Сыр спортында қуанышты жаңалық. Түркістан төрінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Кубогы бүгін өз мәресіне жетті. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде Сыр елінің балуандары тамаша нәтиже көрсетіп, 12 алтын, 2 қола медаль иеленді. Бұл аймақ спортындағы тарихи көрсеткіш, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, аралас командалық жарыста балуандарымыз қарсыластарын 4:2 есебімен ұтып, алтын жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, Қызылорда облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, Сыр өңірінің тарихында аты аңызға айналған білегі мықты балуандар көп шыққан, ұлттық спорттың тамыры тереңге жайылған киелі аймақ. Бүгін жеңіске жеткен балуандарымыз – сол мықтылардың ізін лайықты жалғап келе жатқан өрендер.
Жаттықтырушы: Қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Болатбек Кенеев.






