Сейсенбі, 11 наурыз, 21:51

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Ізгі қоғам бастауы – ұрпақ тәрбиесі

09.03.2025

14

0

rajkwl apaj 1

«Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Жалағаш ауданының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы Райкүл Мансұрқызы Байназаровамен әңгіме

Ол екеуміз облыс әкімінің тікелей қолдауымен іргесі қаланып, есік ашқан «Анаға тағзым» орталығында кездестік.

Орталық іші кіреберістен-ақ көңілге орнықты, кең тынысты бейнесімен баурап алды.

Ашылғалы аз уақыт өтсе де бұл орталық жұмысынан жақсы хабардармын. Толықтай цифрлық кеңістікте туған альфа ұрпақтың болашағына алаңдаушылық һәм жауапкершілік орталықта «Даму LIFT», «Креатив урбан тур», «Ойтөбе» секілді бірқатар жобаны жүзеге асыруға ықпал етті. Бұл бастамалар смартфонды серік еткен жасөспірімдерге ой еңбегі мен қол еңбегін ұштастыра отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беруді көздеді.

Әдептілік әліппесі, дастарқан әдебі, сөйлеу мәдениеті, ата-бабадан мирас қолөнердің сан түрін үйретуге бағытталған шеберлік сағаттары мен психологиялық кеңестер әрбір қыз-келіншекке пайдалы болып, өздерін жаңа қырынан тануға септігі тигені анық.

Төрайымның әңгімелесуге осы жерді таңдауы ойға ой қосқандай.

– Райкүл Мансұрқызы, Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Осы мерекені берекесіз бір датаға таңып даттаушылар да болған, алайда бұл сәулелі күн аналарға ғиззат, аруларға құрмет көрсетудің символы ретінде адамзат үшін маңызды болып қала береді.

– Орынды. Сегізінші наурыз аясында эстетикалық тұрғыдағы игі шаралар жүзеге асырылады. Әлдекімдердің теріс тәрбие іздеген күнінен шашылған шуақ қаншама жүректі жылытады десеңізші!

– Өзіңіз ісін жүргізіп отырған әйелдер кеңесі де бұл мерекеге мейлінше атсалысады ғой…

– Сөзсіз, солай. Қоғамды жақсы иедеяларға біріктіру – біздің негізгі мақсатымыздың бірі. Тек әйелдер мерекесіне емес, біздің бастамамызбен көптеген шара өткізіледі.

Жақында жұмысшы мамандықтар жылына орай «Гүлдей нәзік, болаттай берік» облыстық жұмысшы арулар фестивалі өтті. Ол аймақтағы жұмысшы қыз-келіншектердің кәсібилігі мен шығармашылығын көпшілікке танытуға бағытталған. Осы арқылы қарапайым еңбек адамдарының адал еңбегі мен жетістігін дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнегелеу, олардың қоғамдағы рөлін насихаттауды мақсат еттік.

Фестивальдің аудандық кезеңі Шиеліден бастау алып, аймақ көлемінде ұйымдастырылды. Шараға механизатор, түйеші, кран жүргізуші, тігінші, аспаз, тазалықшы, технолог, қоймашы секілді түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 60-тан аса қыз-келіншек қатысты.

Фестивальді қорытындылауға арналған салтанатты жиын 3 наурыз күні осы «Анаға тағзым» орталығында өтті. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп, жұмысшы аруларға Алғыс хат табыстады.

Кәсіпқойлығы мен шығармашылығын шебер ұштастырып, аудандық кезеңде ерекше көзге түскен 12 қатысушыға «Еңбегімен көрікті», «Құрыш білек», «Адал табыс», «Кәсіби шебер» секілді арнайы номинациялар берілді.

Жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігінде бірнеше шараның өткізілуіне бастама боламыз.

Қызылордалық он алты тігінші қыздың «Көшпенділер ойынына» қатысып, құрақ көрпешелер көрмесін жасағанын білесіз ғой. Алдағы күндері сол қыздар «Атамекен» балалар ауылына барып, өз өнімдерін сыйға тартады. «Жақсылық жолымен» деген акция ұйымдастырамыз. Мен балалар ауылы қамқоршылық кеңесінің де төрайымымын.

Ал 19 наурыз Жаңару күнінде аналар ескерткішіне, «Анаға тағзым» аллеяларына, барлық аудандардағы «Руханият орталықтары» алаңдарына гүл егу шарасы болады.

– Жалпы, әйелдер кеңесі немен айналысады?

– Бұл – қоғамдық бірлестік, оның рөлі халық арасындағы белсенділікті дамыту, санасы сау ұрпақтың қалыптасуына қызмет ету. Оның негізі сонау кеңестік дәуірден бері келе жатыр. Сол кезде «Комитет советских женщин» деген ұйым болды, оны ғарышкер әйел В.Терешкова басқарды. Қазір талап, талғам, мақсат, міндет өзгерді. Ол заманда октябрят, пионер, комсомол ұйымдары болатын. Біраз адам қазіргі идеология сол ұйымдардың жұмысын атқара алмай отыр деген пікірде. Біздің халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты тамаша құндылықтары бар. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді даналық. Осының астарында қандай мән жатыр? Әр бала толық отбасында тәрбиеленуі керек, бұл маңызды. Қазір ажырасу үйреншікті құбылыс болып алды. Оның себебін тұрмыс түйткілінен іздеудің қажеті қанша?! Ізгі мінезді адам қандай қиындыққа да төзеді. Сондықтан әрбір қоғамдық бірлестік жақсы мінез қалыптастыратын шаралар өткізе білуі тиіс. Бала тәрбиесі жаңғақ ағашын өсіргендей, бір жылда емес, жеті-сегіз жылда ғана жеміс береді.

Біз қыздарымызды мектептегі оқушы кезінен келін болуға тәрбиелей бастауымыз керек. Әл Фарабидің «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткені қай заман.

– Осындай тәрбие көзі болатын ұйымдар бар ма?

– Қызылорданың бірнеше оқу орнында «Қызжібек», «Бойтұмар», «Ақ босаға» секілді үкіметтік емес ұйымдар бар. Олар мемлекеттен грант алады, сол бойынша жұмыс істейді, негізінен орта буынды қамтиды.

Мұндай ұйымдар барлық аудан, ауылдарда болса қанекей, олар жастарды көшбасшылыққа дайындау керек. Көшбасшы болуға ұмтылған жастан отаншыл азамат шығады. Пионер, комсомолдың да міндеті сондай болған. Жастардың бойында өзіне деген сенім қалыптасқанда ғана алға ұмтылады. Қазір жастарда бойкүйездік, қоғамнан оқшаулану сарыны бар. Құмар ойынға құлағандар қаншама.

Үкімет бұл жат әдетпен күресті күшейте түсті. Вейптерді елге әкелген, өндірген, таратқан адамдарға қылмыстық жауапкершілік бар. Ел Президенті лудоманияға қатысты заңға қол қойды.

Алайда бұл қатерден тұтас қоғам айналысса ғана арылатынымыз анық. Ұрпақты құмарпаздыққа емес, кітапқұмарлыққа айналдыру – алдымен тәрбие мен насихаттың нәтижесі.

Ал тәрбиенің бастау бұлағы  әже мектебінде жатыр.

– Әже мектебі деген әдемі сөз астарына үңіле түсейікші…

– Баланың ұлттық рухта қалыптасуына әже мектебі ауадай қажет. Әже мектебі әже әлдиінен басталады. Қазір бесіктегі баланы жұбатудың, ұйықтатудың оңай жолы – оның көз алдына смартфонды тоса қою. Бүгінгі әжелер бұрынғы әжелердің болмысынан алшақтап кетті. Елу-алпысқа келсе де ерінен қалмай боянып, таранып тойға бару керек, қызметі тағы бар, қысқасы, тәрбие көзден таса болған.

Жақында әлеуметтік желіден Мұхтар Ниязовтың ата-әжесінің қолында өскен бала шағының бір үзік сырын оқыдым. Бозбала Мұхтар түнде далада сәкі үстінде атасымен бірге жатады, анда-санда арқасын сипап қоятын атасының әдеті. Бір кезде бала білдірмей тұрып көше кезіп кетеді, атасының түн іші бір дөңбекшіп баланың арқасын сипайтынын білетін әжесі сол кезде шалының қасына бара қояды. Балам жатыр деп ойлайды шал. Ал әжесі болса, немересінің атасынан сөз естіп қалмауын ойлап, түні бойы көз ілмей, «арқасын сипатып» жүргені қандай жан тербетер оқиға.

Білесің бе, атақты Димаш Құдайберген де ата-әже тәрбиесінде болған. Әжесі қырық жеті жасында жұмысын қойып, бірыңғай бала тәрбиесін қолға алыпты. Қазір қайда, сол асылзада әжелер?

– Балабақша тәрбиесі жеткіліксіз дейсіз ғой…

– Бүгінгі балабақша білім мекемесі емес, бизнестік құрылымға жатады. Сондықтан ондағы қызметкерлердің педагогикалық біліктілігі бірінші орынға шықпайды. Бұрын лицензия алу үшін тіпті санэпидемиологиялық талаптар да қатаң қойылатын. Қазір ол жоқ, сондықтан бала кездейсоқ мамандар қолына түсті десек, қате емес. Әлеуметтік желіде баланы қорқытып қараңғыға қамап қойған, аузын басып тұншықтырған, ұрған-соққан сойқан бейнежазбалар тарап жүр. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ балабақшаның заңды лицензиясын қайтармаса, сұмдықтардың созыла беретіні анық.

– Бала тәрбиесіне әр адамның басы қатып, жаны ауырғанда ғана санасы сау ұрпақтың өсіп шығатыны шындық. Осы тұрғыда өзіңіздің келешек бейнесіне бейжай қарай алмайтын нағыз жанашыр екеніңізді түсініп отырмын. Сол үшін сізге мың алғыс. Алдыңызға қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге тілектеспін.

Облыстық басылым атынан барша әз әжелерді, асыл аналарды, ару қарындастарды мереке қуанышымен құттықтаймын!

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика