Топ-баннер2

Бейсенбі, 12 наурыз, 13:10

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Қайсар» біріншілікті тең ойынмен бастады

12.03.2026

13

0

bde8afc5 e7f3 49d0 b7fc f271eb4202d6
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы турында қызылордалық «Қайсар» өз алаңында Астананың «Жеңіс» командасын қабылдады. Бұл кездесу былтыр пайдалануға берілген «Қайсар-арена» стадионында өтті.

2a950c04 a992 4408 a4ae 125df5a383b3

Ойын алдында жанкүйер­лер жергі­лікті клубтан үлкен үміт күтті. Оның себебі де жоқ емес. Қызылордалық команда елімізде алғашқы болып жеке инвестордың қолына өтті. Жаңа бас­шылық клуб алдына жүлделі орын­дар­дың біріне ілігу және Қазақстан кубогына қол созу міндетін қойды. Сондықтан олар алдымен бас бапкерді ауыстырды. Бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтов келді.

Команда басшылығы өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдин, қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев пен Әділет Кеңесбек, жартылай қор­ғау­шы Айбол Әбікен мен Думан Нәр­зілдаев, шабуылшы Нұрдәулет Ағзам­баевпен келісімшарт мерзімін ұзартты.  Сондай-ақ команда құрамына шетелден жаңадан қақпашы Адам Ковач (Сло­вакия), қорғаушы Никола Цуцкич (Сербия), шабуылшы Томас Джонс (Чи­ли) келді. Оған қоса қазақстандық қор­ғаушы Нияз Ыдырысов, жартылай қорғаушы Сағи Совет, шабуылшы Алияр Мұхамед алдағы маусымда қы­зылордалық клуб сапында ойын көрсе­теді.

Дегенмен бірінші турдағы ойынға нигериялық Виктор Мозес пен Имо Эзекил қатыса алған жоқ.

Кездесу барысында алғашқы минуттан қос команда тарапынан толас­сыз шабуыл өрбіп жатты. Әсіресе, қы­зылордалық футболшылар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетіп, ұрымтал сәтті күтті. Шабуыл шебінде Нұр­дәулет Ағзамбаев, Томас Джонс, Айбол Әбікен ойнаса, қақпаны Нұрым­жан Салайдин күзетті. Қорғаныс және жар­тылай қорғаныс шебі Сағи Совет, Әмір Мұхаммед, Әділет Кеңесбек, Бақ­дәулет Көңлімқос, Никола Цуцкич сынды футболшыларға сеніп тапсырылды.

Жерлестеріміз шабуылға көбірек шыққанымен қарсылас қақпасынан са­ңылау таба алмай жатты. Кейбір сәтте қызылордалық футболшылар көздеген нысанадан мүлт кетсе, енді бірінде ел­ор­далық қорғаушылар тосқауыл қойды. Ойынның 43-минутында әуелете берген допты Әділет Кеңесбек голға айналдыра білді.

74253c25 9ee2 4857 bc11 2b32987159d6
915bb48e 4356 4ca1 9ed8 0e8ba996aeb3
ac0c3a9d 4ad4 4148 b448 998a1b380d4f

Екінші кезеңде астаналық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде 84-минутта олардың тарапынан ұйымдастырылған шабуылдың бірінде «Қайсар» сапынан Нияз Ыдырысов өз қақпасына гол соғып алды. Осы­лайша қарсыластар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 16 наурызда өз алаңында елордалық «Астана» командасына қарсы өткізеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика