Жұма, 02 мамыр, 09:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Көненің көзі – тарихтың өзі

30.04.2025

36

0

Көненің көзі – тарихтың өзі
Фото: Автордан

Биыл Қазақ АКСР-нің астанасы атанғанына тұп-тура 100 жыл толған  Қызылорда қаласының іргетасы 1818 жылы қаланған. Алғашқыда «Қамысқала» атанған шаһар одан кейінгі жылдарда «Ақмешіт», «Перовск» деген атауға ие болды. 1922 жылы «Ақмешіт» атауы қайтарылды.  1925 жылы сәуір айында қазақ елінің астанасы атанды. Сол кезеңде ұлт қайраткерлері қалаға «Қызылорда» деген жаңа атау берді. Жүз жылға жуық уақыттан бері тарихи шаһар сол атауымен көпшілікке танылды.

– Қалада күні бүгінге дейін сақталған ғимараттардың ішінде ең көнесі – 1878 жылы салынған «Айтбай» мешіті. Мешітті Айтбай қажының қаржысына Ысқақ және Қамал есімді ұсталар салған. Бұл кезінде қаланың Ақмешіт аталуына себепші болған деген деректер бар. Ал қыздар приход училищесі ғимараты да дәл сол жылы инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша негізі қаланған. Алғашқыда қыздар приход училищесі, одан кейін Перовск қазақ-орыс училищесіне ай­налған ғимаратта 1925-1929 жылдары баспахана ғимараты орна­лас­қан. Дегенмен тоқ­саныншы жылдары жеке­ше­лендіріліп кә­сіпкердің меншігіне өтті. Қазір сауда дүкені ретінде көпшілікке қыз­мет көрсетіп келеді, – деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөнін­дегі мекеме директоры Ерғазы Алданазаров.

Қалада 1884 жылы салынған бұрынғы казарма, 1890 жылдары бой көтерген шіркеу сақталған. Одан бергі жылдарға тиесілі теміржол вокзалы (1905 жыл), теміржол милициясы ғимараттары (1905 жыл) да бар.

Көненің көзі – тарихтың өзі

– Қызылорда қаласы астана болған жылдары іргетасы қаланған теміржолшылар клу­бы (1924 жыл), қалалық атқару коми­тетінің ғимараттары (1927 жыл) мемлекеттік қорғауға алынған. Сондай-ақ транспорттық прокуратура (1905 жыл), № 5 дүкен (1905 жыл), қалалық монша (1905 жыл), көр­кем­сурет шеберханасы ғимараттары (1905 жыл) атал­ған тізімге енгізілген. Жалпы алғанда, облыс орталығында мұндай 12 тарихи ғима­рат ор­наласқан. Тарихи-мәдени ескерткіш­терді қорғау және пайдалану, күтіп ұстау мақса­тында жергілікті атқарушы орган, тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесі немесе оны пайдаланушының арасында қорғау міндеттемесі рәсімделген. Олардың ешқайсысы тиісті орындардың рұқсатынсыз заталған ғимараттардың сәулеттік келбетіне ешқандай өзгеріс жасай алмайды, – деді Е.Алданазаров.

Қызылорда қаласы еліміздің астанасы атанған жылдарда көптеген маңызды оқи­ға болды. Солардың негізгісі – ұлт ата­уының то­лық қайтарылуы. Бұл істе ұлт зия­­лы­­ларының еңбегі ұшан-теңіз. Белгілі зерт­­теуші Тұрсынбек Кәкішев өзінің еңбек­терінде белгілі қайраткерлердің ұлт атауын қай­тару жөніндегі ұсынысынан басқа, кеңсе іс­терін қазақ тілінде жүргізу, оқу-ағарту са­ласына барынша ден қою секілді ұсы­ныстар жасағанын айтады. Сол жылдары Қызылордада қызмет атқарған азаматтардың кейбірінің тұрған үйлері белгісіз болып қалған. Ұлт зиялылары қызмет еткен Қа­зақ ССР Атқару комитетінің ғимараты да 2000 жылдардың бас кезінде бұзылып кет­ті. Әрине, ол уақытта қазіргідей тарихи мұра­ларды қорғау бағытындағы тиісті талаптар сақталмады, тарихи жәдігерлерден көз жа­зып қалдық. Сол ғимараттың көшірмесі Сыр­дария өзенінің сол жағалауынан бой көтеріп, жергілікті жұртшылықтың көзайы­мына айналды.

Көненің көзі – тарихтың өзі

Астана болған кезеңде Қызылордада мә­дени өмір кең қанат жайды. 1925 жылы байланыс басқармасы құрылса, 1926 жылы радио торабы, радиостанция қызметін бастады. Оған қоса 100 орындық өлкелік, 45 орындық қалалық аурухана ашылды. 1926 жылы 13 қаңтарда қазақтың тұңғыш ұлттық театры шымылдығын түрді.

Қала өмірі күнделікті жаңалыққа толы болды. Совпарт мектебі, Халық ағарту институты, геологиялық барлау бағытындағы рабфак, дәрігерлер дайындайтын оқу орны, кооператив, шикізат, транспорт, механикалық, қаржы техникумдары, тағы да басқа оқу орындары ашылды. Сауатсыздықты жою үшін газет-журналдардың рөлі зор екенін ұққан ұлттық кадрлар оны ә дегеннен-ақ қолға алды. Сол кезде Қызылордада «Ең­бекші қазақ», «Советская степь» деп аталатын республикалық газеттер мен журналдар шығарылды. 1928 жылы Қызылордадан 31 газет басылып шықты. Оның 13-і қазақ ті­лін­де жарық көрді.

Осы саланың туын желбіретуге қоғам­дық-саяси қызметті қоса арқалаған, ел кө­шіне, өмір ағымына, халық тағдырына кө­­ңіл бөлген дарынды жазушылар мен ақын­­дар да білек түріп араласты. Атап айт­қан­да Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Са­быр Шәріпов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әб­ділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтің шығар­малары Қызылордада жарық көрді.

Дәл осы жылдары электр жарығы іске қосылды. Астана мәртебесіне қол жеткіз­ген соң түрлі мекемелер мен өндіріс ошақ­та­рының іргетасы қаланды. Біртіндеп конди­терлік фабрика, ет комбинаты, сыра зауыты мен басқа да артелдердің қатары көбейді.

Тарихи ғимараттарды сақтап қалуға баса назар аударып, Түркия, Италия, Грукия се­кіл­ді еуропалық елдерден үлгі алуға болады. Іргеміздегі Өзбекстан елі көне ғимарат­тар­ды сақтап қалу арқылы қыруар кіріс кіргізіп отыр.

Қазақстандықтар Қызылорда қаласын қазақтың алғашқы астанасы ретінде біледі. Сол жылдары қазақ зиялыларының таба­ны тиген ғимараттар халқымыз үшін ба­ғалы екені белгілі. Арнайы туристік маршрут­тар ашып, қазірге дейін сақталған ғима­рат­тарды таныстыруға болады. Тіпті жергілікті тұрғындардың өзі оларды толық біле бермейді. Мектепте балаларға ол жайында ақпарат айтылмайды. Әрине, кезінде тарихи ғимараттарды сақтауға байланысты олқылықтардың болғанын жасыра алмаймыз. Ендігі кезекте оған жол бермеуіміз керек. Облыс орталығынан өзге барлық ауданда осындай ғимараттар бар. Олар «Түрксіб» теміржолының салынуына байланысты бой көтерген. Бұл ғимараттар да көзден таса қалмауы тиіс.

Әділжан ҮМБЕТ

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика