Жуырда тіл білімінің олжасына айналған Oxford Qazaq Dictionary сөздігі баспадан шықты. Тұңғыш рет жарық көрген еңбекте қазақ және ағылшын тіліне аударылған 60 мыңға жуық сөз қамтылған. Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен басылып шыққан көлемді еңбектің қазіргі таралымы 10 мың дана. Басым бөлігі отандық ЖОО мен кітап дүкендеріне таратылуда. Қорқыт ата университетіне де апта басында 65 кітап жеткізіліп, тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысып, ғылыми еңбектің мән-маңызына тоқталды. Әсіресе, шараға қатысқан сала мамандары ауқымды сөздіктің артықшылығын айтып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін білетініміз, Oxford сөздігінің басылымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындаған. Сондай-ақ сөздік көпшілік назарына ұсынылар алдында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында арнайы талқылаудан өткен. Жоба жетекшісі Рауан Кенжеханұлы сөздікті Oxford университеті баспасының тәжірибесін зерделей отырып шығарғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, Oxford English Dictionary сөздігінің лексикалық реестрі, әдістемесі мен технологиясы негізге алынған екен.
– Әлемдік ақпараттың 70 пайызы, халықаралық бизнестің 100 пайызы ағылшын тілінде жүргізілуде. Сондықтан ағылшын тіліндегі қажетті ұғым, термин, жаңа білімді ана тілімізге аударудың мәні ерек. Сөздік құрастыруда дүние жүзіндегі ең ілгері ұйым ретінде мойындалатын Oxford университеті баспасының ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесі мен технологиясын назарға алдық. Кітаптың шығуына еліміздегі білікті тілшілер, одан өзге Oxford баспасында сөздік даярлайтын, ағылшын тілінің лексикасын білетін мамандар атсалысты. Екі тараптан түрлі ескерту мен пікірлер келіп отырды. Оларды қабылдап, кейде өз пікірімізді де алға тарттық. Төрт жыл бойы 50 адам осы жұмысты жетілдірді, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Осы орайда ауқымды істің басы-қасында жүрген маман сөздікке қатысты бірнеше тың деректі мысалға келтірді. Соның бірі кітап атауына қатысты еді. Оның айтуынша, ел арасында сөздікті «Oxford» атауымен шығаруды сынағандар болған. Әсіресе, бұған дейін жарық көрген мәндес сөздіктер секілді «Қазақ-ағылшын сөздігі» деген нұсқада қалдыруды ұсынғандар көп болыпты. Алайда жоба жетекшілері Oxford университетінің ғаламдық тәжірибесін қолданудың маңызын түсініп, еңбекке институт ретінде үлес қосуын қалаған. Себебі аталған университет қолдау білдірген тілдердің ғылыми айналымы кеңіп, заманауи лингвистика әлеуетіне ілесетін үрдіс бар. Қазақ тілі сол қатарға қосылмақ.
– Oxford University Press баспасының екі тілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін басып шығаруға ресми рұқсат беруі – тарихи сәт. Олай дейтініміз, университет баспасы ғаламдағы ең сенімді сөздік құрастырушы баспа ретінде танымал. Олар өздеріне және әріптестерінің жұмысына жоғары талап қояды. Сондықтан бізге өте ауқымды деңгейде жұмыс жүргізу қажет болды. Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы да негізге алынды. Сөздікті толықтай құрастырған соң оны сараптамаға жібердік. Себебі олардың рұқсатынсыз «Oxford» атауын сөздікке салу, пайдалану мүмкін емес еді, – дейді Р.Кенжеханұлы.
Тағы бір ерекше өзгеріс – ел атауы. Халықаралық баспа ісі мен медиа кеңістікте Қазақстан атауын орыс тілінің фонетикалық ығына жығып беру тәсілі бар-тын, яғни, Қазақстанды «Kazakhstan» деп жазу қалыптасқан. Мұндай орынсыз ұғымды жоюдың алғашқы әдісі осы сөздікте қолданылған. Оған дәлел, мұнда қазақ сөзі төл дыбысымызға шақтап «Qazaq» деп жазылған. Кітап тұсаукесерінде Р.Кенжеханұлы өзге ұлттар «қ» дыбысына жуықтас дыбысты «q» белгісімен беретінін алға тартып, бұл қадамның қазақ тіл білімінің алға жылжуы деп бағалады.
Сөздіктен кейін жүрген сең мұнымен шектелмейді. Аталған кітап негізінде қазақ тілі Оксфорд Жаһандық Тілдер (Oxford Global Languages) платформасына қосылды. Соның нәтижесінде қазақ тілі әлемнің іргелі 100 тілінің лексикалық қорымен өзара байланысып, ортақ ғаламдық тіл корпусына енуде.
Бұдан бөлек жуырда Oxford университетінде қазақ тілі оқыталатыны туралы жағымды жаңалық тараған болатын. Отандық ғалымдар мен педагогтер әлемдік ЖОО-да қазақ тілінен сабақ бермек. Кітап тұсаукесерінде сөз алған Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жобаға сырбойылық ұстаздардың да үлес қосуына мүмкіндік қарастыралатынын атап өтті.
– Oxford университетімен байланыстың тағы бір ұтымды тұсы – аталған оқу орнында қазақ тілін оқыту мүмкіндігі. Бұл – алғаш рет қазақ тілі әлемдік үздік университете оқытылады деген сөз. Қазір оқу процесіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен отандық ЖОО өкілдері тікелей атсалысуда. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті оқытушыларының Еуропада қазақ тілінен сабақ беру мәселесін пысықтайтын боламыз, – деді ректор.
Жалпы сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы және сауда салаларындағы жаңалықтар ескерілген. Ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілген. Бұл – тіл мамандары үшін таптырмайтын көмекші құрал.
– Сөздіктен ірілі-ұсақты қате табылары белгілі. Алайда еңбек үнемі жетіліп, дамып отыруы тиіс. Көп қолданыстағы кітаптардың екінші, үшінші, тіпті жиырмасыншы басылымы шығып жатады. Бастама әрі қарай жалғасын тауып, келесі басылымдары әзірленеді деген ойдамыз. 10 мың дана – Қазақстан қоғамы үшін үлкен таралым. Кітап еліміздегі барлық ірі кітапханаға, оқу орындарындағы студенттер мен оқытушылардың жұмысына қажетті деңгейде жетеді, – дейді жоба жетекшісі.
Жиын соңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат жобаға атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, тіл мамандары сөздікке қатысты толымды пікір білдірді.
Ерсін ШАМШАДИН
Дереккөз: syrboyi.kz