Сыр спортының жеңісті сәттері мен тарихи жетістіктері жалғасын табуда. Қызылорда қаласының ғасырлық мерейтойы мен Республика күні қарсаңында жерлестеріміз АҚШ төрінде ел абыройын асқақтатты.
Жақында ғана АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында волейболды отырып ойнаудан Әлем Кубогы өткен болатын. Байрақты бәсекеде Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль еншілеп, үздік үштіктен көрінді.
Топтық кезеңде Қазақстан Ұлттық құрамасы Италия, Польша, Канада, Франция, Тайланд құрама командаларын 3:0 есебімен жеңсе, АҚШ құрамасын 3:2 нәтижесімен тізе бүктіріп, өз тобының көшін бастады.
Ал қола медаль сарапқа салынған матчта ұлттық құрама спортшылары АҚШ командасын 3:1 есебімен жеңіп, Әлем Кубогында жүлделі ІІІ орынға ие болды
Осы жетістікке орай бүгін Сыр спортының жанкүйерлері ұлттық құрама сапында үздік өнер көрсеткен жеңімпаз спортшыларымыз – Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібекті «Қорқыт ата» әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды.

Шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, сондай-ақ жаттықтырушылар, спортшылар және спорт мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Шарада басқарма басшысы жеңімпаз спортшыларды әлемдік аренадағы айтулы жетістіктерімен құттықтап, қуанышты хабарды зор мақтанышпен қабылдағынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жарыстарда тағы да ел абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыруларына сенім білдірді.
Өз кезегенде жеңімпаз спортшылар барша спорт жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, келесі додаларда жеңіске жету жолында аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы