Бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған іс-шаралардың нәтижесінде елімізде бұл сала кеңінен дамып келеді.
Бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әркез Жолдауына арқау етіп жүр. Президент өз сөзінде саланы дамыту үшін демеушілер мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез жеткеніне тоқталды. «Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады» деді Мемлекет басшысы. Қай салада болмасын, қолға алынған реформа сол саланың алға басуына бағытталатыны сөзсіз.
«Дені саудың жаны сау» деген қанатты сөз бар халық даналығында. Кез келген елдің болашағы халықтың денсаулығына байланысты екенін ескерсек, денсаулығы бекем ұлт қалыптастыруда аянып қалмау қажет. Осы бағытта облыс орталығында тындырымды тірлік атқарылып келеді. Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны халықтың 36,6 пайызы немесе 128 мыңға жуық болатын. Өткен жылы бұл көрсеткіш 141 мыңнан асып, 39,5 пайызға жетті. Ал биыл оны 40 пайызға жеткізу межеленді. Межені орындау мақсатында түрлі жұмыс жасалып жатыр.
– Спортты серік еткен жандар үшін Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында ыңғайлы жағдай жасалған. Онда оннан астам спорт түрінен тегін үйірмелер бар. Атап айтқанда, каратэ, еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо, дзюдо, грэпплинг, бокс, футбол, парапауэрлифтинг, қазақ күресі және тағы басқа. Балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі жарыстар, клуб тарапынан үйірмелер ұйымдастырылып тұрады, – дейді бөлім басшысы Қайрат Есенгелдиев.
Клуб спортшылары жыл көлемінде Қазақстан Республикасы, Азия және Әлем чемпионаттары мен кубоктарында талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. Осыдан он жыл бұрын ашылған клубтың міндеті де сол – қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық шараларды ұйымдастыру, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беру.
Облыс орталығында спорттық инфрақұрылымды дамыту, халықтың денешынықтыру және спортпен айналысуы, балалар спортын жандандыру, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне барынша жағдай жасалған. Саланы дамытудың стратегиялық бағдары – денешынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Бұл құжатта айқындалған негізгі мақсаттардың бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы халықтың қолжетімділігін арттыру.
– Қаламызда жыл сайын нысандар саны артуда. Өткен жылы Тасбөгет кентінде облыстық денешынықтыру спорт және туризм басқармасына қарасты №5 спорт мектебінің теңгеріміне жаңа кешен, «Ақсуат» ауылдық округіне қарасты Ж.Махамбетов ауылында ұлттық және ат спорты бойынша клуб теңгеріміне кешен пайдалануға берілді. Одан бөлек, биыл жеке кәсіпкерлер тарапынан «Шұғыла» және «Мың бала» спорт кешендері бой көтерді. Өткен айда сол жағалауда теннис орталығы ашылды, – дейді Қ.Есенгелдиев.
Спорт кешенін салған «Абай-Дәулет» серіктестігінің басшысы Мұрат Сәрсенбаевқа қала тұрғындарының алғысы зор. Құны 500 млн теңге болатын «Мың бала» кешенінің жалпы ауданы – 5 мың шаршы метр. Мұнда бокс, кикбокс, таэквондо, дзюдо, самбо, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, ұлттық би, ұлттық садақ ату сияқты спорт түрлерінен мыңнан астам бала шеберлік шыңдайды. Бұл кешен «Ақмешіт» шағын ауданындағы М.Саламатов көшесінің бойында орналасқан. Игі жұмыстарды Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының, облыс әкімінің үйлестіруінің арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың сәтті жүзеге асуының көрінісі деуге болады.
Бөлім басшысы облыс орталығында олимпиадалық және олимпиадалық емес, бұқаралық спорт түрлері бойынша ұлттық спорт, күрес түрлері мен қоян-қолтық ұрыс, каратэ, таеквондо, бокс, грэпплинг, панкратион, футбол, волейбол, баскетбол, интеллектуалды ойындар түрлері кеңінен дамып, насихатталып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ спортшылардың жетістіктерін тілге тиек етті. Мысалы, Мөлдір Маханбетова, Әсел Мәделі, Балнұр Жайшылық, Дильназ Айтжан, Нұрдәулет Жұбан, Бекарыс Нұржаубайұлы, Нұрқанат Орынбасар Аружан Мұратова және тағы басқа спортшылар тұғыр биігінен көрініп, бабы мен бағы қатар екенін дәлелдеп үлгерді.
Спорттың дамуы, оның ішінде маңызды жетістіктер еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын көрсетеді. Атқарылып жатқан жұмыстар мен спортшылардың табысты болуы мемлекеттің тиісті деңгейдегі қолдауы деп білеміз.
Назерке САНИЯЗОВА
Дереккөз: syrboyi.kz