Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Италияға жұмыс сапары кезінде Рим қаласындағы бірқатар инвесторлармен кездесті. Алдымен «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.
«Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Қауымдастық құрамында кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз.Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.Серіктес қажет болған жағдайда, аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар», – деді Н.Нәлібаев.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған өнімдерді әзірлейтін «SGM Іtalia» компаниясының басшысымен кездесті. Іскерлік кездесу барысында медицина саласындағы инвестициялар үшін негізгі бағыт айқындалды. Оның ішінде Қызылорда облысында биохимиялық ерітінділер мен реагенттердің жергілікті өндірісін ашу мәселесі талқыланды.
Айта кетейік, облыста биохимиялық ерітінділер және реагенттермен жұмыс істейтін бірнеше ірі зертхана бар. Атап айтқанда, өңірде «Олимп» зертханасының 18 филиалы, «Invivo» зертханасының 20 филиалы орналасқан. Олар клиникалық диагностикаменбелсенді айналысады және жоғары сапалыреагенттерді қажет етеді.Әрі қарай аймақ басшысы «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды. Айта кету керек, 29 қазан күні екі елдің ынтымақтастық жөніндегі 9-шы жұмыс тобының отырысында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен Италияның CDP ұлттық даму институты арасында 200 млн еуро көлемінде кредиттік келісімге қол қойылды. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму Банкіне» «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігі тарапынан кепілдік беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл қаражат елдің тұрақты дамуына ықпал ететін экономиканың негізгі салаларын дамытуға бағытталмақ.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Ansaldo Energe» компаниясының басшысы Фабрицио Фаббримен кездесіп, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды талқылады. Электр энергиясын тұтыну қарқыны мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту маңыздылығы ескеріліп, түркиялық «Aksa Energy» компаниясы қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығын салуда.Бұл облыстың электр энергиясына қажеттілігін толығымен жауып, Қызылорданы импорттаушыдан экспорттаушы өңірге айналдырады. Жаңа нысан энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға және тарифті тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жоба 2025 жылы іске қосылады.
Мемлекет басшысының биылғы ақпан айында Катарға жасаған іссапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Соның бірі – Қызылорда облысында қуаттылығы 1100 мегаваттық бу-газ электр станцияларын салу. Жобаны 2024-2029 жылдары іске асыру, «Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Жезқазған» бағыттары бойынша жаңа электр желілерін тарту жоспарлануда. Кездесу соңында аймақ басшысы инвесторларды Сыр еліне арнайы іссапармен келуге шақырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі