Елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыл қорытындысына арналған «Үздік премия – 2025» салтанатты іс-шарасында Қызылорда облысы ел көлемінде «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды. Бұл Сыр спортының жүйелі дамуы мен өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың нақты нәтижесін айғақтайтын айтулы жетістік.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа спорт нысандары салынып, ауыл-аймақтарда дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде өңір спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүр.
Салтанатты жиында Сыр елінің спорттағы табысы жеке жетістіктермен де толықты. Грек-рим күресінен 26 жылдан кейін тарихи жеңіске қол жеткізген жерлесіміз Айдос Сұлтанғали «Жылдың үздік спортшысы» аталымына лайық деп танылды. Бұл қажырлы еңбек пен табандылықтың, кәсіби дайындықтың жемісі. Ал оның жеке бапкері Ғабиден Райымбек «Жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясын иеленіп, шәкірт тәрбиелеудегі жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Марапат иелерінің жетістігі тұтас өңірдегі спорт саласының жеңісі. Бұл табыстың артында жаттықтырушылардың жанкешті еңбегі, спорт мамандарының кәсібилігі және салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау тұр.
Осы орайда, спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген барлық спорт мамандары мен жаттықтырушыларды, ел намысын қорғап жүрген Сыр спортшыларын шын жүректен құттықтаймыз!
Өңірлік коммуникациялар қызметі


