Қызылордада аймақ басшысының қолдауымен Әзірбайжан классигі Узейір Гаджыбековтың «Аршын мал алан» комедиялық опереттасы сахналанды.
Көрерменге бұрыннан таныс болса да, Сыр топырағында алғаш рет сахналанған мюзиклде сол замандағы қоғамдағы теңсіздік, бай-кедей арасындағы таптық айырмашылық пен махаббат иірімдері сынды өзекті мәселелер комедиялық жанрда көрініс тапқан. Бауырлас елдің танымал шығармасында ең ұлы махаббат сезімінің материалдық құндылықтан биік екендігі насихатталып, тамашалауға келген жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Бүкіләлемдік өркениет тарихында түркі әлемінің рухани мұрасына айналған музыкалық қойылымға Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының режиссері Евгения Пермякова режиссерлік етті.
– Маған музыкалық опереттаға қоюшы режиссер болуға ұсыныс түскен сәтте қуана-қуана келісімімді бердім. Әрине, дайындық сәтінің өз қиыншылықтары болды. Өте қысқа уақытта осындай керемет туынды жасап шығу оңайға соқпады. Оперетта — вокал, би және актерлік шеберлік секілді үш өнердің біте қайнасуы. Осындай үлкен өнерді, сіздер үшін жаңа жанрды ойдағыдай алып шыққан жергілікті әртістерді бүгінгі премьерамен құттықтаймын, — дейді Евгения Михайловна.
Ал опереттаның кейіпкерлерінің бірі Жиханның рөлін сомдаған «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова шығармашылық топтың еңбегіне тоқталып өтті.
– Махаббатқа толы, жылы, өте керемет туынды Сыр тұрғындары үшін үлкен жаңалық болып отыр. Әрине, біз үшін де. Барлық шығармашылық топ үлкен еңбек етті. Жақсы қойылым, жарқын эмоциялар сыйлау үшін жұмыс жасадық. Нәтижесін, бағасын халық өзі бере жатар. Көңілдеріңізден шығады деген сенімдемін, — дейді Үміт Еменқызы.
Оперетта облыстық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Кеш соңында өнер өкілдерінің құрметіне орай аймақ басшысының ықылас гүлі табысталды.