Ақтөбе қаласының 155 жылдық мерейтойына орай қала әкімдігінің қолдауымен, қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Жыр жауһары» атты жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өтті. Қызылордалық ақындар да бұл байқауда бақ сынап қайтты.
Ұйымдастыру алқасы хабардар еткеннен бастап, ақындармен басымыз қосылатын күнді тағатсыздана күттік. Әлеуметтік желіде топқа қосылған ақындардың барлығы да қаламдас достар мен көзкөрген таныстар. Аз-кем алаңдап жүргенде аттанатын күн де туды. Теміржол вокзалынан бастап, гүлімен қарсы алған ақжүрек жандардың аппақ ниетіне көңіліміз жылып сала берді. Алып ұшып жеткен ақындарды алақанында аялап, аяғын жерге тигізбеген ақтөбелік ағайынның қонақжайлығына тәнті болдық.
Жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу, шығармашылық ізденісіне жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған поэтикалық дуэльде Астана, Түркістан, Жезқазған, Қызылорда, Семей, Атырау, Орал, Шымкент және Ақтөбе қалаларының жас шайырлары бақ сынады.
Жыр додасына қатысқан 12 ақын үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде «Таудан биік Ақтөбем» тақырыбында Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арнау өлеңдерін оқыса, «Жастар жырлайды» атты екінші кезең патриоттық тақырыптағы поэзияға ұласты. Ал «Жыр жауһары» атауын алған үшінші кезеңде іріктелген 4 ақын сахна төрінде кезектесе отырып, еркін тақырыпта өлеңдерін оқыды.
Республиканың түпкір-түпкірінен жиналған қатысушыларға ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт, ақтөбелік жас жазушы, Жазушылар одағының мүшесі Әлихан Жақсылық және филология ғылымдарының докторы Рита Жұмағалиева қазылық жасады. Олар кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтау қиынға соққанын жасырмады.
Сайыс нәтижесінде үшінші орынды еншілеген ақтөбелік Дәурен Тілеухан өз өлеңінде қалаға былайша ақтарылып сыр ашады:
Сап түзеп салтанатты бағаналар,
Бейуақта жарқ-жұрқ етіп жанады олар.
Ақтөбе, бәрі осының бір күндері
Елес боп екеумізден қала барар…
Туған жерге деген махаббат пен оған деген сағыныш тірі жанның жүрегінен ешқашан өшпек емес. Қос қолын төбесіне қойып безіп кеткен пенденің өзін түптің түбінде балалығы өткен сол мекендегі жылт еткен сәулелі сәттер әйтеуір бір сағындыратыны анық. Адам топырақтан жаралған болса, жанымыздың бір бөлшегін туған жердің топырағынан жаратқан ба дерсің. Оған Гүлнәр Салықбайдың мына өлеңі дәлел:
Арна таппай тасып келдім,
Жылай алмай жасып келдім.
Өзімді іздеп кеткен едім,
Енді өзімнен қашып келдім.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы, жас ақын Дәулет Жадырасын өз өлеңін былайша өреді:
Оянғанда кештерде сен шам болып,
Қызықтайды көзіңді ел сән көріп.
Ескі ойлардың үстінде мен жыр жазып,
Ескі қала үстінде сен сәнденіп…
Қос құрлықтың ортасында орналасқан Ақтөбе қаласына биыл 155 жыл толды дегенмен, шындығында бұл қаланың тарихы әріректе жатыр. Қала аумағынан XVII-XVIII ғасырда өмір сүген сұлтандардың қорымы табылған. Сонымен қатар дәл осы маңда ортағасырлық қала болғаны анықталған.
Оқ бойы оза шауып, бірінші орынды қанжығасына байлаған шымкенттік жас ақын Сезім Мергенбай Ақтөбеге арнауында:
Тәңір салып тау іздедім сабылып,
Жол іздедім күдерімді мәпелер.
Әлде сары Мұғалжардай сарылып,
Ойға жем боп отыра ма әкелер? – деп толғайды.
Астарына үңілсек, қазақ «Әке – асқар тау» дейді. Ал Сезімнің сезімге толы поэзиясында қазақ даласындағы таулар әке бейнесінде сипатталады. Қай-қайсысын алсаң да шашасына шаң жұқпай, шаршы топты жарып жүрген жас ақындарға жүлделі орындардан бөлек қатысқаны үшін қаржылай сертификаттар табысталды.
Қазақ поэзиясындағы алдыңғы буын ағалардың жалғасы, қаламы ұшқыр жас ақындардың басын қосу үлкен мәртебе. Ақтөбе қаласында өткен осынау сапар әрбір қызылордалық ақынның жүрегінде ең аяулы сәт болып сақталып қалары хақ.
Аружан ОРАЛБАЙ,
Қызылорда-Ақтөбе-Қызылорда