Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» партиялық жобаларының маңыздылығын атап өтті.
Ауыл халқының табысын арттыруды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасы аз ғана уақыттың ішінде өз жемісін бере бастады. Өңірде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, азаматтар табыс тауып қана қоймай, халық тайқазанына алғашқы салығын да төлеп жатыр. Екінші, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етіп отыр.
Ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне келсек, бұл бағытта Мемлекет басшысы қоғамда жаңа «Қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет екенін үнемі айтып келеді. Елімізде қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер жасалып жатыр. Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетіп келеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретуде. Нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде 200 мыңнан астам адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Енді міне, қаржылық сауаттылық курстарын мектеп қабырғасында, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқыту қолға алынды. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, биыл еліміз бойынша жоба аясында 750 мың адам қамтылса, біздің өңірден 11000 азамат қаржылық сауаттылық арттыру курсынан өтетін болады.
Осы орайда Мемлекет басшысы цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтырып отырғандықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды екенін тілге тиек етіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізуді тапсырды. «Бұл азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» деді Президент.
Бұл өз кезегінде бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «Қаржылық мәдениет» қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Алмасбек ЕСМАХАНОВ,
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы
Дереккөз: syrboyi.kz