Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялайтынын мәлімдеді. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы ғана қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға болатынын жеткізді.
Өз басым бұл ұсынысты өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені соңғы уақытта елімізде заңгер мен экономист болғысы келетіндердің қарасы көбейді. Мектеп бітірген жастар жаппай жоғары оқу орнында оқып, оны бітіргесін жайлы кабинетте отырғысы келеді. Бірақ бәріне бастық болу қайда?! Сондықтан жұмысшы мамандықтарға да сұраныс жоғары болатындай жағдай жасап, бұған жастардың назарын бұру керек. Мысалы, құрылыс саласына электрші, монтаждаушы, қаптауыш материалдармен жұмыс істейтін шеберлер, жұмысшылар ауадай қажет. Ендеше, мұндай мамандық иелерінің адал еңбегін ел арасында кеңінен насихаттауға тиіспіз.
«Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетінін, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтты. Осы орайда жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру үшін оқу орындарындағы кәсіптік бағыт-бағдар беру жүйесіне жаңаша көзқарас керек деп есептеймін.
Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері
Дереккөз: syrboyi.kz