Наурыз – қазақ халқымен қашаннан бірге жасасып келе жатқан жыл бастауы, күн мен түннің теңесуі, молшылық, ынтымақ мерекесі.
1920 жылы 20-наурызда Түркістан республикасы Кеңестері атқару комитетінің төрағасы Т.Рұсқұловтың Наурыз мерекесін тойлау жайлы бұйрығы жарық көрген болатын. Ал 1926 жылы Кеңес өкіметі бүкіл жұрттың рухын біріктіретін бұл мерекеге тыйым салды. Араға 62 жыл салып, 1988 жылы саяси жүйенің осал тұсын ұлт игілігіне пайдалана білген қазақ зиялылары Наурызды қайта тойлауға рұқсат алды. Ал 1991 жылы 15-наурызда ҚР Президентінің 22-наурыз күнін Наурыз мейрамы деп жариялау туралы жарлығы шықты.
Биылғы жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек.
Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы ерекше мән берген Ұлу жылындағы Ұлыстың ұлы күні елімізде жаңаша бастау алды. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданып, әр күнге атау берілді.
Көрісу күнімен басталған мизам шуақты мерекені жұртшылық – «Қайырымдылық», «Ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні», «Ынтымақ күні» секілді атауларға сай мерекеледі.
Ал, «Жыл басы» деп аталған 22-наурыз жердің жүзін ақ жауынымен жуып, жылы шуағын төгіп келді. Осы күнгі әз-Наурыз Қызылорда қаласында ерекше бейнеде аталып өтті.
Қала орталығынан биыл бой көтеріп, жақында пайдалануға берілген «Өнер орталығының» қас бетіндегі көшеге тұтас бір қазақ ауылы көшіп келгендей. Қаз-қатар тізілген сауда қызып, ән қалқып, күй шалқып жатыр. Облыстық музей, архив, мәдениет мекемелері тіккен киіз үлердің іші көз жауын алады.
Осы бір оябы бөлек, келбеті ерек мереке төрінде облыс әкімі Н.Нәлібаев халықты Жыл басымен құттықтап, сөз сөйлеп, биылғы наурыздың айрықша маңызын ашты.
– Әз-Наурыздың мәртебесін көтеру, мән-мазмұнын байыту бастамасы жақында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарапынан кеңінен ашыла түсті.
Президентіміздің бастамасымен биылғы Наурыз мейрамы 10 күн бойы мерекеленуде. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, озық адами қасиеттерді – қайырымдылықты, шынайылықты, адалдық пен мейірімділікті дәріптеуге бағытталған», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сонымен бірге облыс басшысы қызылордалықтарға Сыр еліндегі серпінді істердің нәтижесін көрсететін ақжолтай жаңалықтарды жеткізді.
– Соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды даму алаңына айналуда. Экономиканың барлық салаларында өсім бар.
Қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында алғашқы орынды иелендік.
Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраған болатын. Биылғы жылы өңірдің бюджеті 650 млрд теңгеге бекітілді.
Бұл ауқымды қаражат халықтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуда.
Сырбойылықтардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл осы бағытта 5,4 млрд теңгенің ауқымды 14 жобасы жүзеге асырылады.
2025 жылға қарай облыс тұрғындарын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етеміз. Өңір тұрғындарының 75 пайызы көгілдір отын игілігін көруде.
4 млрд теңгеге аймағымыздағы 12 елді мекенді газға қосып, жыл соңына дейін газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеткіземіз.
Мерейлі мереке аясында Шиелі ауданында екі ауыл көгілдір отынға қосылды.
Аймағымызда 5 млрд теңгеге жуық қаржыға 225 шақырым электр желісі мен 50 қосалқы станция орнатылады. 27 млрд теңгеден астам қаржыға ұзындығы 247 шақырымды құрайтын жолдар жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 90 пайыздан асады.
Өңіріміз күн санап көркейіп, ажарын айшықтайтын зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде.
Биыл бюджет қаражаты есебінен Қызылорда қаласында және аудандарда 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі.
Мереке қарсаңында 220-ға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болды», – деп облыс басшысы ел-жұрттың мерекелік көңіл-күй қуанышын еселеді.
Бұлармен қоса жақын күндері Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимаратының, «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының, алдымыздағы медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық «Қан орталығының» пайдалануға берілетіндігін айтты.
Мереке үстінде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жас сәбидің тұсауын кесті.
«Өнер орталығындағы» наурызда мекеме, ұйым басшылары өз қызметкерлеріне алғыс хаттар беріп, мерекелік құттықтаулар жасады.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы М.Қазбекова бірнеше мәдени мекеме өкілдеріне облыс әкімінің алғы хатын табыстады.
Мерекедегі спорттық шаралар өте қызықты өтті. Күрес, гір көтеру, тірі салмақтағы қой көтеру жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әсіресе, алпыс келі болатын марқа қойды мойнына салып, 102 мәрте отырып-тұрған Жалағаш ауданының палуаны Қалдыбек Айғалидың өнеріне көпшілік сүйсіне қол соқты. Осылайша жас жігіт ауылына қой олжалап қайтты.
Қазақ халқы қашаннан жарқын жүзді, жылы жүректі, жомарт мінезді, мейірбан жұрт. Оның осы қас-келбеті төл мерекесінде де айшықталған.
Біз Ұлыс мерекесінде сондай сұлу бейнелі, рухы биік күннің қуанышына куә болдық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
Дереккөз: syrboyi.kz