Көңіл қуантқан көрсеткіштер
Күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы еліміздің демографиялық дамуының өлшемі ретінде танылады. Былтыр нысаналы индикатор 73,8 болатын. Межеге жету мақсатында ана мен бала өлімінің көрсеткіші, қанайналым жүйесі, онкологиялық аурулар, туберкулез бен жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге, халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектіктің себеп-салдарын анықтап, төмендетуге бағытталып атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күтілетін өмір сүрудің орташа көрсеткіші 74,21-ден 74,58 жасқа артқан.
Биылғы 9 айдың қорытындысында денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінен оң динамика байқалады. Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2,7%, туберкулездің аурушаңдық көрсеткіші 9,3%, туберкулездің өлім-жітім көрсеткіші 22,2%, қатерлі ісіктердің аурушаңдық көрсеткіші 3,8%, қатерлі ісіктердің өлім-жітім көрсеткіші 11,7%, жүрек-қанайналым жүйесінің аурушаңдық көрсеткіші 0,4%, жүрек-қанайналым жүйесінің өлім-жітім көрсеткіші 13,1% төмендесе, ана өлімі тіркелмеген.
Кадрдың қадірі
Осы жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 821 376 тұрғын тіркелген. Облыс халқына 25 стационарлық (19 мемлекеттік, 6 жеке), 25 амбулаториялық-емханалық (14 мемлекеттік, 11 жеке), 102 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік-акушерлік бекет, 93 медициналық бекет қызмет көрсетеді.
Халықтың медициналық мекемелер ұсынатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 7,9% жоғарылап, 58,3-ті құрады. Бұл көрсеткіш республика деңгейінен жоғары (ҚР – 56,5).
Бүгінде облыста 2582 дәрігер және 9988 орта буын маман қызмет етеді.
Былтыр 58 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 55,1% елді мекендерге жолданса, биыл 57 жас маман келіп, олардың 40,3%-ы елді мекендерге жіберілген.
– Медициналық көмектің сапасына әрине, кадрлық әлеует әсер етеді. Маман тапшылығын азайту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2016 жылдан бері өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлінді. Одан бөлек, медицина ұйымдары өз қаражаты есебінен жоғары оқу орындарында 6 резидент оқытуда. Бұл шаралар өз кезегінде маман тапшылығын мейлінше азайтуға мүмкіндік береді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов.
Облыста медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл жергілікті бюджеттен 64 млн теңге қаралып, 590 дәрігер және 738 орта буын медицина қызметкері Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Астана медицина университеті ғалымдары мен «Қазақстан жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебі» мамандарынан оқыды. Біліктілік арттыруда басымдық ана мен бала денсаулығын сақтау саласына берілген.
– Кейінгі 5-6 жылда тоқтап қалған медицина қызметкерлерінің біліктілігін шетелде арттыру үшін жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Соның арқасында қыркүйек айында 8 маман Ресейде біліктілігін арттырса, қараша айында 6 маман Беларусь мемлекетінде білімін көтерді. Одан бөлек, Түркиядағы ҚР елшісінің қолдауымен биыл сәуір айында 10 реаниматолог, 5 кардиолог Түркия елінде 2 апта бойы ақысыз негізде біліктілігін арттырды. Айта кету керек, биыл жергілікті бюджет есебінен 89 млн теңгеге орта буын медицина мамандарын дайындайтын іргелі оқу орнының бірі – Қызылорда медициналық жоғары колледжі заманауи материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Облыста алғаш рет Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында «Үздік тәжірибелік орталық» ашылды. Орталық қолжетімділікті және нәтижелілікті, сондай-ақ адам денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған кешенді медициналық, әлеуметтік-психологиялық көмекті қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мұндай орталықты №3, 6 қалалық емханаларда және Жалағаш аудандық ауруханасында ашу жоспарда бар, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Жүйелі іс жетістікке бастайды
Жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі ашылса, облыстық перинаталдық орталық базасында ұрықтың перинаталдық-диагностикалық сапасын жақсарту, балалар арасында аурушаңдық пен мүгедектікті уақытылы диагностикалау және алдын алу, ұрықтың туа біткен даму кемістігінен нәресте өлімін азайту мақсатында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды. Араға 9 жыл салып А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми-хирургия орталығы мамандарының жетекшілігімен көпбейінді облыстық ауруханасында 3 бүйрек трансплантациясы, биылдың өзінде 6 трансплантация жасалды. Жақында бауыр трансплантациясы отасын жасауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Шалғай елді мекендердегі тұрғындарға 6 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған.
Инфрақұрылымды дамыту – игі бастама
Қазіргі кезде салада маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы медицина инфрақұрылымын дамыту маңызды міндет екенін, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару қажет екенін айтып, нақты міндеттер жүктеп келеді. Осыған байланысты облыстың денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту стратегиясын әзірлеуге бюджеттен 32 млн теңге қаражат бөлініп, жоспар әзірленуде.
Президент тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы былтырдан бері жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтере отырып, дені сау ұлт қалыптастыру.
Былтыр жалпы құны 48,6 млрд теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Ал биыл 12,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 20 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Ұлттық жоба аясында келер жылы Арал ауданындағы 46 төсек-орынға арналған көпбейінді аудандық орталық аурухана бөлімшесінің қосымша құрылысы, 25 төсек-орынға арналған Арал көпбейінді аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімше құрылысы, Жаңақорған көпбейінді аудандық орталық ауруханасы ғимаратының қосымша құрылысын, Қазалы көпбейінді аудандық орталық ауруханасы ғимаратының қосымша құрылысы басталады деп күтілуде.
Былтыр 9 нысанға күрделі жөндеу жасалса, биыл жалпы құны 318,2 млн теңгеге 6 нысанның жылу жүйелерін газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін былтыр 5,1 млрд теңге қаржы қаралып, жабдықталу деңгейі 84 пайыздан 87,10 пайызға дейін көтерілді. Республикалық көрсеткіш 85,6 пайызды құрайды. Биыл бұл мақсатқа 4,6 млрд теңге бөлінген.
– Медициналық көмек көрсетудің басты принципі – қолжетімділік. Осы орайда халықтың сұранысына сәйкес медицина ұйымдарының автопаркі жаңартылды. Биылдың өзінде лизинг арқылы елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік алынды. Осылайша, елді мекендерде санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді, – дейді Олжас Ермекұлы.
Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Облыстың денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жұмыс пен игі бастамалардың барлығы тұрғындар саулығы үшін жасалуда. Бұл жұмыстар жалғаса бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА
Дереккөз: syrboyi.kz