Жұма, 22 қараша, 12:59

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Қазақ» һәм қоғам

01.02.2024

254

0

«Қазақ» һәм қоғам
Фото: Ашық дереккөзден

Биыл «Қазақ» газетінің алғашқы санының шыққанына 111 жыл толады. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылым қазақ тілінде кәсіби газет стилін қалыптастырды, зор ағартушылық рөл атқарды. Ілкіде езгі көрген қоғамның көзін ашып, еркіндік атты ұлы ұғымды алға шығарды. Елеулі датаға орайластырып биыл алғашқы рет «Ұлттық басылым күні» атап өтілмек. Біз осы тұста «Қазақ» газетінің қазақ қоғамына қалай ықпал еткенін сөз етеміз. 

Ағартушылықтың арнасын ашқан

Әріден бастасақ, қазақ халқы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жаңа тарихи кезеңдерге қадам басты. Жұрттың ағартушылыққа мұқтаж кезеңі. Соның әсерінен алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыстар қалыптасты. Ресей түркілері арасындағы қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс – «жәдитизмнен» қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Қазақтар арасында да жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өркендеп, Алаш идеясы өрістеді. Ұлтты ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға салу басты бағыт болды. Халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда қазақтың тұңғыш басылымдары басты рөлді атқаруы тиіс еді.

«Қазақ» газетінің тарихына қысқаша тоқталсақ, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді.

Дәл осы петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.

Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен семейлік «Семипалатинский листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кеткенін» хабарлады. Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдің «жергілікті және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып, сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді. Бұл мақсат арқылы 1913 жылдың ақпанында іске асты. Осылайша қазақ қоғамын саяси һәм мәдени бағытта ағартушылыққа жол ашылды. 

Көзқарас қалыптасқан кезең

Әрине, «Қазақ» газетінен бұрын да басылымдар болғаны рас. Қазақ баспасөзі тарихы XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінен (1888-1902) бастау алады. Бірақ неге «Қазақты» алдыңғы орынға шығарамыз? Өйткені жоғарыда аталған екі газет те – патша өкіметінің жергілікті басқару органдары арқылы шығып тұрған басылым еді. Сондықтан да мұнда көбіне үкімет қаулылары жергілікті ұлт тілдеріне аударылып жарияланып тұрды. Газеттің кей сандарында өлке тарихына қатысты құнды жазбалар да кездесті. Алайда елдің көзін ашуға септескен жоқ.

1905 жылғы бірінші орыс революциясынан соң ұлттық тілде мектеп ашуға рұқсат беріліп, ұлттық баспасөз шығаруға мүмкіндік туды. Бұл уақытта Ресей Мемлекеттік думасында қазақ депутаттары да өз пікірлерін айта бастаған. Ұлттық баспасөзге деген қажеттілік туындады. Алғашқылардың бірі болып Торғай қазақтары 1907 жылдың басында Троицк қаласында Хайым Шомылов Сасновский, Жетпісбай Андреев, Ешмұхамед Имамбаев басшылығымен «Қазақ газеті» атты газет шығып, бірнеше саны басылған соң тоқтайды. Газетті шығарушылар мен газеттің өзі туралы татар басылымдары ұнамды пікір айтпайды. Ұстанған бағыты мен тұтынған жолының дұрыс еместігін газет бетінде жарияланған жазбалар арқылы сынап жазады. Көп ұзамай, 1907 жылы наурызда Петербург қаласында Ғабдрашид Ибраһимов пен дума депутаты Шәймерден Қосшығұлов жетекшілігімен «Серке» атты 15 күнде бір шығатын газет басылады. Бірнеше саны шыққан соң «Серке» газеті һәм онымен қанаттас татардың «Улфат» газеті де цензурамен жабылып, таратылған сандары полиция тарапынан тәркіленеді. Тек 1911 жылы шыққан қазақтың тұңғыш журналы – «Айқап» пен Ордада шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры сәл ұзақтау болды. Алайда бәрі де «Қазақ» газеті секілді мақсатына жете алмады.

«Қазақ» газетінің қолдан қолға өтіп, ауылдан ауылға барып, тозып жетіп жыртылғанша оқылғаны жайлы деректер өте көп. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды. Енді «Қазақтың» нақты мақсаты не?» десеңіз, бірнеше себептерді атай аламыз. Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру; Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру; «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру деп жалғаса береді. Бірақ ең басты екеуі – дала өлкесіне заң жүзінде жергілікті басқару тетігін енгізу һәм дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің негізін салуды бастау және ұлттың дәстүрлі негізін сақтай отырып, батыс мәдениетіне ілесу еді. Оны Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақтар» очеркінде атап өткен. Арада ғасырдан да ұзақ уақыт өтті, ал «Қазақ» газеті осы мақсаттарының бәрін жүзеге асыра алды деп санауға болады.

Бүгінде елімізде баспасөз кеңістігі ашық, ақпарат ағыны күшті. Бір Қызылорда облысының өзінде 148 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істеуде. Оның ішінде 119 баспа БАҚ, 26 интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктер, 3 телеарна бар.

Мадияр ТӨЛЕУ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика