Батыс Қазақстан облысы «Атамекен» өнер орталығында С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының «Сырдың сырлы әлемі» атты жылжымалы көрмесі ашылды.
Аталған көрмені Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев ашып, Сыр елінен рухани-мәдени байланысты ту етіп келген қонақтарға Ақжайық жұртшылығы атынан алғыс білдірді.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев өз сөзінде екі өңір арасындағы мәдени ынтымақтастық пен байланыс ретіндегі аталмыш көрме оралдықтар мен сыр жұртшылығы үшін тың серпіліс, рухани нәр, тарихи байланыс болып қалыптасатындығын жеткізіп, естелік сый тарту етті.
Көрмеде С. Айтбаев атындағы галерея қорынан еліміздің танымал қылқалам шеберлері мен облыс суретшілерінің 73 шығармасы көрермен назарына ұсынылды.
Аталған көрме 10-23 қараша аралығында жұмыс істейді.