Жұма, 22 қараша, 00:53

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Киелі орындар және құндылықтар өлшемі

28.10.2024

257

0

Киелі орындар және құндылықтар өлшемі

Сыр өңірінің тарихы – ұлттық тарихтың құрамдас бір бөлігі. Қызылорда облысындағы жүздеген тарихи-мәдени ескерткіштің әрқайсысының өзіндік сыры, жалпыадамзаматтық құндылықтармен ортақ тұстары бар. «Сыр өңірінің киелі орындары мен ислам құндылықтарының әдеби-танымдық ерекшеліктері» жобасының басты идеясы – өңірлік киелі орындар мен ұлттық құндылықтардың тарихын тану, археология, әдебиеттану, дін ғылымдарының аясында кешенді зерттеу жүргізу.

Өнер туындыларында, аңыз-әңгімелерде діни-ағартушылық сарын басым. Кесенелер, киелі жерлер, мазарлар, тағы басқалар – сөзіміздің дәлелі. Діни-ағартушылық ой-сананы сараласақ, киелі жерлер мен тұлғалар болмысы ашыла түседі.

Киелі жерлердің фото-суреттері мен орналасу белдеуіне қатысты жоба аясында айқындалған материалдарды саралап, өңірдегі маңызы бар киелі жерлер туралы ақпараттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында QR кодкарта дайындалып, «Сыр өңіріндегі қасиетті орындар» деп аталатын әдеби-танымдық буклет жарыққа шықты. Буклетке енгізілген картадан киелі орындардың орналасқан жерін, бағдарын көруге болады.

Киелі орындардың мәдени-географиялық орналасу белдеуі, оған тарихи-саяси оқиғалардың ықпалы, қалыптасқан ұғым-пайымдарды анықтап, ғылыми негіздеу мақсатында Қызылорда, Түркістан облыстарында ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Осы өңірлердегі киелі нысандардың ерекшеліктері мен құндылықтары сараланып, ел аузындағы аңыздар жиналып, киелі жерлердің қолайлы картасы жасалып, үш тілде QR код картасы қоса берілген фото-альбом жарыққа шықты. Онда Жетес би кесенесі, Жақайым баба тарихи орны, Ораз ахун кесенесі, Сараман Қоса мұнарасы, Толыбай батыр, Орынбет ишан, Әлібай ахун, Тұрмағамбет ақын, Тапал ахун, Алтайбек ахун, Мұңайпас би қорымы, Дәуіт әулие кесенелері, ортағасырлық Аққорған, Өзгент қалашықтары, Төлекқожа батыр кесенесі тағы басқа түрлі жәдігерлер енгізілді. Фотоальбом Сыр өңіріндегі қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеуін ұлттық рухани құндылықтар арқылы танытуымен маңызды. Өңірдегі рухани құндылықтарды түсініп-білу үшін, ең алдымен, тарихи мұраларды естіп, көріп, танып, санаға сіңіру керек. Сонда ғана жас ұрпақ оны адамға игі ықпал ететін адамзаттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей алады.

Ғылыми жоба аясындағы зерттеу жұмыстары нәтижесінде «Сыр өңірінің киелі орындары мен ислам құндылықтарының әдеби-танымдық ерекшеліктері» атты монография жарық көрді. Монографияда киелі орындарды табиғи, тарихи, мәдени сипатына қарай бөліп қарастырады.Аңыз-әпсаналардың шығуына ислам мәдениетінің ықпалы, тарихи процестегі маңызы талданған. Ақын-жыраулар шығармаларындағы киелі жерлер ұғымы мен ислами құндылықтар шығарма желісінде талданып, сюжеттер арқылы ақындық поэзияда жырлану ерекшеліктеріне, философиялық, дидактикалық, теологиялық құндылықтарына, шығарманың бейнелі өрнектеріне талдау жүргізілді. Одан бөлек, «Сыр сүлейлері шығармаларындағы діни-ағартушылық идея» атты әдістемелік көмекші оқу құралы оқырманға жол тартты. Онда Сыр сүлейлері шығармаларындағы діни-ағартушылық идеяны әдеби таным тұрғысынан меңгерту жолдары, әдістемесі берілді.

Кезінде билік құрған сақтардың ордасы – Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, Дешті Қыпшақ пен қазақ хандығының астанасы – Сығанақ Сыр өңіріндегі үлкен білім мен мәдениет ордасы болған. Ежелгі түркі тайпаларының өркениеті мен мәдениетінің көрсеткіші болған Сығанақ қыпшақтар астанасы болса, оғыздар астанасы Жанкент Ұлы Жібек жолындағы басты тірек бекеті саналған.

Мұнда Орта Азия халықтарына танымал оқымысты дін қайраткері Әбдіжамал баб Қорасан Ата, түркі жұртының қасиетті абызы Қорқыт Ата, Оқшы Ата, Сунақ Ата, Ақтас әулие, Жәрімбет әулие, Сейітпенбет ахун, Бегім ана, Мәмбет әулие, Марал ишан, Қалжан ахун және өзге де тұлғалар туралы киелі жер атаулары мен аңыздар мол. Ерекше қасиетіне тәнті болған ел тарих көшінде түрлі аңыз-әпсаналар тудырып, олардың жүрген жерін қасиетті орынға айналдырған. Сыр өңіріндегі қасиетті орындардың сырын ашып, ауыздан-ауызға аңыз болып жалғасқан әдеби-фольклорлық мұраны ұлттық рухани құндылық тұрғысында бағалап, басты назарда ұстадық.

Сыр өңірінің сөз өнері мұралары ұлттық және жалпыадамзаттық өркениеттер сабақтастығына негізделген. Жергілікті ақын-жыраулардың шығармашылығында ислам тақырыбы ұлттық әдебиеттің тарихи-көркемдік негізінде дәстүрлі әрі тұтастай жалғасын табуы да зерттеу нысанына айналды.

Киелі нысандар туралы аңыздардың шығу тарихын анықтап, кейіпкерлердің қасиетін талдау барысында мынандай қорытындыға келдік:

Біріншіден, аңыздағы типтік деңгейге көтерілген киелі тұлғалар – Қорқыт, Хорасан ата, Оқшы ата, Қармақшы, Марал ишан, тағы басқалар жайында тың деректер айтылды;

Екіншіден, Сырда туған аңыздардағы киелі жер-су, мешіт, медресе, діни орындар жайлы негіздеулер жасалды;

Үшіншіден, аңыз қалыптастырған ұлттық құндылық пен киеліліктің сыры ашылды;

Төртіншіден, күй аңыздарындағы ұлтымыздың қасиеті мен киелілігі айтылды. Халық тағдырын күймен байланыстырған күй аңыздар ізгілікке үндейді деген ұғым дәлелденді. Сыр аңыздарындағы киелі нысандардан ұлтымыздың даналығы, көріпкелдігі, дүниетанымы мен тағылымы айқындалып, тұжырым жасалды.

Сыр елінде ел қорғаған батырлар, қасиетті діни қайраткерлерге байланысты киелі жерлер болғаны анық. Олардың тарихи тұлғасын дастандарда жырлап, рухани дәстүрге айналдырған. Дастандарға арқау болған діни-ағартушылық ой-сана, халқымыздың жүрген жолы, тарихы, ұлттық мұраларымыздың тарихи-мәдени маңызы ашып көрсетілді.

Халқымыздың рухани құндылықтарының бір тармағы – көркем сөз өнері. Ұлт әдебиеті тарихында Мұхаммед пайғамбар оның сахабалары, діни амалдарын насихаттауға арналған дастандар тарихи-танымдық, тәрбиелік, эстетикалық маңыздылығымен ерекшеленеді. Сыр өңірінде туған әдеби туындыларда ислам құндылықтары тұрақты жырланған. Қасиетті құран кітабының сюжеттерін, пайғамбар хадистерін негізге ала отырып, ақын-жыраулар дастан жазды. Бұл қисса-дастандар тарих пен халық арманын, ислам жолындағы қайраткерлерді жинақталған бейнеде танытып, діни сауаттылықтың нығаюына негіз болды. Ақын-жыраулар ислам тақырыбын өзек еткен шығармаларында өмір шындығын жан-жақты суреттеп, имандылықты насихат, уағыз, өсиет сарынында жырлап, оқырманды көркемдік әсермен баурап алады. Діни-исламдық ағартушылық таным – ұрпақтың өткені мен бүгінін, болашағын сабақтастырудағы рухани дәнекер. Ислам құндылықтарын танытатын ақын-жыраулар шығармалары – адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесінің эстетикалық құралы.

Киелі орындардың тарихы, оларға қатысты аңыз-әпсаналар жинақталып, жанрлық, тақырыптық жағынан жүйеленді. Сыр өңірі ақын-жыраулары шығармаларын зерттеу арқылы адамдық құндылықтарға үндейтін исламдық дүниетаныммен байланысты діни-ағартушылық ой-сана, дидактикалық сипаты, көркемдік-стильдік ерекшеліктері айқындалды. Өңірдегі қасиетті, киелі орындар анықталып, олардың дінтанушылық сипаты ұлттық ұстаным деңгейінде қарастырылды. Киелі орындардың мәдени-географиялық орналасу белдеуі, оған тарихи-саяси оқиғалардың ықпалы, қалыптасқан ұғым-пайымдар жөнінде тарихи, діни және филологиялық көзқарастар ғылыми тұрғыда негізделді. Жұмыс нәтижелері әдебиеттану, тарих, мәдениеттану, өлкетанудың осы мәселелерге қатысты теориялық, практикалық зерттеулерін толықтыра алады.

Ғылыми жоба аясында Сыр өңірінің ақындары шығармаларындағы діни-ағартушылықты айқындауда 7М01724 – Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау білім беру бағдарламасының магистранттары тарапынан «Молдахмет Дабылұлы – Сыр сүлейлері дәстүрін жалғастырушы», «Сейтжан Бекшентайұлы шығармаларының поэтикасы», «Сыр өңірі аңыздарындағы батырлар бейнесі және аңызды оқыту», «Сыр өңіріндегі тарихи жерлер мен тұлғаларға арналған дастандар және оны оқыту жолдары», «Сыр өңіріндегі киелі орындарға байланысты аңыз-әңгімелер және оны оқыту» тақырыптарында магистрлік диссертация жазылып, қорғалды.

Жұмыстың ғылыми қорытындыларын жаңа, тың деп есептеп, бұл еңбекті әдебиеттану, тарих, археология ғылымдарының аясын кеңейте түсетін іргелі еңбектер қатарына қосуға болады.

Гүлзира ОРАЛОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика