Жасыратыны жоқ, елдегі теміржол жайы, билет бағасы, пойыздардың азып-тозған ахуалы жыл сайын айтылады. Әсіресе, шілденің ми қайнатар күнінде желдеткіші жетіспейтін вагонмен қатынау, қуаттағыш іздеп сенделу кім-кімге болсын жол азабын көрсетері анық. Содан болар, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-дан арыз арылмай-ақ қойды.
Ескіні жамау қашанғы нәтиже берсін, 15 жылдан астам қаңқасын сүйретіп жүрген вагонға қанша жерден жаңа технология орнатқанымен түк өнбеді. Техникалық тексеріс кезінде жұмыс істеп тұрған құрылғылар жолға шыққан бетте жарамсыз болғанын көз көргені бар. Оған салдыр-гүлдірден құлақ тұнып, әр бұрылыста шайқалған сыры кеткен орынды қосыңыз. Әрине, облыс аумағындағы 5-6 сағаттық жерге жарап-ақ қалар, әйтсе де екі тәуліксіз жеткізбейтін солтүстік аймаққа қатынау кезінде аталған мәселе айтарлықтай салмақ салады.
Міне, осы олқылықты шешу үшін сала басшылары уәде бергенін білеміз. Тіпті арнайы жобаларды ел назарына ұсынып, сенаторлар алдында сөйлеген Көлік министрі Марат Қарабаев жаңалықтың шетін шығарған-тын. Айтуынша, былтыр 118 жолаушылар вагоны сатып алынса, биыл 100-ден аса вагон қатарға қосылмақ.
«Қызылорда-Семей» толық жаңарды
Сонымен, жаңару процесі жүргенін айттық. Жалғасы да болатыны сөзсіз. Сейсенбі күні аймақ орталығынан қатынайтын №21/22 «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызы жаңа вагондармен толықты. 29 купе және 15 плацкарт пайдалануға беріліп, аталған бағыттағы пойыз 100 пайыз жаңартылды.
Мұнда жолаушыларға жайлы жағдай жасауға арналған ауаны баптау жүйесі, ауаны тазарту сүзгісі, түтін датчигі, биодәретхана орнатылған. Купеде электр розеткалары мен USB қосқыштары бар. Сондай-ақ тамбурларда бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Осылайша, көптің арманы болған жайлы сапарға тағы бір қадам жасалды.
Жаңа вагондарды үлестіруде Сыр өңірін қалыс қалдырмау тегін емес. Себебі аймақ тұрғындары жайсыз сапардан қажып, жауапты басшылыққа арыз-шағымын көп жеткізетін. Әлеуметтік желі арқылы таралғаны, ресми хатқа салмақ болғаны бар, әйтеуір араға ай салып «айқай» естілетін. Сондықтан шиеленісті шешудің бір тетігі ретінде «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызын жаңарту идеясы қолға алынды.
Сырбойылықтар болса бастамаға оң баға беріп, жергілікті билік өкілдері жобаның жүзеге асуын жеделдетті. Бұл өз кезегінде өңір экономикасы мен логистикасындағы көрсеткішке көмек беретіні анық еді. Жаңа вагондардың тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев материалдық-техникалық базаның жаңаруы аймақ тұрғындары үшін маңызды деген тұжырым айтты.
– Бүгін «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының толығымен жаңарып, халық игілігіне берілуіне куә болдық. Теміржол көлігі – еліміздегі инфрақұрылымның маңызды буыны. Кең-байтақ қазақ жерінің қолайлы географиялық орналасуы, шекарасының кеңдігі мен заман талабы теміржол көлігінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыра түсуде. Сыр өңірінде де Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жол инфрақұрылымын, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын дамыту қарқынды жүзеге асырылуда, – деді аймақ басшысы.
Әлем дамуы ілгері кеткен сайын арнайы талаптарға сай қадам жасау керегі түсінікті. Теміржол саласында да қауіпсіздік пен жайлылық қағидалары халықаралық норма шеңберінде жоспарлануда. Сондықтан ескі вагондарды жаңарту тек жылтыраған орындар мен тазалық көрсеткіші деп қабылдай алмаймыз. Алдыңғы технологиялық жаңалықты енгізу, барлық әлеуметтік топтағы азаматтардың бірдей мүмкіндік алуын назарда ұстау қажет.
Мемлекеттің алған бағыты осыған саяды. Мысалы, «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызы радиобайланыс, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орын, арба, көтеріп-түсіру механизмімен қамтамасыз етілген. Ал вагондарды құрастыру кезінде қолданылатын барлық материалдар мен компоненттер халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жасалыпты.
– Біз Ұлттық тасымалдаушының вагон паркін жаңарту бойынша жұмысты жалғастырудамыз. №21/22 «Қызылорда-Семей» пойызы күн сайын жүретін болады. Жолаушылар құрамы бір бағытта орта есеппен 528 жолаушыны тасымалдай алады, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов.
Айта кетейік, өткен жылы Ұлттық тасымалдаушы 150 жаңа вагонды іске қосу мақсатында бірнеше келісім-шарт жасаған болатын. Нәтижесінде қазір 88 вагон «Алматы-Маңғыстау», «Алматы-Атырау», «Атырау-Маңғыстау», «Ақтөбе-Атырау», «Павлодар-Түркістан», «Маңғыстау-Астрахань», «Атырау-Астрахань», «Қызылорда-Семей» бағыттары бойынша жүріп жатыр.
Биыл да жаңалық көп. Жыл ортасына дейін «Қызылорда-Семей» және «Алматы-Сарыағаш» бағыттары үшін тағы 12 вагон беріледі. Биыл мемлекеттік органдармен тағы 157 жолаушылар вагонын сатып алу бойынша жоба пысықталуда.
10 жылда транзит тарифі 100 есе көтерілген
«Барлық бағыттағы жолаушылар вагонын жаңартуға не кедергі?», «Ескі вагондардың тозығы жеткен, қолданыстан шығару керек». Міне, теміржол тақырыбында талқыға түскен көп азаматтың айтатын аргументі осы мәндес. Әрине, жауабын біліп тұрып сұрағандай, мәселенің қаржыға тірелетінін сезеді-ау. Тек түсінбейтіні – ішкі алгоритм, яғни неліктен пайда көзі бар мекеме қаржылық қиындыққа тап болады? Салада сұраныс бар, демек қаражат жеткілікті болуы шарт еді.
Бұл сауалдардың жауабын жыл басында сенаторлар алдында сөйлеген Көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Оның пайымдауынша, «Қазақстан темір жолының» кірісі шығынның тек 50-60%-ын өтейді. Сондықтан техникалық базаны толық жаңартуға әрі жолаушылар билетінің бағасын төмендетуге мүмкіндік болмағанға ұқсайды. Жауапты қысқа қайырған ол: «Магистралдық теміржол желісі қызметтерінің тарифі 4% өсті. Бұған табыстан шығынның көптігі себеп» деді.
Расында, «Қазақстан Темір Жолының» қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Сұмдық сома. Құтылмаса, бүтін салаға салмақ салары сөзсіз. Сарапшылар қарыз көлемін азайтудың бірнеше әдісін айтады. Олар – тарифті көтеру немесе мемлекет көмегі. Алғашқысы нарық талабына сай шешім болса, кейінгісі – қиындықтан мемлекет алып шығуы керек деген сөз.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметіне сүйенсек, мекеме алғашқы нұсқаны жүзеге асырып үлгеріпті. Қазір қарызы артқан компания шығындарын транзит көлемін ұлғайту арқылы өтеп отыр. Қызығы, соңғы 10 жылда транзит тарифі 100 есе көтерілген екен.
«Біріншісі – тарифтерді көтеру, екіншісі – қарызды капитализациялау есебінен қайтару. Ал тарифтер төмен болуы үшін оны субсидиялауы керек, өйтпеген жағдайда тарифтерді көтеру қажет, – деді басқарма төрағасы.
Шығын демекші, министр елде теміржол вокзалдарының ескіргенін айтқан болатын. Мәселен, Қазақстанда 59 вокзалдың тек 4-еуі күрделі жөнделген. Қалғаны жаңартуды талап етеді. Ол үшін республикалық және өңірлік бюджеттерден қаржы бөлінуі қажет екен.
– Біреуі Қызылорда, ол жөндеуден өтті, тағы үшеуі бар. Павлодар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен және Түркістан мен Шымкент, Шымкент жеке кәсіпкердің есебінен вокзалды жөндеп жатыр. Қалған 55-сін екі кезеңге бөліп жаңартамыз, – деді М.Қарабаев.
Министр айтқандай, бұл орайда аймақтың ұпайы түгел. Былтыр Қызылорда қаласындағы вокзал ғимараты мен аумағы күрделі жөндеуден өтті. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 350 млн, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн теңге қаржы бөлінді. Теміржол вокзалы қалаға кіреберіс қақпаның бірі болғандықтан, сол маңдағы ескі дүңгіршектер алынып, тарихи ғимарат бұрынғыдан да көріктене түсті.
Ерсін ШАМШАДИН
Дереккөз: syrboyi.kz