрлі саладағы дамуы мен өңіріміздің тыныс-тіршілігін, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ақпараттандыруды жалғастыра береді.

Яндекс.Метрика