Соңғы жылдары Сыр өңірінің сайыпқыран спортшылары Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарында жеңіс тұғырынан көрініп, аймақ мерейін үстем етті. Қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында жеңіске жеткен чемпиондарымыз бүгінде ел мақтанышына айналды.
Осыған орай, «Үстел теннисі»орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, әлемдік аренаны бағындырған чемпиондарымыз құрмет төрінен көрінді.
Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы арнайы қатысып, Сыр спортшыларын айтулы жетістіктерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз – талай жылғы маңдай тер мен ерен еңбектеріңіздің жемісі. Әлемдік додаларда көк туымызды биіктен желбірету – үлкен ерлік, зор жауапкершілік. Сіздер Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақ жұртының мақтанышына айналдыңыздар. Бұл Өздеріңізге артылған үлкен жауапкершілік деп біліңіздер. Себебі жастар сіздерге қарап бой түзейді, шабыт алады. Сондықтан алдағы жарыстарда да намысқа тырысып, бұдан да жоғары белестерді бағындырады деп сенемін, – деді Бахтияр Ғарифоллаұлы.
Шара барысында ауыр атлетикадан Азия чемпионатында топ жарған спортшылар Ерасыл Сәулебеков, Бейбарыс Ерсейіт, Ернұр Мырзахмет, Қайсар Мысырбек және дзюдодан Азия чемпионатының қола жүлдегері Дінмұхаммед Нысанбай, әйелдер күресінен өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері Раяна Жамсапқызы, қазіргі бессайыстан Азия чемпионатының қола жүлдегері Айару Нұрхан, дзюдодан Азия кубогының жеңімпазы Сұлтан Бейбарыс, еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері Мұқағали Базарбек, жамбы атудан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Асхан Заңғар марапатталып, өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына байланысты демеушілер есебінен қомақты сыйақылар табысталды.
Шара соңында спортшылар естелік суретке түсіп, басқарма басшысына халықаралық додалардың биік шыңдарын бағындыруға уәде етті.