«Кәсіби мерекенің мәні өткенге есеп жасап, марапатпен шектелу болмаса керек. Бұл – шын мәнінде, сол мамандық иесінің қоғамдағы орнын айшықтай түсудің бір белгісі. Біз кейде өткеннен сабақ алмай, тез өзгеруге бейілміз.
Кешегі Қаңтар, пандемия кезіндегі медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегі қазір ұмытыла бастағандай. Тіпті медицина маманын жай қызметші деп қарап, адамның денсаулығы мен өміріне араша тұратын нағыз мәртебелі мамандық иелеріне әртүрлі қөзқарас танытатын да болдық.
Сонда мұның әділдігі қайда?» деді басқарма басшысы күні кеше кеңседен тыс кездесуде. Осы ойдың жетегі екеуара сұхбатқа түрткі болғандай еді.
– Олжас Ермекұлы, мұнан алғы сұхбатта өмірлік һәм кәсіби ұстаздарға қатысты пікір бөлісе отырып денсаулық сақтау саласының жай-күйіне бойлаған едік. Ендігі мына пікіріңіз де оқырман үшін пайдасыз болмас. Алдымен барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтағымыз келеді.
– Әріптестеріміз атынан рақмет айтамын.
Облыста 3 мың дәрігер, 12 мың орта буын, жалпы 20 мыңға жуық медицина саласының қызметкері бар. Олардың әрқайсысы күн-түн демей халықтың денсаулық сақшысы ретінде жұмыс істеп келеді.
Кейінгі үш жылдың өзінде мемлекет, облыс басшылығының қолдауымен қаншама медицина ғимараттары салынып, материалдық-техникалық база нығайды. Саланың бюджеті өсті.
Бұрын-соңды болмаған оталар жасалып жатыр. Мұның бәрі – жетістік. Әйтсе де, кейде ойды ой қозғайтыны рас. Кешегі Қаңтар, пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің беделі артып, халықтың көзқарасы өзгеріп, жаңа бір таным, түйсік қалыптасқандай болған. Сол індеттің екпіні басылып, ұмытыла келе кезінде пайда болған көзқарас өзгере бастады. Көптің бәріне кінә арту әбестік, әйтсе де қоғамға түрлі ой салатын базбіреулердің пиғылы ойландырмай қоймайды.
Жасыратын несі бар, кейбір адамдар медицина маманын жай қызмет көрсетуші ретінде көреді. Негізі олай емес, медицина – ең мәртебелі мамандықтың бірі. Қазір дәрігер болу үшін кемі 9 жыл уақытын арнайды, оқиды.
Колледждің өзінен 4 жыл білім алады. Сондай мамандарды қатардағы қызметкер емес, адам жанын арашалаушы дәрежесінде қарау керек. Мұны дұрыс түсіну қажет. Дәрігердің аты – дәрігер, ол ешқашан болмасын демейді.
Кейде түсіністік болмай жататыны бар. Бір дәрігерге, мәселен емханада бір келушіні қабылдау үшін 15 минут уақыт бөлінген. Ол сол уақытта қарап та, қағазға енгізіп те үлгеруі тиіс. Келесі адам күтіп қалмау керек. Осындай жағдайда кейбір келушілер менімен сөйлеспеді, уақыт арнамады дегендей реніш білдіреді.
Қазір облыс бойынша дәрігерлердің орташа жалақысы 530 мың теңге, орта буын медицина қызметкері 300 мың, басқа да жұмыс істейтіндер орташа 195 мың теңге алады. Бүгінгі уақыттың өлшемімен алсақ бұл аз ба, көп пе? Бұл да сұрақ. Дәрігерлер 24 сағат қалта телефонын сөндірмейді.Бір мысал айтайын, ұмытпасам, осы жылдың басында жаңа жыл күндерінен кейін «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері О.Кимді аяқасты Аралға жіберуге тура келді. Түн ортасы. Аудандағы дәрігерлер қолынан келгенін жасап болып, облысқа жүгінген.
О.Ким түнгі бірде жолға шығып кетті. Барды, ота жасады, әйелді аман алып қалды. Мұның өзі ерлікке тән емес пе? Мұндай жағдайда арнайы қызметтің мамандары болмаса, екінің бірі түн ортасында тұрып, сонау Аралға аттанып кете бермейді ғой. Дәрігер Аралға жетемін дегенше жағдай өзгеріп кетуі, жауапкершілік соның мойнында қалуы мүмкін. Бірақ ол жүкті әйелдің өмірін мойнына арқалап отыр. Акушер-гинекологтар тіпті екі адамның өміріне жауапты. Бұл – бір ғана жағдай. Сонда дәрігердің мәртебесі неге төмен болуы керек?
Біздің облыс халқының денсаулық индексі республикадағы орта көрсеткіштен төмен. Әйелдердің барлығы дерлік анемия, көз ауруы, өкпе ауруы, қысқасы, экология барын жасырмаймыз. Ал есесіне оған тікелей қатысты өмір сүру салтымыз да қиын. Емханаға бару, алдын алу, тексерілу деген екіталай. Көбіне ауру асқынғанда келеміз де ақыр-соңы бәріне дәрігер кінәлі болып шығады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, денсаулық сақтау саласына 10 пайыз жауапкершілік жүктеледі. 50 пайыз адамның өзіне, 20 пайыз экология, 20 пайыз генетика. Міне, мәселе қайда? 50 пайыз адамның өзіне деген ол күнделікті жүріс-тұрыс, ас-ауқат, тексеруден уақытылы өту, осының бәрі алдымен адамның өзіне байланысты.
– Жуырда өңірдегі бірқатар бас дәрігерлермен бірге Германияға барып келдіңіздер. Озық елден алатын тәжірибе қандай?
– Біз Германияның Фрайбург қаласында тәжірибе алмастық. Сол қаладағы медициналық университеттің базасында істелген жұмысты көрдік. Бұл – Германияда озық үштікке кіретін орталық. Оқырмандар Германия қайда, Қызылорда қайда деп ойлауы мүмкін. Кейде осындай жақсылықты айтайық десек, артынан алуан түрлі пікір шығатыны да бар. Қалай болғанда да, дамыған елдерден озығын алып, бой түзеуіміз қажет.
Өзімізден төмен елге бармаймыз ғой.
Оларда медицинасына бөлінетін қаржы бізден екі есе, кей жерлерде үш есе көп. Ал түпкі мәніне үңілсеңіз, оларда тәртіп пен жауапкершілік қатаң сұралады. Ондағы халық алдымен өз денсаулығына өзі жауапты. Егер профосмотр не скринингке шақырып келмедіңіз бе, онда сізге төленетін қаржы басқаша. Бәрін тәртіпке, реттілікке келтіріп қойған.
– Жауапкершіліктің бір өлшемі дейсіз ғой…
– Тап солай. Ал бізде көп жағдай басқаша. Бүгін азанда бір пациент жазып отыр, «қантым 30-ды көрсетіп тұр, үйдемін» дейді.
Жедел жәрдем шақырайық, көрсеткіштеріңіз жоғары ауруханаға бар десе, бармаймын деп айтып, емхана үйден қызмет етсін дейді.
Дәрігер болған соң байқайсың ғой, Германияда семіз адам аз. Бәрі денсаулығына жауапты екенін түсінеді. Ауырса пәленбай мың еуро төлеп емделетінін біледі. Бір кісімен тілдескенде айтқаны, айлығы 4,5 мың еуро екен. Соның 2,1 мың еуросын әлеуметтік төлемдерге жұмсайтын көрінеді.
Соның ішінде денсаулығы, салығы, тағы басқа дегендей. Біреудің біреуде міндеті жоқ. Бір апта болдық, үлгі алатын тұстары көп.
Айтқандай, олардың медицинасында да кезектілік бар. Мысалы, бізде тар буынды маманға кіру үшін екі-үш күн күтуге тура келетін жағдай болса, оларда айлап күтеді.
Ал біздегі дәрігерлер күніне шамаман 16 адамның орнына кейде кезектің бәрін қамту үшін 30 адамға дейін қарайды. Оны жақсы білемін, өйткені өзім емханада жұмыс істегенмін. Оларда ондай жоқ. Күніне 8 адам болса, 9-шы кісіні қабылдамайды.
90-шы жылдары Алматыда мединститут бітіріп, қазір сонда тұрақтап жұмыс істеп жүрген қызметкермен сөйлестік. Оның айтуынша, бізде халық дәрігерді таңдаса, оларда дәрігер халықты таңдайды. «Маған қарасты аумақта 1700 адам бар. Соның ішінде айтқанды тыңдамайтындар болады. Яғни, дәрігердің нұсқауына жүрдім-бардым қарайды. Мен оған жауапкершілігі үшін қарамайтынымды айтамын» дейді ол. Ал бізде жағдай басқаша ғой.
Меніңше, мұндай жауапкершілік бізге де келеді, тіпті келді десе де болады. Себебі, қазірдің өзінде кейбір жекелеген аты бар дәрігерлер пациент таңдайтын болды. Неге? Өз денсаулығы, өз өмірі, болашағыүшін жауапкершілік алмайтын адамды қабылдағысы келмейді. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдар әрбір емделушіге көмегін береді.
– Ел арасында жиі талқыға түсіп отырған МӘМС туралы не айтасыз?
– МӘМС-тің жалпы керек екенін жоғарыдан бастап әлі де түсіндіре алмай отырған секілдіміз. Енді қараңыз, бұған дейін, яғни, МӘМС болам дегенше мемлекеттен денсаулық сақтау саласына белгіленген қаражат болды. Ұмытпасам, жалпы 600 млрд теңгедей бөлінетін. Ел сол қаражаттың көлемінде ғана ауруханаға емделді, соның көлемінде ғана ота жасалды, соның көлемінде ғана тегін дәрі-дәрмек берілді. МӘМС-тің алғашқы бастамасы нәтиже бермеді. Өйткені, елдің жағдайы бұл жүйені енгізіп кетуді көтермеді.
Уақыт өте келе аталған жүйе қайта пысықталып, бірқатар озық мемлекеттердің тәжірибесі сүзгіден өтті. Осылайша біздегі МӘМС әлеуметтік тұрғыда жасалды. Мысалы, сіз сақтандырылған адамсыз, МРТ-ға түсу қажет болса, тегін жолдама беріледі. Былайша МРТ түсу үшін шамаман 20 мың теңге. МӘМС жоқ кезде ол ақылы болды. Қазір сақтандырылған адамға реабилитация, жүрекке стент қою тегін. Өзімізде бауыр алмастыру, 9 рет бүйрек ауыстыру оталары жасалды, осының бәрі МӘМС арқылы. Есептеулер бойынша, МӘМС-тің ықпалымен елдегі денсаулық сақтау саласының бюджеті 2,3 трлн теңгеге жеткен.
Сонда мұның халыққа пайдасы жоқ па? Мемлекет МӘМС болғанның өзінде 15 категория бойынша төлем жасайды. Осының түпкі мәнін салмақты түрде саралауымыз керек деп ойлаймын. «Мен басқа біреудің денсаулығы үшін неге ақша беруім керек» деген ой болуы мүмкін, әйтсе де біз әлеуметтік тұрғыда, бюджетіміз сол әлеуметтік жүйеге бағытталған ел екенімізді ескеруіміз қажет деп түсінемін.
– Маман дайындауда жаңашылдық бар ма?
– Қазір Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кезінде кеткен бірқатар кемшілікті түзетіп жатыр. Соның ішінде балалар мен ересектер үшін медицина мамандарын бөлек дайындау мәселесі қолға алынды.
Бұл өте маңызды еді. Мысалы, реаниматолог оқыды деген сертификатта балалар мен ересектер қосарланып жүретін.
Көп дәрігер балаларды емдеуге құлықты емес. Осыдан барып балаларға қатысты емдік тәжірибе тұсала беретін. Ал енді медицина маманы не балаға, не ересектерге қарайтын болып міндет алады.
Көш осылай түзеледі дейміз ғой.
– Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы медицина мамандарына арнайы тұрғын үй салынатынын айтып қуантты. Саладағы өзгерістер туралы қандай деректер қосар едіңіз?
– Облыс әкімінің бастамасымен өзіміздің медициналық колледжде халықаралық семинар өткенін білесіздер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, бірқатар мемлекеттерден медицина туралы айтары бар білікті мамандар қатысты. Сонда біз орта буын медицина қызметкерін дайындау бойынша өте маңызды деген мәселелерді пысықтап алдық. Біздің колледж – 98 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасы. Облыс әкімінің қолдауымен ондағы материалдық-техникалық база жаңарды.
Цифрлық негізде 3 кабинет жасақталды. Өзім сол колледждің түлегімін, ал оның қазіргі деңгейін салыстыруға келмейді. Сол басқосуда аймақ басшысы медицина қызметкерлеріне 100 пәтер берілетінін айтты. Бұл – үлкен қолдау.
Кейінгі бес жылда іркіліп қалған мамандарды шетелде тәжірибе жинауға жіберу ісі қайта жанданды. Былтыр өңір басшысының тікелей қолдауымен 15 маман Түркияға барып келді.
Биыл да жоспарымыз бар. Әрине, мұның бәрі қаражат, бірақ адамның ең басты байлығы – денсаулық жолында ұмтылыс қажет. Тәжірибе толыстырып келген мамандардың көзқарасы басқа.
Жалпы біз мемлекеттің қолдауын көре, сезіне білуіміз керек. Қазір облыста Қармақшы мен Сырдариядан өзге аудандарда жаңа аурухана, Аралдан өзге бәрінде жаңа емхана бар. Ең өзекті деген Арал мен Шиелідегі жұқпалы аурулар бөлімінің де мәселесі шешілуге таяу. Әрбірі 300-400 млн теңге шамасында болатын 27 амбулатория салынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен және екеуі бой көтерді. Күрделі жөндеу көрмеген жұқпалы аурулар, туберкулезге қарсы және жүйке жүйесі ауруханаларының ғимараттары қайта жанданды.
«Қан орталығы» пайдалануға берілді. Арасы аз уақыттың ішінде қызметтік және жедел жәрдем көліктері түгелдей жаңарып, әрбір ауылға жетті. Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Қысқасы, осының бәрі – кейінгі үш жылдың еншісіндегі игілік.
Әрине, үлкен саланың проблемасы жоқ емес, бар. Бәрі де жиған жүктей болмайтыны да ақиқат.
Алайда өңірдегі өзгерісті, жетістікті бағалай білген, көре жүрген, айта алған абзал.
Дәрігер ешқашан жамандыққа бармайды. Ол онсыз дәрігер бола да алмайды. Мен осы ұстанымымды ашық айтамын.
– Олжас Ермекұлы, кеңседен тыс кездесу де біраз әңгімеге арқау болғандай.
Кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
Сұхбаттасқан Қуат ШАРАБИДИНОВ