Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, сыршыл ақын, Сыр перзенті Ибрагим Исаевтың туғанына 75 жыл толды. Осыған орай ақынның туған ауылы Ақсуат елді мекенінде «Есімің сенің мәңгілік» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар талантты ақын Ибрагим Исаевтың есімі көпке танымал. Терең сезіммен өрілген тебіреніске толы өлеңдері ел аузында жүр. Әсіресе, жиын-тойда жұртшылық әсерлене шырқайтын ақын сөзіне жазылған мына бір әдемі ән туған жерге деген алабөтен сезімді аңғартып тұр. (Әуенін жазған Құралай Сәтмұхамедова).
– Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол
жүрем,
Ел жаққа барам, жүрегім ел деп елжіреп.
Ауылдың суы, ауылдың нуы аңсатты,
Күйбең тірліктің дүрбең шулары
шаршатты.
Ауылға барам, бәрі де туыс ол жақта,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар
бар-жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр
жазам,
Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа.
Иә, бозбала шағында арман қуып, ауылдан жырақ кеткен ақын егде тартқан шағында ел жақты көп ойлайтын. Ауылын аңсайтын, бауырын сағынатын. Сол сезімін жүрегінен төгіліп түскен жыр шумақтарымен жолдайтын.
Ақынның қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын өлеңмен өрген туындысы да тамаша әнге айналды.
– Ән – Аға,
Жан – Аға,
Сені аңсап шарқ ұрып шағала.
Каспийдің толқыны, соғады жағаға,
жағаға…
Ән – Аға,
Жан – Аға, – деген жыр жолдарынан терең тебіреністі танимыз.
Ақынды еске алуға Астана, Алматы қалаларынан қонақтар келді.
Қазақ поэзиясында айқын қолтаңбасы қалған Ибрагим Исаевтың адами болмысы, асқақ шығармашылығы туралы ақынның замандас, үзеңгілес достарының бірі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, мемлекет және қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев естелік айтып, елдің көңілін толқытты.
Айта кетейік, ақын Ибрагим Исаев ел ішінде кең таралған көптеген әннің сөзін жазған автор. Айталық, «Махаббат – мәңгі ертегі», «Елге сапар», «Ән – Аға» әндері халықтың жүрегінен орын алған. Кеш аясында қазақ эстрадасының танымал әншілері Жеңіс Сейдолла, Сәкен Қалымов, Жеңіс Ысқақова, сондай-ақ жергілікті өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Кеш қонақтары, ақынның туған-туысы, жұбайы, балалары және бірге оқыған достары арнайы ұйымдастырылған тақырыптық көрмемен танысты. Сондай-ақ, ақынның ғибратты ғұмыр жолы туралы бейнебаян көрсетілді. Рухына арнап Құран бағышталып, ас берілді.
Рухани танымдық іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов қатысты. Қала әкімі атынан қонақтарға ізгі тілек білдіріп, бірқатар еңбек озаттарына марапаттар табыстады.
Іс-шара спорттық сайыстарға жалғасты.
Ғазиза ӘБІЛДА
 
            
 
         
        


