Жұма, 11 қазан, 17:46

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Жыл қорытындысы: Әлеуметтік сала күшейтілді

29.12.2023

346

0

Жыл қорытындысы: Әлеуметтік сала күшейтілді
Фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған шолулар легін жалғастырады. 2023 жылдың даму қорытындылары бойынша облыстармен іске қосылған жобаның кезекті материалы Қызылорда облысына арналады. Биыл өңір 85 жылдығын атап өтуде. Облыс мерейтойы қарсаңында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Былтыр өңірдің негізгі көрсеткіштерінің ішінде инвестициялар мен бюджет көлемі ұлғайды. Қаржылық толықтырулар Арал өңірі тұрғындарының өміріне қалай әсер етті және тарихи мұрасы бай, табиғи, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының әлеуеті бар өңірде қандай мәселелер шешілді?

2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысы макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республика бойынша алғашқы үштікке енді

Инвестиция көлемі 18,4%-ға өсіп, шамамен жарты триллион теңгеге жетті. Бұл орайда, 72%-ы — жеке инвестициялар. Минералды-шикізат ресурстар әлеуеті зор өңірде бірнеше бағытқа баса назар аударылды. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібінің әлеуетін кеңейту, құрылыс материалдары өнеркәсібін, АӨК дамыту, жаңа өндіріс объектілері мен өңір тұрғындарын энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету.

2023 жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібінде өсім 28,9%, ауыл шаруашылығында – 2,5%, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша – 20,4%, тұрғын үй құрылысында – 16,3%, саудада — 4,7%, көлік және логистика саласында – 8,4%, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі бойынша – 18,4%, оның ішінде жеке инвестициялар бойынша – 19,5% болды.  

Өңір бюджеті 57%-ға артып, 609 миллиард теңгеден асты.

Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21,5%-ға жетті. Жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектілерінің саны 10,3%-ға ұлғайды. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті қаржылық қолдауға түрлі көздерден 63 миллиард теңге тартылып, 4,6 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 15,8%-ға өсті, бұл 124 мыңнан астам адам.

Әлеуметтік сала күшейтілді

Биыл өңірде білім саласына 278 миллиард теңге бөлінді. 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде, Қызылордада тағы төрт мектепке 2 мың орындық қосымша ғимарат салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 объектінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлығы 21 мектептің құрылысы көзделген. Ал, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен облыс орталығында физика-математикалық бағыттағы мектеп-интернаттың құрылысы қолға алынды. Ол 400 орынға есептелген. Жоба 300 орындық жатақхананы да қамтиды. Құрылыстың жалпы құны шамамен 8 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының іргетасы қаланып, құрылысы басталды.

Өңірде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген мамандарға да қолдау көрсету жүзеге асырылып жатыр. Биыл бағдарламаға 2,5 миллиард теңге бағытталды.

Өңір заманауи технологияларды пайдалануға, мұнымен қоса, олардың дамуына жағдай жасауға ұмтылады. Осы мақсатта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында СеулТех-тің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш жоғары оқу орнында жасанды интеллект саласында кадрлар дайындайтын және осы салада зерттеулер жүргізетін орталықтар ашу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласындағы кадрларды дайындауға мамандандырылады. Студенттер әлемдік IT-технологияларға қолжетімділік беретін, СеулТехпен бірлесіп әзірленген бағдарламалар бойынша оқиды.

Денсаулық сақтау саласында да елеулі өзгерістер орын алуда. Оны дамытуға 138,6 миллиард теңге бөлінді. Мысалы, Қызылорда қаласында 300 төсек-орындық көпсалалы аурухана мен ауысымына 100 адам қабылдайтын емхананың құрылысы басталды. Онкология бөлімі де қарастырылған. Жобаның құны 36,4 миллиард теңге. Жаңа Қан орталығы да пайда болады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 объектінің құрылысы жүргізілуде. Олардың жартысынан көбі жақын арада ашылады. Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,1 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 3 есеге артық. Облыстық балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады, онкологиялық скринингті жүргізуге арналған 2 жылжымалы медициналық кешен, денсаулық сақтаудың басқа салаларына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алынды.

Биыл ашылған әлеуметтік нысандардың қатарында, сондай-ақ, аудандарда 11 ДСК, «Отбасы орталығы» бар. Сонымен бірге, Қызылордада 7 мың орындық орталық стадион мен жабық бассейні бар көп бейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Меценаттың қаражатына әйелдердің шығармашылық индустриясы орталығы жұмыс істейтін «Анаға тағзым» орталығы ашылды.

Отандық ғылымның жетістіктері — шаруаларға көмек

Қызылорда облысы экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы болып табылады.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығына құйылған инвестициялар көлемі 10,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға ұлғайды. Өңірдің табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы саласы суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш өсіруге толықтай бейімделген. 2023 жылғы егіс науқанының қорытындылары бойынша әр гектардан 56,5 центнерден өнім немесе барлығы 503 мың тонна күріш жиналды. Биылғы жылы су үнемдеу технологиясы бойынша 872 гектар дақыл егілді.

Облыста Президенттің тағы бір тапсырмасы – агроғылымды дамыту және оның жетістіктерін ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде күріштің және басқа да дақылдардың жаңа сорттарын шығару және өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық беріліп отыр. Жуырда Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен Арал өңірінің агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми-инновациялық дамыту саласында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды. Қазірдің өзінде өнімділігі жоғары, тез пісетін күріштің жаңа сорттары өндіріске енгізілуде. Ғалымдар бірнеше жаңа сортты сынап жатыр. Биылғы жылы мамандардың бағалауынша, жақсы нәтижеге қол жеткізілді: пилоттық жобадағы сорттар 10-15 күн бұрын піскен, 10 центнерден астам өнім алынды. Бұл көрсеткіш келесі жылы да сақталса, 2025 жылдан бастап қызылордалық күріш өсірушілер жаңа сорттар енгізуді жоспарлап отыр.

Ал суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілген.

Сонымен бірге Қызылорда облысында суармалы жүйелерді қалпына келтіру бойынша Жол картасы әзірленді. Бұл жұмыс Су шаруашылығы және ирригация министрлігімен бірлесіп жүргізілді. Соның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, бөлу және суару суын есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және жаңғырту шаралары қолға алынды.

Жолдар, ТҮКШ, энергетика

Қызылорда облысында жолдардың құрылысы мен қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолы. Оның Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі учаскесін (566 км) төрт жолақты қозғалыспен I санатқа ауыстыру жоспарланып отыр. Келесі жылы тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ағымдағы жылдың қазан айында облысқа сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жолдың өте тар екенін, сондықтан оны кеңейту жұмыстарын бастау керектігін атап өтті.

Тағы бір маңызды жоба – Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолы. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетін 216 километр жолдың 104 километрі аяқталды.

Жалпы, 671 шақырым жолды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 38,5 миллиард теңге бөлінді.

Еліміздің және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін Қызылордада жаңа ЖЭО-ның құрылысы басталды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО-ның қуаттылығы сағатына 240 МВт электр қуатын және 277 Гкал жылу энергиясын құрайды. Объектіні 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жергілікті тұрғындардың жылу мен электр энергиясына деген сұранысын толық қанағаттандырып, артығын өзге өңірлерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Биыл облыста 4170 пәтерлік 300 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Қазірдің өзінде шамамен 2500 пәтер тапсырылды. Бұл облыстың 11 мыңға жуық тұрғынын баспанамен қамтуға мүмкіндік берді.

Көрікті және тарихи орындар

Қызылорда облысының мәдени мұрасы бай, өңірдің туристік әлеуеті зор. Өңірде 500 көне ескерткіш бар. Әсіресе, Қорқыт Ата кешені туристер арасында кеңінен танымал. Мешіт, намазхана, музей, амфитеатр, стелалар, биіктігі 12 метрлік қобыз пішінді ескерткіш қонақтарға көрсетілетін қызмет кешеннің тартымдылығын арттыруда.

Биыл Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділері өркениетін паш ететін «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымы» мүсіндерінің алтын әшекейлі көшірмелері облыстық музейге табыс етілді. Жаңа жәдігерлер өңірдің мәдени брендіне айналады.

Өтіп бара жатқан жылда Қызылорда облысында түрлі салаларда дамудың оң серпіні байқалды, алдағы 2024 жылға дайындық жақсы. Өңір мен оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында алға міндеттер қойылды, ең бастысы оларды жүзеге асырудың нақты жоспары бар.

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика