Топырағына өлең мен өнер қатар түнеген қасиетті Сыр елінде, оның ішінде Арал топырағында Әбеңдей перзенттің дүниеге келуі бір мақтаныш болса, оның 100 жылдық мерейтойы күллі қазақтың қуанышы.
Бүгін өтіп жатқан сол торқалы той аудандық мәдениет үйінде «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты.
Келелі басқосуға келген қонақтар ең алдымен «Әбдіжәміл – феномен» атты жазушының шығармашылығы мен өмір жолына арналған көрмемен және суретшілер симпозиумының туындыларымен танысты. Теңізбен тел өскен тұлғаның адамгершілік болмысы мен ақиқатқа бастаған алдаспан қылыштай туындылары бұл көрменің басты ерекшелігі. Қиялға қанат бітіретін суреттер шоғыры да соны меңзейді. Ауданда өткен тұңғыш симпозиумның отты есетеліктері енді аңыз тұлғаның өмірі мен өскен өңірі жайында сыр шертеді.
Конференцияға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, қасиетті Арал топырағына табан тіреген қонақтарды таныстырып өтті. Жазушының өмірі мен шығармашылығы жайында сөз сабақтап, қаламгер тарапына айтылған ұлы тұлғалардың түрлі пікірлері мен пайымды ойларын ортаға салды.
Конференцияда ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, Әбе болмысын аша түсудегі конференцияның маңыздылығына тоқталып, торқалы тойдың түрлі деңгейдегі іс-шаралармен толығып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау лебізін жеткізді.
Мұнан соң ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мыңжылдықтарға мұра қалдырған Әбе әлемінің әдемілігін айтып,рухани болмысын аша түсті. Өлең жазбаса да ойлы шығармалары арқылы әлем оқырмандары алдында қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатқан аңыз тұлға жайында айтылар ой мұнымен шектелмеді.
Әбе 1993 жылдан бері Қазақстан жазушылары ПЕН-клубының президенті қызметін атқарып, талай тағылымды істердің бастамашысы болды. Қаламгерлерге құрмет пен қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Руханиятқа сүбелі қызмет істеді. Осы бір ұлы көштің тізгінін ұстаған, жазушы-журналист, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бигелді Ғабдуллин келесі сөз кезегін алып, тұлға болмысын аша түсетін кесек ойларын ортаға салып, әдебиет алыбының аңызға бергісіз қырлары жайында сөз сабақтады.
Биыл тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап, ел шежіресін қағазға хаттаған қастерлі шаңырақ «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл. Сол киелі орданың тізгінін ұстаған бас редактор, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі Бауыржан Жақып шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға жайында түйінді ойдың тінін тарқатты. Аталы сөздің құнын пайым парқына салып, жігін жазушылықпен ұштастырған ұлы тұлға жайындағы ой мұнда жиналған көпшіліктің көңіл сарайына сәуле түсіргендей.
Қаламгердің бірегей болмысына терең бойлап, жан дүниесіне үңіле білгендердің қатарында жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Әбенің інісі Қуаныш Жиенбай да бар. Мінбеге көтерілген жазушы қаламгердің болмысы мен мінезі де теңізге тартқан деген пікірде. Өйткені ол да қауырсын қаламның құдіретін ақ парақ арқылы айшықтай түскен алыптар қатарында. Шекара таңдамайтын бекзат өнердің буына балқып, қазанында қайнаған қаламгер туысы жайында төгіле сөйлеп, естеліктер есігін есті жұртқа айқара ашты.
Эколог-жазушы, «Парасат» ордені мен «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері С.Жұбатырұлы, қоғам қайраткері Н.Мұсабаевтар сөз сөйлеп, Әбенің өмірі, еңбегі, қасиеттері жайлы естеліктерін айтты.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тағылымды ой, салмақты сөз айтылған конференцияның тоқтамы бұқаралық ақпарат беттерінде жарияланатынын айтып, қатысқан ардақты ақсақалдарға, құрметті қонақтарға, абыз Әбе жайлы пікір білдірген баяндамашыларға шынайы алғысын жеткізді.
Тағылымға толы мазмұнды шара түйінделген соң Арал топырағына табан тіреген қабырғалы қаламгерлер естелік дүниелерге қолтаңба қалдырып, жазушының туған жеріндегі барлық бастамаларға тілектестік білдірді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі