Жұма, 04 қазан, 17:28

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қордағы құнды кітаптар қалай тіл қатады?

07.09.2024

198

0

Қордағы құнды кітаптар қалай тіл қатады?
Фото: syrboyi.kz

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің  қорында  әлі мазмұны ашылмаған  парсы,  шағатай,  араб тілінде  жазылған  160-тан  астам қолжазба мен көне кітаптар қоры сақтаулы. Соның бүгінде жиырмасын ғана зерделеп, аударуға мүмкіндігім болды. Бүгін хакім Абайдың араб әрпімен 1909 жылы және шамамен 1922 жылдары басылып шыққан көне кітабы жайлы сөз қозғағалы отырмын.

Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургте Кәкітай мен Тұрағұлдың  бастырып шығарған жинағына ақынның жүз отыз бес өлеңі, оның отыз тоғызы аудармалары, «Ескендір», «Масғұт» поэмалары он жеті бөлікке бөлініп жарияланыпты. Кітаптың тағы бір құндылығы – Кәкітай Ысқақұлының Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының өмір жолын қоса жазып бастыруында.

Жинақ «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» басталған екен. Өлеңнің төртінші қатарындағы «Кім көңілді көтеріп болады ермек» деп жазылса, бұл жолдағы «көтеріп» сөзі Абай жинақтарында «көретін» деп беріліп жүр. Сол сияқты алтыншы қатардағы «адам» сөзі жинақтарда «өмір» деп, келесі бір жерлердегі «кезбек» сөзі жинақта «кезіп» деп берілгені болмаса, анау айтқан алшақтық кездесе бермейді. Кітаптың құндылығы Абай шығармаларын ыждағаттылықпен жинақтап, сонау Петерборда үш жыл жүріп, бастырып шығаруында.

Ұлы ақын өлеңдері көзі тірісінде халық арасында жатталып, кеңінен таралып, ауыз әдебиетінің жауһарына айналып үлгерді. М.Әуезовтің «қазақ ортасында Абайдың шығармаларын сүйіп, сүйсініп оқып, ұзатылар қыздар кезінде Мүрсейіт, Самарбай, Дайырбай сияқты көшірушілерге жаздырып алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз» деген сөздері ақын шығармаларының қолжазба түрінде де көшіріліп таралғанын айғақтайды.

Ел ішінен тірнектеп жиған ұлы ақын мұрасын реттеп, қағаз бетіне түсіруді Кәкітай Ысқақұлы Мүрсейіт молдаға тапсырады. Мүрсейіт – Абай ауылында бала оқытқан, ақынның тапсыруымен өлеңдерін жазып алып отырған адам. Жинақталған өлеңдер саны 5 дәптерге жеткен. Жоғарыда атап кеткендей, Абай өлеңдеріне сұрау салған адамдарға да көшіріп беріп отырған. Жалпы Мүрсейіт қолжазбалары халықты ақын шығармашылығымен таныстыратын негізгі нұсқа болып табылады.

Кәкітайдың осы алғашқы жинақты шығарудағы еңбегін «Абайдың баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбек етуші – Кәкітай дейміз» деп заңғар жазушы М.Әуезов өз бағасын береді. Осылайша Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспаханасында басылып шыққан.

Екінші құнды кітап – облыстық музей қорына 1982 жылы Мыната Қалдыбаев деген кісі сыйға тартқан Абай өлеңдер жинағы. Алайда  бұл  қолжазба бірде-бір рет экспозицияға  қойылмапты. Араб әрпімен  жазылғандықтан  аса  назар  аудармаған болар.

Абай Құнанбайұлының бұл  жинағы «Масғұт» поэмасымен басталған. Кітаптың алғашқы 38 беті жоқ. Поэманың алғашқы 14 қатар жолы жазылмағанын ескерсек, кітапта Ескендір поэмасы, тағы басқа шығармалары болған-ау деген ойға жетелейді. Поэма екі-ақ (39-40) бетте ғана жазылып, соңғы 116 қатар өлең жолдары түсіп қалған.

Кітаптағы 41-беттен басталатын «Сабырсыз, арсыз,  еріншек»  өлеңінің алғашқы 44-қатары жазылмай түсіп қалған. Бұл кемі екі бет өлең. Өлең «Өлең ағып тұрса бейне су» деген  жолдарымен  басталып,  «Елдің жайы солай-ды» деген жолдармен аяқталған. Кітаптағы өлеңдер рет санымен қойылып, 256-бет  болып белгіленіпті. Шығарма 13 бөлімнен тұрады.

Бірінші   бөлімдегі  шығармалар түсіп  қалғанымен  поэмалары  шығар деп топшыладық.

ІІ бөлім – Сегіз аяқ, ІІІ бөлім – Өзі туралы, ІV бөлім – Замандастар, V бөлім – Уақыт, VІ бөлім – Ой, VІІ бөлім – Өлең туралы VІІІ бөлім – Сүю туралы, ІХ бөлім – Сұлу қыз, Х бөлім – Аттың сыны, ХІ бөлім – Аңшылық туралы, ХІІ бөлім – Жылдың төрт мезгілі туралы, ХІІІ бөлім – Тәржімалар бөлімі.

Кітапқа 135 өлең, 1 поэма енген. Соңғы бөлімде Лермонтов, Пушкин, Крыловтың 39 өлеңі бар. Кітап 11 санымен белгіленген «Бөтен елде бар болса» (Көжекбайға) өлеңі  42-50 бетке  дейін жалғасып, 163 жол түгел  беріліпті. Одан соң 12 санды 50-52 беттердегі «Ішім өлген, сыртым сау»  өлеңі  де  түгел сақталған. Бұған дейін 10 шығарма  кітапқа енбей немесе түсіп қалғандығы анықталып отыр.

Абай өлеңдері бұған дейін Мүрсейіт (1905, 1907, 1910 ж.ж) және Ысқақұлы Кәкітай (1909 ж)  жинақтары негізінде оқырманға жеткені белгілі. Кәкітай – Абайдың інісі Ысқақтың баласы.

Көне кітаптағы өлеңдерді қазіргі баспадағы  ақын өлеңдерімен салыстырып көруге де тырысып бақтық.

13 санды «Болыс болдым, мінекей» (Күлімбайға) 52-59 беттер өлеңінің 20-қатары «Жүрек кетті дуылдап» деп жазылған. Бұл жолдар 1909 жылғы Кәкітай баспасындағы жолдарға сәйкес келеді. Ал Мүрсейітте бұл «Жүрек кетті дүрілдеп» деп берілген. Ал 34-ші өлең басқа жинақтарда «Мақтаймын елімді» деп жазылған болса, бұл кітапта Мүрсейіт қолжазбасының негізінде «Мақтамаймын елімді» деп жазылыпты. Өлеңнің ең соңғы екінші жолы бұл кітапта «Көрмей тұрып құсамын» деп Кәкітай жинағындай болып беріліпті. Ал бұл жол Мүрсейітте «Көрмей тұрып түсемін» деп жазылған.

15 санды «Білімдіден шыққан сөз» (61-63 беттер) өлеңінің 27-қатарындағы «Ұғар көңіл шын берік» деген бір қатар өлең жолы түсіп қалыпты.

ІІ бөлім – «Сегіз аяқ» деп аталып, онда  «Сегіз аяқ» өлеңі реттік санымен 25 бөлікке бөлініп жарияланыпты. (89-100 беттер)

ІІІ бөлім – «Өзі туралы»  бөліміне (100-120 беттер) он жеті өлеңі еніпті. Бұл бөлім бірінші «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңімен басталыпты. 5-ші санымен белгіленген «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңінің 8-ші қатары «Өлген соң о да үндемес» деп жазылыпты. Ал Абай кітаптарында бұл жол «Өлген соң ол да үндемес» деп жазылып жүр.

Ал 9-қатары «Махаббатсыз – дүние дос» деп берілген екен. Ол ақын жинақтарында «Махаббатсыз – дүние бос» деп жазылып солай айтып жүрміз. Осы өлеңнің қатарындағы «дос» пен «бос» сөздері  баспаға басуда бір әріптен қате кеткен бе, қоғамда қызу пікірталас тудырып жүр. Қайсысы дұрыс? Бұл жеңіл-желпі нәрсе емес басқа өлеңдерінде кездескендей бұл сөздер мағыналас  синонимдер емес, шылау сөздер де емес.  «Махаббатсыз  – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» деп Абай махаббатсыз есіл өмірдің бос, қайран уақыттың зая өтерін айтып отыр десек, «Махаббатсыз – дүние дос» деп берілген нұсқасында «Дүниеден суын! Жүректі тазарт! Құдайды таны!» деп өсиеттеген. Өйткені кімге дүние дос болса, онда оның көкірек көзі жабық деген.  Енді Абай бұл жерде «дүние» деп мал-дәулетті айтты ма, әлде күллі жарық әлемді айтты ма деген де ой туындайды.

6-шы «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңіндегі 23-ші қатар «Билеткеннің бәрі ақша» деп беріліпті. Ал бұл жол Абайдың кейінгі басылған жинақтарында  «Б… байы – ақша» деп берілген. 8 санды «Ал сенейін, сенейін» деген Лермонтовтан аударма өлеңі «Өзім туралы» бөліміне еніп кеткен. Ал аудармалар арнайы ХІІІ бөлімге топтастырылған. 13 санымен берілген «Сұм дүние тонап жатыр» 115 беттегі өлеңі не бәрі сегіз қатар  екі шумақта берілсе, бұл өлең барлық жинақтарда он екі  қатар үш шумақ болып жазылып жүр. 17-ші «Көңіл күй тағы да» деген 120-беттегі Лермонтовтан аударылған өлең «Өзім туралы» бөліміне еніп кеткен.

ІV бөліміне 121-123 беттерге бас-аяғы екі өлеңі енген. V бөліміне «Уақыт туралы» 11, VІ бөлімге «Ой туралы» 8, VІІ бөлім «Өлең туралы» бөлімге жүйеленген 5 өлең енген. VІІІ бөлімінде (158 бет) «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінің алғашқы екі қатары ғана еніп, 18 қатары түсіп қалыпты. 3-ші «Қор болды жаным» өлеңі толық жазылған. 4-ші «Сен мені не етесің?» өлеңінің соңғы 20 қатары түсіп қалған. Одан кейін реттік саны жоқ бетте «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңінің алғашқы 20 қатары түсіп қалып, «Сізде сымбат, бізде ықылас» деген өлең жолдарымен басталып, бес шумақ басылған. 171-беттен бастап «Көзімнің қарасы» өлеңінің алғашқы 18 қатары жолы түсіп қалып, «Бейхабар жүргенсің» сөзімен басталады да, «Күн бар ма бір тынар?» (175-бет) деген жолмен аяқталған.

Кітаптағы «Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға» деген жолы 1909 жылғы баспаға сүйеніп жазылған, ал Мүрсейітте бұл «Тастан түлкі жолығар аңдығанға» деп берілген. Осы өлеңнің 9-қатары «Томағасын тартқан да бір қырынан» деп жазылған. Ал Мүрсейітте «Томағасын тарқан соң» деп берілген. Осы мысалдарға қарап кітапты Кәкітай жазбаларына қарай бұрмақ болсам, 42-қатардағы «жасы үлкендер жанына байлағанда» деген  Мүрсейіт нұсқасы беріліпті, ал бұл жол Кәкітайда «байланғанда» деп беріліпті. Аталған кітапта Абайдың қара сөздері жоқ. Ал Мүрсейітте (1905, 1907, 1910 ж.ж) қара сөздері бар. Абай қара сөзі алғаш рет 1933 жылы жинақта басылғанын ескерсек,  бұл кітап одан бұрын шыққан болуы мүмкін.

Кітап Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиіне келіңкіремейді. Төте жазу сөзде қанша әріп болса, сонша әріп таңбаларымен көрініс табады. Ахмет бойынша үш таңбалы әріп берілу керек болса, бұл кітапта екі таңбалы  әріппен берілген. Ахмет бойынша  «жанын» сөзі  бес әріппен берілу керек болса, бұл  кітапта араб әліпбиіне тән дауысты дыбыстарға фатха, кәфа, дамма харакаттарымен  белгілеу ережесіне сүйеніп, дауысты дыбыстар белгіленбей, үш әріппен ғана жазылыпты. Әлі де зерделеуді қажет ететін бұл кітап жайлы соңғы сөз ғалымдарда болуы керек. Түркітанушы ғалым Серікбай Қосанов: Бұл кітап 1922 жылы «Қазан» баспасынан қазақтың жас ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен жарияланған нұсқа болуы  мүмкін деген қорытынды берген екен. 

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

өлкетанушы

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика