Қызылорданың астана кезеңі туралы Президент архиві қорындағы материалдарды пайдаланып жазылған зерттеулерге сүйенсек, 1924 жылы 16 қарашада орталықты Орынбордан Ақмешітке көшіру іс-шараларын әзірлеу жөніндегі Киробком комиссиясының отырысы өтіп, оған Сұлтанбек Қожанов төрағалық еткен. Сол отырыста Ақмешіт қаласын зерттейтін комиссия құрылып, оның құрамына А.Кенжин төраға, М.Тынышпаев, С.Ақаев, тағы инженер мамандар кірді.
Дайындық жұмыстарының шығындары үшін комиссия төрағасына, яғни Кенжинге 200 000 рубль беріліп, 1925 жылдың 20 ақпанында Ақмешітке бару тапсырылды. Наурыздың 10-на қарай муниципалды және басқа үйлерді зерттеу нәтижелерін ұсынып, мемлекеттік мекемелер мен шаруашылық органдарына, қызметкерлердің пәтеріне, қонақүйлерге, моншаларға, клубтарға, театрларға, кинотеатрларға, қоймаларға және т.б. лайықты ғимараттар табуы керек болды. Сонымен қатар, қаланың санитарлық жағдайын, сумен жабдықталуын, қалай жылытылатынын, бөгеттерді және суару жүйелерін тексеруі керек еді. Қаланың болашақ өсу бағытын анықтау үшін маңындағы учаскелерді тауып, жоспарлап және бас жоспар жасау керек болды. 1920 жылғы санақ бойынша Ақмешіт 9993 адам тұратын шағын уездік орталық-тұғын. Халықтың басты кәсібі – сауда, қалада да, округте де зауыт-фабрика, су құбыры жоқ. Тұрғындар ұңғымаларды пайдаланады, электр қуаты вокзал маңында ғана, барлық телефон желісі 12 абоненттен тұрады. Қалада 15 төсектік бір аурухана, екі дәрігер және үш монша бар.
«Ол кездегі Ақмешіт – екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе, ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық түскен. Маркс пен Энгельс аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өзге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен». Бұл – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» үшінші кітабында жазылған Ақмешіттің астана болған кездегі көрінісі еді.
1925-1926 жылдардағы Қызылордаға жасалған шолуда бұрынғы Перовск уездік қаласы, революциялық кезеңде Ақмешіт, бұрынғы орталық тораптық сауда жолы бар, бір кездері Орта Азиядан тауар алдымен керуенмен, содан кейін Ташкент теміржолымен ағылғаны туралы жазылды.
Шолуда «1909 жылы Перовскідегі сауда саласы әлсіреп, содан кейін құлдырау басталды, артынша революция, азамат соғысы болды, мұның бәрі қала құрылысы мен абаттандыруды кейінге қалдырды. Құрылыстардың тозығы жетіп, отынға мұқтаждықтан, Богданов, Балтабаев бақтары, қалалық бақ, шіркеу жанындағы бақ кесілді.
1925 жылға қарай қалада 941 үй болды, оның 126-сы муниципалды үй. Кірпіш еденді, пеші жоқ көптеген қираған ғимарат болды. Ақмешітті Астанаға айналдыру шешімі қабылданған кезде 10 мың адам тұратын қаланың тозығы жеткен еді. Комиссияға 83 мемлекеттік мекемені және 1300 қызметкерді отбасымен шұғыл түрде орналастыру тапсырылған.
1925 жылы наурызда Ақмешітте төрт қаулы шықты: қала шегінде қоқыс төгуге тыйым салу және аулалар мен көшелерді тазалап, қаланы тиісті санитарлық жағдайға келтіру туралы, квартикомдар мен домкомдарға азаматтардың пәтерлері орналасқан кварталдардағы тұрғын үй алаңы туралы мәліметтер беру туралы, комхозға ескертпей және жоспарсыз жаңа ғимарат тұрғызуға тыйым салу туралы, жер өлшеушілер қалдырған геодезиялық белгілерге тиіспеу туралы.
Комиссия кеңесі 3-4 күн сайын кешкі сағат 8-9-ға дейін созылатын. Мемлекеттік мекемелердің қажеттіліктеріне арналған үй-жайлар ғана емес, құрылыс материалдары да жетіспейді. Совнаркомға қалаға шұғыл түрде ағаш, цемент, шыны, темір, шеге, пеш және есік, бояу және т.б. қажет екені жазылып, Кирторгқа осы құрылыс материалдарын сататын сауда нүктесін ашу тапсырылды. Комиссия несиені Сырдария жағалауын нығайтуға және арық қазуға жұмсау керек деп санайды. Кирнаркомземге бақ өсіру үшін шұғыл шаралар қабылдау ұсынылды. Жаңа астананың құрылысына 562 адам тартылды. 1925 жылы 10 наурызда қызметкерлер мен жұмысшыларды көшіру және орналастыру жоспары жасалды. Сол кездегі құжаттарда «тұрғын үй дағдарысы» деген тіркес жиі жазылған.
Комиссияның қаланы зерттеу нәтижелері туралы баяндамасында: «Екі апта ішінде 113 үй тексерілді, көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Жалпы 3870 80 шаршы метр тұрғын үй зерттелді. Жөндеуге 240 490 рубль керек. Бұдан басқа, 2202 бөлмелі және ауданы 7072 шаршы метр болатын 616 жеке үйдің есебі жүргізілді. Бір клуб пен кітапхана, үш монша бар, олар көшіп келуші тұрғындарға қызмет көрсетуге жетпейді. Комиссия жаңа моншалар салу үшін жер бөлді» деп жазылған.
Су құбырының сметасы жасалды, электр жарығы болмағандықтан тұрғындар керосин пайдаланады, электрлендіру үшін 150 000 рубль қажет. Ақмешіт-Мәскеу тікелей байланыс телеграф желісін орнату, радио, телефон желісін, көшелерге арық тарту керек. Арықтар бітелген, қаланың шеті қоқысқа толы. Канализация орнату үшін 440 мың рубльге жоба жасалды.
Комиссия қаланың бас жоспарына қатысты «қала болашақта солтүстік-шығыс бағытта өседі, қала ішінде де бос жер учаскелері бар. Жаңа ғимараттар салуға 2 340 000 рубль керек. Уақыт тығыз болғандықтан, болашақ қала жоспары егжей-тегжейлі жасалған жоқ» деді.
1925 жылдың 1 наурызында комиссия мәдени-ағартушылық мақсатқа бөлінген ақшаны жаңа ғимараттар салуға бағыттауды сұрайды. Сонымен қатар, Кенжин қызметкерлерді көкөніспен қамтамасыз ету үшін бақшалық жер бөлуді ұсынады. Орынбордан білікті жұмысшыларды, ағаш ұсталарын, суретшілерді, тас қалаушыларды және т.б. әкелудің құны мен шарттарын анықтауды сұрайды. 15 сәуірде қала атауы «Қызылорда» деп өзгертілгенмен құжаттарда, хат-хабарларда, директиваларда ескі аты жазыла берді.
1925 жылы 24 сәуірде Совнарком комиссиясы мекемелердің Орынбордан Қызылордаға көшуінің күнтізбелік жоспарын жасады. Үйлерді босату туралы хабарламаға қарамастан, тұрғындар оларды жөндеуге мүмкіндік бермей жатқаны құжаттарда айтылады. Мамыр айында Совнарком жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімнен бұрын, яғни 1 шілдеге дейін аяқтауды сұрайды және бұл үшін аймақтық қордан 50 мың рубль бөледі. Ақша астана құрылысына ғана емес, қызметкерлердің көшуіне де жұмсалды. Үкімет іссапарға жіберілгендерге жаңа жұмыс орнында алғашқы үш айда қос тарифтік мөлшерлеме төлеуге бұйрық берді.
Қызылордаға жол жүру құны бір адамға 15 рубль, сонымен қатар, жалақыға үстеме төленді. Бірақ бұл да қызметкерлерді көшуге ынталандырмады. Совнарком төрағасы Абылай Серғазиев мекемелерге бұрынғы жұмыс берушінің келісімінсіз қызметкерлерді жұмысқа қабылдамауды ұсынды.
Жаңа астананың көшелеріндегі көң, күл-қоқыс, үй жануарларының қалдықтарынан адам төзгісіз иіс шығатын. Комиссияның хабарлауынша, көшелер бір ай бойы тазартылды, қоқысты өртеуге тура келді. Су сорғысы шұғыл жөнделді, онсыз көше шаңын басу мүмкін емес еді. Сол жылы тамызда 22 көше фонарын және 400 шам сатып алу арқылы қаланың аз бөлігі жарықтандырылды. Керосин мен шам сатып алудың қиындықтары сол кездегі газеттерде де жазылған. Қала сумен қамтылмағандықтан, көшедегі арықтарды тұрғындар үнемі ластаумен болатын. Мал суарып, құрылысқа қажетті лай жатқызды. Көшелердегі тазалық жайы қаланың астана статусына сай келмейтін. Біртіндеп квартал старосталары сайланып, бұл мәселе де ретке келе бастады.
Маусымның 1-і күнгі кеңесте қаланың айналасына қорғаныс құрылыстары салынбағаны, көгалдандыру үшін егілген көшеттердің шықпай қалғаны, жағалауды нығайтуға берілген несиенің басқа мақсатқа жұмсалып кеткені айтылған. Мәскеу тікелей телеграф желісін бермеді, адамдарды көшіру қиын болғандықтан жөндеу жұмыстары алға баспай жатыр, құрылыс материалдары жетпейді. Дегенмен, Тынышпаев муниципалды үйлерді жөндеу жұмыстары 25 маусымға дейін аяқталады дейді.
Комиссияның қаржылық жағдайы да жетісіп тұрған жоқ, орталықтан қаржы түспейді. Жұмысшылар есеп айырысуды талап етіп жатыр. 232 үйді жөндеу керек, бірақ ақша, жұмысшы жоқ. Кенжин өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын жазған.
Аталған комиссия өз жұмысын 1925 жылы қарашада аяқтап, Қызылорда қаласын одан әрі қарай салу жөніндегі барлық міндеттерін НКВД жанындағы құрылыс-техникалық комитетке тапсырды. Соңында жаңа қаланың аумағын белгілеп, алдағы 40 жылға арналған жоспарын құрды. Құрылыс-техникалық комитет құрылып, партия мектебі, мектептер, ауруханалар және т.б. ғимараттардың құрылысын жобалады. Комиссия жұмысының нәтижелері туралы айтатын болсақ, «бірінші кезекте үй-жайды дайындаумен айналысты, 1081 қызметкері бар 83 мемлекеттік мекемені орналастыру қажет болды. Мекемелер мен қызметкерлерді отбасыларымен орналастыру үшін 10 288 шаршы метр үй керек еді. Комиссияның алдында тұрған басты мәселе – тұрғын үйлерді ұтымды бөлу. Жаңа құрылыс салынғанға дейін сарайлар, қоймалар, сауда орындарына тез арада орналастыруға мәжбүр болды» деген қорытынды шығарылады.
1925-1926 жылдары жайлы өмір іздеп елдің түкпір-түкпірінен ағылған адамдар жаңа астанаға келіп жатты, бірақ тіркеу жүргізілмеді. 1926 жылы мұнда 24 мың адам өмір сүрді. Құрылыс салынғанына қарамастан, тұрғын үй жетіспейді. Жеке құрылыс рұқсатсыз және бақылаусыз салынды, шамамен 150-ге жуық үй тұрғызылды. Заңмен рұқсат етілген құрылысқа бюрократия тұсау болып, баяу жүрді. 1925 жылмен салыстырғанда 1926 жылы құрылыс жүйелене бастады. Құрылысқа 1600 000 рубль бөлінеді деп күтілген еді. Бұл қаржыға үкімет ғимаратын салу, су құбырын жүргізу және электр станциясын кеңейту, өзен жағалауын нығайту көзделді. Бірақ 1 миллион рубль ғана бөлінді. Оған 25 тұрғын үй, аурухана, диспансер, кір жуатын орынды салып бітіру, электр станцияларын толық жабдықтау, Сырдария жағалауын бекіту туралы шешім қабылдады.
Мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған үйлердің типтері бекітілді. Климаттық жағдайға орай, бір жағынан жерасты суы жақын болғандықтан үйлерді бірқабатты етіп салу туралы ұйғарым жасалды. Бір жиналыста инженерлер «Шығыстық климат жағдайында бірқабатты үйлер ыңғайлы. Американдық миллиардерлер бос жер жоқ болғандықтан, аспанға қарай өрлеп бара жатыр, ал Қызылордада 50, 100 жылдан кейін де мұндай мәселе туындамайды» деген уәж айтыпты.
Жоспар бойынша қала ескі және жаңа бөлікке бөлінуі тиіс еді. Жаңа құрылыстар жүріп жатқан бөлікте санитарлық нормалар, қауіпсіздік ережелері ескерілді. Көшелердің ені кем дегенде 20 сажын, ал тұйықтар 18 сажын болып, екі бетіне тал егілуі, жолы трамвай, ат және моторлы көлік жүретіндей болу керек деген талаптар қойылды.
Көшелерге тас төселмегендіктен, қала шаңнан көз ашпайтын еді. Қайта-қайта су сеуіп тұру туралы шешім қабылданғанмен, ол да тапшы. Ақырында үй иелеріне іргелеріне, сауда палаткаларының иелеріне айналасына тас төсеуді міндеттеді.
Қаланың айналасындағы 8 кірпіш зауыты үздіксіз жұмыс істеді. Бірақ сырттан тасымалданатын ағаш, цемент, шыны жетіспейтін. Материалдар құрылыс басына түйемен жеткізілетін.
Сол 1925 жылдың соңына дейін жүрген құрылыс маусымындағы қиындықтар тұрғын үйлердің салу құнын арзандатуға мәжбүр етті. Үйлердің жанына салынатын сарай, құдық, басқа да қосымша құрылыстарды ортақ етіп, шаруашылыққа арналған құрылыстарды іргетассыз салу арқылы үнемдеу ұсынылды. Осылайша маусым айынан желтоқсанға дейін 29 ғимарат бой көтерді. Үш жылдың ішінде 20 млн сомға құрылыс жоспары жасалды.
Тұрғын үй ғана емес, мектеп пен аурухана да жетіспеді. Бір жыл ішінде оқушы саны 374 адамға көбейді. Мектептер 230 адамды қабылдай алмады. Қызылорда ауруханасында бір жыл ішінде төсек саны 15-тен 60-қа дейін өсті. 1925 жылы 656 адам ауруханаға жатқызылған. Бірінші орында туберкулез, содан кейін безгек, іш сүзегі, сүзек, скарлатина және тұмау тұрды. 45 төсектік аурухана, 6 кабинеті бар амбулатория ашылды. 1925 жылы қарашада туберкулез және венерологиялық диспансерлер ашылды. Қалада қылмыс деңгейі жоғары болды, 833 іс қозғалды, көп жағдайда бұзақылыққа қатысты. Абаттандыру баяу жүрді, жол, жарық, су проблемасы шешілмеді.
Совнаркомның 1926 жылғы баяндамасында «Атқарылған жұмыстарға қарасақ, бұл жерге әлі көп жыл мен қомақты қаражат қажет болады» деп жазылған. Жергілікті билік су жүйесін өз күшімен ретке келтіре алмайды, арық пен су желісін жөндеу үшін айтарлықтай қаражат қажет.
1926 жылы шілдеде қалалық электр станциясы іске қосылды. Күніне 500 басқа дейін мал соятын орын қайта салынды. Қалалық саябақта жазғы кино ашылды. Екі көлік пен 18 адамнан тұратын өрт сөндіру бригадасы құрылды. Сауда айналымы 9 есе өсті. Бірақ әлі де галантерея тауарлары қат, «дайын көйлектер мүлдем әкелінбейді» делінген бір есепте.
Жаңа астанадағы ең маңызды мәселе азық-түлікке байланысты болды. Мұнда ұн мен ет жеткілікті мөлшерде әкелінді, көкөністер тасымалданбады. «Жергілікті өнім жеткіліксіз, сондықтан бағасы қымбат, картоптың бір пұты 5 рубль. Жергілікті кооперацияның әлсіздігінен көкөністерді басқа аймақтардан әкелу әлі де жолға қойылған жоқ. Сүт өнімдерін – сүт, май, ірімшік, жұмыртқа жеткізу мәселесі өткір» деп жазылды 1926 жылғы есепте. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін қыста қала маңындағы диқандар 200 шаруашылықтан тұратын артельге бірігіп, Ауыл шаруашылығы банкінен тұқым, машина және малға 8000 рубль несие алды. Кооперативтің сүт фермасы құрылды.
1928 жылы Қызылорданың құрылысын тексеру туралы құрылған комиссия 7 миллион рубльге жуық қаржы жұмсалған жұмыстардың нәтижесін төмен бағалаған. «Үйлерді дайындау мен жөндеуді басқарған жолдас Кенжиннің комиссиясы бірқатар заңсыз әрекеттерге жол берді: жұмысшыларға тиесілі үйлерді басып алды, иелерінің келісімінсіз өз қалауы бойынша жөндеді. Жұмыс жоспарсыз және сметасыз жүргізілді, сапасы өте төмен, пештер қызбады, едендер жарылды және т.б. кейбір үйлердегі жұмыс құны өте жоғары, кейде үйдің өзіндік құнына жетеді, кейде нақты шығындардан 5 есе асып түседі. Электр станциясын салу үшін қаланың шетінен орын таңдалғаны электр энергиясының құнын қымбаттатты. Құрылыс бюросының аппаратын ұстауға жұмсалған шығын құрылысқа жұмсалған соманың 26% -на дейін жетті» делінген комиссия есебінде.
Қазақ Орталық Атқару комитеті төралқасы отырысының 1927 жылғы 3 наурыздағы хаттамасының үзіндісіне қарағанда, Қазақстан орталығын Қызылорда қаласына орнықтырудың экономикалық және табиғи қиындықтарға тап болғанын, Фрунзе-Семей теміржолы жүргізілуімен Алматы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын ірі экономикалық пункт болатынын ескере отырып, ҚазЦИК Президиумы мен Совнарком орталықты Қызылорда қаласынан Алматы қаласына көшіруге, қаулыны алдағы бүкілқазақстандық съезде бекітуге енгізуге, орталықты Қызылорда қаласынан Алматы қаласына көшіру туралы практикалық іс-шараларды пысықтау үшін Құлымбетовтің төрағалығымен құрамында Жолобов, Мусин, Тәтімов және Носов бар комиссия құруға қаулы еткен. Нәтижесінде 1928 жылдың күзінде астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА