Жұма, 04 қазан, 16:43

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Қоңырдың мәні қандай?

08.02.2024

297

0

Қоңырдың мәні қандай?
Фото: ашық дереккөзден

Қазақта Шоқан Уәлихановтың естеліктерінде кездесетін, есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мынадай бір аңыз бар. «Әлем жаралудан бұрын әуен жаралған екен. Ол бастапқыда ғарышта өмір сүріпті. Бір жолы ғарыштағы әуен әлемді шарлап көруді ойлайды. Жер бетіне жақындап келеді. Бір жерден аласа, екінші жерден биік ұшыпты. Әуенді жерде жасап жатқан барлық халық өзінше естіпті. Қазақ даласына келгенде, әуен тіптен аласа қалықтап өтсе керек. Сондықтан біз, қазақтар әнге бай, әнші халық болған екенбіз» деп мақтанышпен айтылады.

Музыка – қазақтың өлмейтін ұлы өнері. «Әу демейтін қазақ жоқ» екені де рас. Бірақ бұл салада музыканттар зерттемеген, зерттеушілер қол сұқпаған көптеген дыбыс бар. Қазақ халқы сол дыбыстардың бәріне ат қойып, таңбалаған. Мәселен, сырқырап тұр, шарылдап тұр, ысылдап тұр, барылдап тұр, қырылдап тұр, ызыңдап тұр деген дыбыстар музыканттардың қолданысынан тысқары. Бірақ осы сынды дыбыстарға ат қоюда жүздеген сөз шығарған екен. Қазақтың табиғатпен үндескен болмысынан, әндегі әр дыбысқа деген құштарлығынан қоңыр үн қалыптасса керек.

Әлемдік экологияның дыбысқа байланысына бір ғана мысал келтірсек. Адам баласы жарық дүниеге шыр етіп жылап келген соң қалыптасатын мінез-құлқының 70-80 пайызы жағымды-жағымсыз дыбыс әсеріне тәуелді. Әр адам баласы жақсылықты 20 пайыз, жамандықты 80 пайыз жасауға бейім тұрады екен. Сондай-ақ әр секундта қатердің 70 пайызын дыбыстан күтуге болады. Музыкада да таразының бір басы жақсылыққа жақын болса, бір жағы жамандықты тартады. Адамды музыкада қоңыр дыбыспен емдеуге болса, өте қатты жағымсыз дыбыс күшімен өлтіруге де болады.

Табиғатта бояу түсінің бар-жоғы жеті түрі бар. Мұны жаңбыр жауғаннан кейін пайда болатын кемпірқосақтан көруімізге болады. Бояу мен дыбыс арасында өзара тығыз ұқсастық бар. Қоңыр – табиғатқа ең жақын үн. Баланың кәдімгі айналдырып ойнайтын ойыншығындағы жеті түрлі түсті жеті бөлек қағазға бояп, айналдырғанда, жеті түсті бояудың қосындысы қоңырды береді екен. Қазақта қоңырды баран дейді. Ал қылаң деп ақ пен қара түсті айтады.

– Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,

Жығылмаса Құлагер қайда деймін?.. деген жолдардан Ақанның Құлагерінің баран, яғни қоңыр болғанын байқаймыз. Құлаққа жайлы, жағымды, ұнамды қоңыр сөзі тұрмысқа, әл-ауқатқа, дыбысқа қатысты айтылады. Адамның рухын, мінез-құлқын бейнелейтін кей жайттарды қоңыр қалыптағы күй дейді.

– Қоңыр аба, сазды жайлап,

Сапырып сары қымыз, бие байлап.

Шіліңгір ыстық та емес, суық та емес,

Самал жел, қоңыр салқын тұрған айлап.

Қызыр Момбекұлының бұл өлеңінде қоңыр сөзі ауа райының ыстық та, суық та емес, адамға, тұрмысқа жайлы жағын бейнелеп тұр.

Қорқыт ата қоңыр үнді қылқобызын ойнап отырғанда емделуге келген науқас адам оның жүзін көрмей-ақ, есіктің ар жағынан тыңдап, ауруынан айығып жөніне кетеді екен деген аңыз бар. Демек қоңыр саздың адам денсаулығына емдік қасиеті де болғанын тілге тиек ете аламыз.

Бабымен, ақырын сөйлеу құлаққа жағымды. Соның барлығы қоңыр деген өлшеммен өлшенбек. Адамға зиян келтірмейтін, жат мінез, оғаш өң бермейтін, дұрыс келіп, адамның көңілінен жақсы орын алатын құбылыстарды қоңыр дейміз. Қазақта қоңыр деген сөз көп нәрсеге – құстардың да, жануарлардың да, жансыз нәрселердің де дыбысына қатысты айтылады.

Мысалы, ақын Оралтай Біләловтың қоңыр сөзіне қатысты концепциясы төмендегідей: «Ұлттық ділдің өзіндік иммундық жүйесі бар. Ол иммундық жүйе халықтың, ұлттың рухани-энергетикалық өрісінің аясында пайда болады. Рухани энергетикалық өріс халықтың ел болып, тарих сахнасына шығуынан біраз бұрын (инкубациялық кезең) Көк тәңірі және басқа да иелерінің тарапынан жасалатын манифестация нәтижесінде пайда болады.

Ал түркі елдерінің, соның ішінде қазақтың рухани энергетикалық өрісі «қоңыр» деп аталады. Бұл былай қарағанда онша қиын емес те секілді. Ата дәстүрді ұстану, оның шартын сақтау, дамыту, өз ұлтының жоралғысын күнделікті дәстүрде қолдану, т.б. Сөйтіп, эгрорлық өрісті, яғни қоңырды байыту. Нәтижесінде қоңыр Байқоңырға айналуы мүмкін. Неғұрлым эгрорлық жүйе мықты болса, соғұрлым ұлттың ділінің иммундық жүйесі мықты болады. Халықтың ділі жоғары күш иелері, киелерімен тығыз байланыс-бірлікте түзіледі. Елдің ұлт болып ұюына, әр адамның басқа адамға ізгілік тілеуіне шапағатын тигізіп тұратын киелі өріс (аура) әрбір ұлтта бар. Қазақ халқында ол киенің атауы – «Қоңыр».

– Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,

Көзін сулап қалып еді қамығып.

Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп

Қоңырқай ой маза берер емес түк.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі,

Кеудем кейде қоңыр күйге толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы,

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн…

Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен

Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.

Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,

Шешем қалды қоңыр төбе басында.

Қоян жонға қоңыр ымырт түскенде

Қоңырайып отырамын үстелге… дейді Жұмекен Нәжімеденов «Қоңыр түс» деген өлеңінде.

Қоңыр – қазақ тіліндегі ең асыл түстің бірі. Белгілі ғалым М.Әуезов қоңыр түсі жөнінде былай дейді: «Бұл сөздердегі нақты мағыналардың сан алуандылығы, ылғалға қанған құнарлы топырақ сияқты ортақ басым эмоциялық сырлы астарды бойына сіңіреді. «Қоңырмен қосақтасатын сөздер адамның көру, есту сезімі, тәні мен жаны және парасаты үшін мінсіз сабақтастық құрайды. Ол жаймашуақ, мамыражай табиғатқа, хас сұлулар мен сәйгүлік тұлпарлардың ғажайыптығына, күміс көмей әншілер мен музыкалық аспаптардың «құлақтан кіріп бойды алатын тәтті әндері мен әсем күйлерінің» (Абай) құдіретіне, нағыз кемеңгерлердің этикалық дарындылығына және көптеген басқа да адамзат баласын тамсандыратын әдемілікке қолданылады. Бірақ бұл – сонымен қатар сағым іспеттес мінсіздік. Оған тағзым етуге болады, бірақ оны адам жасаған жоқ, сондықтан оны ұстап тұру пенденің қолынан келмейді. Бұдан қоңырдан кейін ілесетін сөздердің кіршіксіз мұңлы сарыны туындайды. Ұдайы толғандыратын, мәңгі саф мөлдірлігін сақтайтын осы атасөздің «мұң» сөзімен тіркесте жиі қолданылатыны барынша табиғи құбылыс».

Мамандардың айғақтары бойынша, XX ғасырдың жиырма-отызыншы жылдарындағы озық қазақ интеллегенциясының арасында «қоңыр» және «жел» сөздеріне ерекше мән берілген. Мұхтар Әуезов өзінің ең алғашқы туындыларын «Қоңыр» лақап атымен шығарған. Ұлы Мағжан Жұмабаевтың бүкіл поэзиясындағы толассыз жел бейнесі де – тосқауылдарды бұзып-жарып өтетін жойқын күш әрі нәзік және аялап, тербететін татулық пен ырыздықтың ұрығын себетін табиғи құбылыс .

Қоңыр үндегі бояу табиғаттың өзі қалыптастырған дыбыс бояу ерекшелігі, яғни домбыра мен қобыздың қоңыр үні табиғаттағы барлық үндердің үйлесімді бірлігін танытатын дыбыстардың жиынтығы десек болады. Домбыра, қобыз, тағы басқа аспаптардың үндік қасиеті табиғатымызға тән болған қоңыр үн бояуынан өріс алып, халықтың болмыс-бітім ерекшелігін танытып, рухани өрісін қуаттаған. Ертеде ата-бабаларымыз қоңырды күшейту үшін қоңыр күй тартатын болған. Қоңыр күйлер әдетте домбыраның бұрауына түсіріп, бос бұрап тартқанды талап етеді. Себебі күмбірлеген үн, шіңкілдеген дыбыстан емес, төмендеу келген, жуан да емес ортадағы толқымалы дыбыстар сазынан төгіледі. Үн тереңнен қайырылып, күмбір күйдің сазы өзіне жақын бояуларымен ынта қойғызады.

Дина БӨКЕБАЙ

Дереккөз: syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика