Бейсенбі, 14 қараша, 08:57

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Мемлекет дамуында мәслихаттың ықпалы зор

09.11.2024

154

0

Мемлекет дамуында мәслихаттың ықпалы зор

Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында баяндама жасаған облыс әкімі Н.Нәлібаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылып, жұмысын бастаған өңірдегі мәслихаттардың сол кезеңдегі ел дамуындағы саяси-әлеуметтік ықпалына тоқталып,  бүгінгі жаңа кезеңде өкілді билікте қабылданып отырған жан-жақты реформалардың, қарқынды жұмыстардың да халық игілігіне бағытталып отырғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен соңғы жылдары еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Саяси реформалардың басты мақсаты – еліміздегі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, әділетті Қазақстанды құру жолына қадам басудамыз. Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет тұжырымдамасы арқылы билік пен халық арасындағы өзара сенімділік артуда. Облысымыздан сайланған Парламент депутаттары да еліміздің өкілді жүйесіне өз үлесін қосып келеді. Мұның бәрі халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын орнықтыруға тікелей ықпал етуде, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сөзінің барысында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында таяу жылдары жол, құрылыс, электр энергиясы, коммуналдық сала бағытында іске асырылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.

– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда.

Биыл 43 млрд теңгеден астам қаржыға 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөнделуде. Соңғы үш жылда 1271 шақырым жол қайта жөндеуден және жаңғыртудан өтті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады. Ал электр энергиясымен қамту бағытында 2022 жылдан бері 20 млрд теңгеге 60 жоба жүзеге асып, биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынған. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 62 пайызға төмендетеді.

Халықты табиғи газбен қамту деңгейі 75 пайыз. Өңірдегі барлық қала мен аудан орталықтары, 29 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылған. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд 500 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға 306 шақырым газ желілері салынды. Бұл 20 мыңнан астам халқы бар 17 елді мекенді газға қосуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылдан бері облыс аумағында 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асты. Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі жыл аяғына дейін 98,6 пайызға жетеді, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында облыс әкімі ел аманаты жолында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан әр кезеңдегі мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтарды ҚР Сенат Төрағасының «Алғыс хатымен», Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапаттап, «Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл» төсбелгісін табыстады.

Өнер орталығындағы салтанатты жиын облыс филормониясы көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

* * *

Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай облыс әкімдігінде «Жергілікті өкілді орган – мәслихаттардың өңір дамуындағы орны мен рөлі» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов жүргізді.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен депутаттар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияның күн тәртібіне сәйкес «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі мен маңызы» тақырыбында баяндама жасаған Сенат депутаты Руслан Рүстемұлы жылдар көлемінде жинақталған тәжірибе айқындағандай, бүгінгі таңда мәслихат депутаттарының құрамын қалыптастырудың маңызды екенін атап өтті.

– Мәслихаттар – жергілікті жердегі өкілді орган ретінде азаматтардың басқаруындағы ашықтық пен белсенділікті нығайтуға ықпал ететін, халық пен билік арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі тетігі. Алғашқы сайлаудан бері мәслихаттарды нығайту және құрылымдық жаңғырту бойынша маңызды қадамдар жасалуда. 2022 жылғы конституциялық реформа аясында басталған дәйекті өзгерістердің нәтижесінде мәслихаттар өз өкілеттіктерін кеңейтті. Олардың қызметі басқарушылық және реттеуші функциялардың кең спектрін қамтиды.

Мәслихат депутаттары Сенаторларды сайлағаны сияқты, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін таңдауы сияқты маңызды функцияларды іске асыра отырып, елдің саяси жүйесінде шешуші рөл атқарады. Осылайша мәслихат депутаттары биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағының өкілдігі мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды, – деді Р.Рүстемов.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Ақзада Мадалиева «Жергілікті өкілді органдардың демократиялық қоғам қалыптастырудағы орны» тақырыбында баяндама жасап, осынау уақыт аралығында барлық деңгейдегі мәслихаттардың елмен ашық қарым-қатынас орнатып, демократиялық қоғам қалыптастыруда нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партия тарапынан қолға алынған басты жобалардың өңірде белсенді іске асырылып, өз нәтижесін бере бастағанын айтты.

Конференция барысында депутаттар мен бірқатар азаматтар ҚР Парламент Сенаты Төрағасының және Парламент Мәжілісі Төрағасының «Алғыс хаттарымен», облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Депутаттар өмір жолынан алынған «Аманат жүгі» деректі кітабының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай жыл басынан бері түрлі мәдени-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде, облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен және ҚР Шахмат Федерациясының қолдауымен «SENAT OPEN» ҚР Парламенті Сенатының шахматтан ашық кубогы және тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» облыстық турнирлері өткізілді.

Ғазиза ӘБІЛДА

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика