Сәрсенбі, 18 маусым, 01:05

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

«Baybol»: Сағатына 160-200 келі

17.06.2025

16

0

rozhki
Фото: Автордан

Жаңақорған – кәсіпкерлікті жолға қойған ауданның бірі. Халқы еңбеккеш, мұнда қашан да қызу тіршілік бар. Ұсақ кәсіптен бастап ірі өндірісі қаншама?! Ауданда қазір 6,5 мың кәсіпкер бар. Іс бастағандардың 96%-ы тұрақты жұмыс істейді. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевтың мәліметінше, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 165 млн теңгеге 29 жоба басталған. Одан бөлек, темір-бетон, асфальт өндірісі секілді ірі жобалар биыл іске қосылады. Алдағы 2-3 жылда 10 жоба іске аспақ.

– Бұрын кәсіпкерлікте қызмет көрсетумен айналысатындар көп болатын. Қазіргі жобалар арасында өндірістік бағыт басым. Іспен айналысам дегендер арасында жастар көп, – дейді бөлім басшысы.

Жергілікті кәсіпкер Еркінбай Шідербаев макарон өнімін шығарады. Цех жыл басында іске қосылып, бүгінде сауда сөрелерінен табылуда. Өнім атауы – «Baybol».

2000 жылдары ісін наубайхана ашудан бастаған Еркінбай азық-түлік дүкенін қатар алып жүрді. Жаңа іс бастау үшін жоба құрып, жос­парын жетілдірген соң былтыр мемлекеттік бағ­дарламаға қа­тысып, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы ар­қылы 19,5 млн теңгені 4%-бен алды. Несиеге қажетті құрал-жабдығын түгендеді. Істі бастамас бұрын Алматы қаласынан арнайы технолог маман шақыртып, өнім құрамын, жасалу жолын үйреніп, тәжірибе жинақтады.

– Италиялық автомат­тандырылған технология арқылы жыл басынан бері 5 тоннадан астам өнім шығарыппыз. Соның бәрі осы ауданға сатылды. Сырттан келетін тауарлардан ерек­шелігіміз – ешқандай бояу қоспаймыз. Сапасына кепілдік береміз. Ел сауда сөресінен алдымен біздің өнімді іздейді, – дейді ол.

Макаронның төрт түрі шы­ғарылады. Келісі 300 теңгеден саудаланған өнімге күн өткен сайын сұраныс артуда, 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қазір цехта сағатына 160-200 келі макарон өндіріледі.

Өзге де өңірлерге шығару ойда бар. Ол кезде жұмыс күші­нің де артатыны сөзсіз.

– Өнімді мол шығаруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта кеспе, жайма түрін қоссам деймін. Кәсіптің бұл түрінің қыр-сырын меңгеру үшін түрлі курстардан өтіп, оқып, үйреніп жүрмін. Арнайы Семейге, Алматыға барып оқып келдім. Алғашында шағын аппаратпен бастадым, сондықтан кішкентай жерден аштым, енді цехты үлкейту үшін кең жерге көшіп жатырмын. Қазір мендегі мәселе – сыртқы орамы болып тұр. Арнайы қалташаларға салып, сыртқы орамын дұрыстасам, облыс орталығына да, өзге өңірлерге де өнімдерімізді шығаруға болады, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіп бастаймын дегенге жеңілдік те, қолдау да бар. Қай­тарым­сыз грант та қарастырылған. Дамыту үшін жеңілдетілген несиеге де үміт артуға болатынын біздің бүгінгі кейіпкеріміз Еркінбай Шідербаев көрсетіп отыр.

Айнұр БАТТАЛОВА

syrboyi.kz

Тағы да оқыңыз:

Яндекс.Метрика