Бейсенбі, 14 тамыз, 00:24

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі

11.08.2025

79

0

328937c1 4af3 4729 a21f 60a9bc6cfbf1

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы – ұлт руханиятына арналған ерекше тарихи сәт. Бұл атаулы дата аясында Абайдың туған жерінде, Қарауыл ауылында ел көлеміндегі мәдениет және өнер ұйымдарының қатысуымен кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Осы мазмұнды бастамалардың бірі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрме болды. Мыңжылдықтар қойнауынан сыр шертетін киелі Сыр бойының рухани және материалдық мәдени мұрасын кеңінен таныстырған бұл көрме Абай елінің төрінде көрермен назарына ұсынылып, жұртшылыққа өңірдің бай тарихи құндылықтарын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.

«Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрменің негізгі мақсаты — Сыр өңірінің түркі өркениетіндегі тарихи орнын насихаттау, ұлттық тарихтың терең тамырын кеңінен таныстыру және Абай мұрасын тарихи-мәдени кеңістікте жаңа қырынан көрсету.

Көрмеге Сыр өңіріндегі көне қалалар — Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер, соның ішінде алтын әшекейлер мен керамикалық бұйымдар, сондай-ақ «Шірік-Рабат сақ жауынгері» реконструкциясы қойылды. Сонымен қатар ХІХ–ХХ ғасырлардағы Сыр бойы қазақтарының тұрмыстық заттары мен зергерлік бұйымдары, киіз үй интерьері, белгілі тарихи тұлғаларға тиесілі қару-жарақтар, мөрлер мен шежірелер ұсынылды. Көрменің мазмұнын толықтыра түскен ерекше құндылықтардың бірі — Абай Құнанбайұлының сирек кездесетін өлеңдер жинақтары мен сандығы (1922 және 1930 жылдардағы басылымдар) болды. Аймақтың ХХ–ХХІ ғасырлардағы өнеркәсіптік-ауылшаруашылық жетістіктері ұсынылды.

Көрме қонақтары Сыр өңірінің бай мәдениетіне тәнті болып, оны Түркі өркениетінің алтын бесігі ретінде жаңаша бағалады. Бұл — ұлы Абайдың рухын ұлықтаумен қатар, ұлт тарихына деген ортақ тағзымның көрінісі болды.

11d14580 68d3 4dde af20 f298741ec596
43edd9d2 d3f5 4030 a596 f1b90fc3f880 1

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика