Кеше мен бүгін арасы
Дария бойындағы қазақтардың Қамысқала атты елді мекенінен Қоқан хандығы 1817 жылы Ресей мен басқа да сыртқы басқыншылықтан қорғану үшін бекініс салған болатын. 1818 жылы жұртшылық жаңа бекіністі орталығындағы қабырғасын ақ матамен жабулаған алыстан көрінетін мешітке байланыстырып, «Ақмешіт» деп атап кетті.
1853 жылы 28 маусымда Орынбор генерал-губернаторы басшылық жасаған орыс әскерлері бірнеше күн қоршап, зеңбірек атқылап, Ақмешітті басып алды. Олар біз жергілікті қазақтарды Қоқан билігінен азат етеміз деп өз басқыншылық пиғылдарын бүркемелей келді. Осылайша Ресей патшасы Қоқан және Хиуа хандықтарына қысым көрсетуге мүмкіндік алды. Орыс патшасының сыртқы саясатының маңызын арттыра түсті.
Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз.
Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді.
Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінен
Осы жылы генерал В.А.Перовскийдің құрметіне бекініс «Перовск порты» деп аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды.
1901-1906 жылдары қала үстімен Орынбор-Ташкент теміржолы жүргізілді, депо, осы бүгінгі вокзал үйі салынды.
Кеңес өкіметі 1917 жылы 30 қазанда Қазақстанда ең бірінші осы Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт атауы қайтарылды.
1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешітте Қазақ АССР Кеңестерінің 5-съезі ашылып, онда «Киргиз республикасын» «Қазақ республикасы» деп атауға қаулы қабылданды және Ақмешітке Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысымен Қызылорда атауы берілді. Бұл «қызыл өкіметтің ордасы» дегенді білдірмейді. «Қызыл» сөзін «Қорқыт ата кітабында», Шайбани хан сөздігінде, Хорезм дәуірі ескерткіштерінде «алтын» мағынасында қолданады. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген мақалды түркімендер «қызыл көрсе қызыр жолдан таяр» дейді. Сонда Алаш арыстарының астарлы ойында «Алтын орда» деген атау тұрғаны белгілі.
Осы жылдары А.Байтұрсынов, С.Сейфулин, Т.Жүргенов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, т.б. Алаш зиялылары Қызылордада жұмыс істеді.
Кейбір деректерде айтылып жүргендей, Қазақстанның алғашқы астанасы – Орынбор емес, Қызылорда. Себебі Орынборға астана мәртебесі берілмеген, ол әкімшілік орталық болды. Сөйтіп, өз тарихында Қызылорда 1818 жылы Ақмешіт, 1867 жылы Перовск, 1922 жылы қайтадан Ақмешіт, 1925 жылы Қызылорда болып бірнеше рет өзгерді.
1938 жылы Қызылорда облыс орталығына айналды. Сол жылдары қалада электр стансасы, диірмен, наубайханалар, балық, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды.
Соғыстан кейінгі жылдары аяқкиім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы, басқа да өндіріс орындары іске қосылды. Қалаға «Гагарин», «Титов» деп аталған шет аймақтар қосылды. Оқу орындары мен мәдениет ошақтары салынды. 1980-1990 жылдары қалада сәнді үйлер сап түзеді, биік, еңселі ғимараттар бой көтерді.
1996 жылы «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» құрылды. АЭА бағдарламасы қалаға инвестиция тарту жұмысын жандандырды, қала дами түсті.
Қызылорданың кеңейіп, сәнденген, сәулеленген, салтанатқа енген уақыты деп соңғы үш-төрт жылды белгілеу орынды.
Бүгінде туған қаламыз республикадағы ең әсем, абат шаһардың біріне айналып, күн сайын көріктеніп келеді.
Астана болған тарихи оқиғаға – 100 жыл
Биыл өңіріміз үшін мерейтойлар жылы болып отыр.
Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде.
«Той дегенде қу бас та домалайды» деп жай ғана той жасау мақсат емес. Бұл той өткеннен өнеге алуға, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа аманаттауға, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге бағытталып отыр.
Жоғарыда аталған мерейлі даталардың ұлт тарихында алар өзіндік орны мен маңызы зор.
Мемлекет басшысы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда мәртебелі жиынның 5-ші отырысын Сыр бойында, Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Мұны Ел Президентінің өңірімізде атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы деп түсінеміз.
Сыр өңіріндегі айтулы шаралар «Қызылорда үш дәуірдің астанасы» атты мыңжылдық асыл мұрамыз айтыспен басталды.
Сонымен бірге Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерекесі аясында республикалық кітап көрмесі, басқа да көптеген шаралар өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимаратының көк желегі қиылып, ел игілігіне берілді.
Сырдарияның сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров келді.
Күні кеше «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шараға Түркия, Тыва, Алтай, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз келді. «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты.
«Қорқыт баба мұраларының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілуі – жылдар бойы бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижелі жемісі.
Күллі түркі дүниесінің назарын өзіне аударған, кең даланы жырға бөлеп, нұрға толтырған бұл дәстүрлі өнер мерекесі – ұлттық рухымыздың, түркі жұртының мәңгілік мұрасы мен мәдени сабақтастығының жарқын көрінісі» деді фестиваль салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа шағын аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты.
Бұл – Сыр жұртшылығының бір жеңнен қол шығарған ынтымағы, басшылықтың табанды жұмысы және инвесторлармен бірлесе атқарған еңбектің жемісі.
Ауқымды жобалар алаңы
Бүгінде облысымыз бен Қызылорда қаласында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Мәдениет саласына қолдау әрдайым алдыңғы орында болды.
Көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» бой көтерді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – «Жыраулар үйі» ашылды. Қаланың қақ төрінен «Анаға тағзым» орталығы орын тепті.
«Білімді қолдау қоры» арқылы дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы 400 орындық мектеп-интернат ел игілігіне табысталды.
Облыстық бюджет есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. Академияда бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушы түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысады.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» есік ашты.
2023 жылдың қазан айында Ел Президентінің қолдауымен Қызылорда қаласында «Aksa Energy» түрік инвесторы қолға алған құны 215 млрд теңге, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Жаңа жылу-электр станциясы – Тәуелсіздік жылдарында елімізде инвестор қаржысына салынған ең ауқымды жоба.
2024 жылдың қараша айында толық автоматтандырылған ең озық технологиялармен жабдықталған өндіріс орны – «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауытының құрылысы басталып, өткен шілде айында ашылды.
Жалпы құны 5 млрд теңге болатын зауыттың іске қосылуы, өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына оң серпін беруде. Зауыт жылына 90 млн дана кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді.
Құны 5 млрд 600 млн теңге болатын нан-тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдер шығаратын «Қызылорда нан» зауыты іске қосылды.
Осы жылдың шілде айында «With You E&C Kyzylorda» ЖШС «Оңтүстік Корея технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату» зауытының құрылысын бастады.
Жол түзу болмаса, іс те түзелмейді. Адамның күретамыры секілді жол өмірдің күретамыры болып саналады. Онсыз тірлік ағзасына қан тарамайды.
2022-2025 жылдары Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 61 млрд 100 млн теңге қаралып, 270 көшеге жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс орталығының негізгі көшелері – әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, Шиелі ауданынан кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр магистралі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төртжолақты болып кеңейтілді. Бұл жұмыстар көшелердегі автокөлік ағымын азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жолдағы жайлы қозғалысына мүмкіндік береді. Сонымен бірге 4 млрд 700 млн теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржоласты автожол өткелінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде Қызылорда қаласында 2022-2024 жылдары 140 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Биыл қала тоғыз, он екі қабатты үйлермен толығып, қоныс тойын жасаған тұрғындар саны бірнеше есе артты.
2022-2024 жылдар аралығында сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғыртуға Қызылорда қаласында құны 6 млрд 324 млн теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде қызылордалықтардың арманына айналған бас шаһарды ыстық сумен қамтамасыз ету оң шешімін тапты.
Қаламыздағы 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілді.
Жалпы сөзімізді қорытындыласақ, Қызылорда өзінің астана болған тарих жадының 100 жылдығын атап өтуге аса үлкен өзгерістермен, мақтана айтатын, марқая көрсететін табыстарымен жетті. Біз бір мақалада оның бәрін атап шыға алмадық.
Айтпағымыз, Сыр Алаштың анасы болса, Қызылорда шын мәнінде Алаштың астанасына айналып келе жатыр.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ