Қызылорда медициналық жоғары колледжінің спорттық алаңында денсаулық сақтау саласының ардагерлерi Құлсартов Сағымбай Қарақұлұлы мен Ізтілеуов Әділ Ізтілеуұлын еске алуға арналған Қызылорда облысының медицина қызметкерлерінің 56-спартакиадасының ашылуы болып өтті.
Мемлекеттік Әнұраннан бастау алған спартакиаданың ашылу салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ысқақов Олжас Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл спартакиада бәріміз үшін ерекше. Себебі, денсаулық сақтау саласының ардагерлерін еске алып, олардың құрметіне арналып отыр. Сайысқа қатысатын барлық командаларға сәттілік тілеймін. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Кіл мықтылар арасынан шын мықтылар жеңіске жетеді деп сенеміз, – деді ол.
Одан соң медицина саласының ардагерлері Раиса Көзденова мен Сағындық Шамшиев сала қызметкерлеріне жылы лебіздерiн арнады.
Іс-шара одан әрі арқан тартыс жарысына жалғасты. Спартакиаданың ашылуында жарысқа қатысқан барлық 27 команда арасында үстел теннисi спорт түрінен I орынды «Жаңақорған ауданының» командасы алса, II орынды «Қазалы ауданының» командасы, III орынды «Медицина жоғары колледжінің» командасы иеленді.
Алдағы уақытта сайыскерлер шағын футбол, арқан тартыс, эстафета, ұзындыққа секіру, баскетбол, воллейбол, тоғызқұмалақ және үстел теннисi секілді спорттың 8 түрінен жарысып, жеңімпаздар «Медицина қызметкерлерінің күні» қарсаңында арнайы «Алғыс хаттар» және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Дереккөз: Kyzylorda-news.kz