Дүйсенбі, 25 қараша, 18:42

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қызылорда облысы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды

04.01.2024

303

0

Қызылорда облысы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды
Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте таныстырылған кадрлық өзгерістердің бірі – Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымын атқарып келген Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Басқарма басшысының уақытша міндетін атқару орынбасары Усаин Медетке жүктелді.

«Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу жолында ауқымды міндеттер бар. Халықты электр энергиясымен, ауыз су және «көгілдір отынмен» қамту, жылу беру қызметінің үздіксіз жұмысына бағытталған тиісті шараларды атқару кезек күттірмейді.Облыс халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуіміз қажет. 2023 жылы 12 ауылдық елді мекенді газдандырып, нәтижесінде газбен қамту деңгейі 75 пайызға жетті.Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаваттық жылу-электр орталығының құрылысы басталуда. Ендігі кезекте, компания өкілдерімен бірлесіп, құрылыс жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Медет Усаинұлы осы уақытқа дейін мол тәжірибе жинады. Жылу-электр орталығын басқарды. Оны 500 млн теңге қарызбен қабылдап алып, 500 млн теңге пайдаға шығарды. Жаңа қызметте өңірдегі коммуналдық саланы дамытуға аянбай еңбек етеді деп сенім білдіреміз», – деді аймақ басшысы.

Басшының міндетін атқарушыға жылу маусымын жоғары деңгейде өткізу, әсіресе қатты және сұйық отын қорының жеткілікті көлемде болуын, коммуналдық сала қызметінің ешбір іркіліссіз жүргізілуін үйлестіру тапсырылды. Сондай-ақ қазандықтар мен жылу желілерінің, тұтынушылардың жылу қондырғыларының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйін қатаң бақылауға алу, елді мекендерді ауыз сумен, электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету, магистральдық құбырлардағы апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу міндеттері жүктелді.

414482148_669610348693546_9194343978209308584_n.jpg

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылғаны хабарланып, жаңа басқарманың басшысы таныстырылды.

«Мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуда өңірлердегі аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдірудің, жұмылдыру дайындығы мен аумақтық қорғаныс күштерін үйлестірудің маңызы зор. Мемлекет басшысының төрағалығымен былтыр өткен Қауіпсіздік Кеңесінде облыс әкімдеріне жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысатын басқарма құру тапсырылды.Осыған сәйкес, Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 66 шешімімен Қызылорда облысының басқару схемасына өзгерістер енгізіліп, жаңадан жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымына Құрманбаев Марат Ердәулетұлы қабылданды.

Жаңа басқармаға​ жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, аумақтық қорғанысты жоспарлау, әскерге шақыруды, Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарды жедел жабдықтауды ұйымдастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатысу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру міндеттері қойылады.

Марат Ердәулетұлы 1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Қызылордаводстрой» ПМК-29 тресінде жұмысшы болып бастаған.Әр жылдары осы тресте түрлі лауазымдар атқарған. 1990-2000 жылдары Жалағаш ауданының табиғат қорғау комитетінің маманы, жетекші маманы, басшысы болған.2000-2020 жылдары Қызылорда облысының экология департаменті басшысының орынбасары, департамент басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының экология департаментінің басшысы лауазымында нәтижелі жұмыс көрсеткен. 2022 жылдың маусым айынан бері Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Аймақ басшысы Марат Ердәулетұлының басшылық лауазымдарда жинаған мол тәжірибесі мен мемлекеттік қызметтегі біліктілігін атап өтіп, қызметіне сәттілік тіледі.

414481458_669603422027572_7407742292421389541_n.jpg

Сонымен қатар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы лауазымына Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы тағайындалды.

Нұрлыбек Машбекұлы инспекцияның жаңа басшысын таныстырып, алдағы жұмыс бағыттары мен міндеттерін атап өтті.

«Қайратбек Әубәкірұлына Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін орындауда, жүзеге асыруда табанды іс-әрекеттер жасауды, егіс алқаптарын, Солтүстік Арал теңізін сумен қамтамасыз етуді, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу мәселелерінің оң шешілуіне жұмыс жасауды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.

Қайратбек Әубәкірұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданында 1961 жылы дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын «Инженер-гидротехник», Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ұйымдастырушы-экономисі», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист-бухгалтер», Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Сырдария су шаруашылығы басқармасының инженері ретінде бастаған. Әр жылдары осы басқармада аға инженер, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. 1986-1997 жылдары Сырдария ауданында түрлі басшылық қызметте болды. 1997-2013 жылдары Қызылорда облысының қаржы басқармасының басшысы, Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының экономика және нарықтық қатынастар бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 2013-2020 жылдары Шиелі және Жалағаш аудандарының әкімі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек етті. 2020-2023 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшының орынбасары қызметтерін атқарды.

414481468_669612848693296_6763325374747786576_n.jpg

Дереккөз: Kyzylorda-news.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика