Кеше «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Қызылорда облысының Бас имамы Дастан Құрманбаев «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Аралбаевты қабылдап, елімізде діни бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Қызылорда облысы өкілдігінің іс-шараларын насихаттауға қосып келе жатқан зор үлесі үшін алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
– Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала, ол – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы, түрлі технологиялар қарыштап дамыған заманда халыққа дін тақырыбында жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Қоғамды адастыратын ақпаратқа жол бермеу үшін өзіңіз басқаратын серіктестік қызметкерлері ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тербеп келеді. Бұдан бөлек, сіз – біздің тек ақпараттық қолдаушымыз ғана емес, орталық мешіттің тұрақты жамағатысыз. Мешітте ұйымдастырылып жатқан барлық шараларға белсенді түрде қатысып, үнемі ақыл-кеңесіңізді беріп отырасыз. Ұйымдастыру жұмыстарына да көмек көрсетіп келесіз. Сізге өзімнің ғана емес, өкілдік ұжымының атынан алғыс айтып, ризашылығымызды жеткіземіз. Алла Тағала өзіңізге екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Әрдайым мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын! – деді Дастан Жанасұлы.
Кездесу соңында Бас имам Марат Жайылханұлына құрмет көрсетіп, өзінің Алғысын табыстап, сый-сыяпат жасады.
Айта кетейік, «Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық газетті («Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары»), 1 ақпарат агенттігін («Kyzylorda-news.kz»), 1 қалалық («Ақмешіт апталығы»), 7 аудандық басылымды (Арал аудандық «Толқын», Қазалы аудандық «Қазалы», Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы», Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы», Шиелі аудандық «Өскен өңір», Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті) бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге өзі таратып отырған республикадағы жалғыз медиа құрылым.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі